Сіздерді Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймыз!
Осы бір тамаша мерекенің ең нәзік гүлдер қауыз жарып, дала жаңаша құлпырып, әсерлі күйге енетін көктеммен бірге келуінің ерекше мәні бар. Барша табиғатқа жан бітетін бұл сәтте сіздердің жан жылуларыңыздан, шат күлкілеріңізден, нәзік сезімдеріңізден төгілген нұр адамдарға жасампаз күш сыйлап, жаңа істерге бастайды.
Халықаралық әйелдер күні – шуақты көктемнің, нәзік махаббаттың және ырыс пен ынтымақтың мерекесі! Себебі, әрбір әйел-ана гүлдей жайнап, адам өмірін сән-салтанатқа толтырады, әлемге жылылық, мейірім, татулық нұрын шашады. Себебі, әйел-ана отбасының ұйытқысы, дәстүрдің сақтаушысы, ұрпақ тәрбиесінің, адамгершіліктің қайнар көзі. Ел келешегінің рухани сақшысы.
Ананың сүтімен, ыстық алақанымен бойға даритын адами қасиеттер, Отанға деген сүйіспеншілік – елдің кемел келешегінің, мызғымас бірлігінің, берекелі тірлігінің өзегі.
Сіздерге ақ жүректеріңіз бен ізгі махаббаттарыңыз үшін, еліміздің бірлігі мен ынтымағын нығайту жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шексіз алғысымызды білдіреміз.
Бүгінгі мерекенің қарсаңында барлық ізгі лебіздер мен ыстық ықыластар, алғыс сөздер сіздерге арналады.
Сіздердің жүректеріңіз жылылық пен мейірімге, өмірлеріңіз шаттыққа, құшақтарыңыз гүлге толсын!
Сіздерге зор денсаулық, бақыт, отбасыларыңызға амандық тілейміз!
Қазақстан халқы Ассамблеясы