• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Желтоқсан, 2021

James Webb телескобы ғарышқа сапар шекті

4264 рет
көрсетілді

NASA әлемдегі ең қымбат ғарыштық телескоп – James Webb-ті жеті қат көкке ұшырды. Алып аппарат елорда уақыты бо­йынша кешкі 18:20-да Француз Гвианасындағы Еуропа ғарыш айлағынан көкке самғады.

James Webb-ті Еуропалық ғарыш агенттігі (ESA) жасақтаған Ariane 5 зымыраны ғарышқа алып кетті. Жобаны NASA, ESA және Канада ғарыш агенттігі бірлесіп, халықаралық серіктестік аясында жүзеге асырды.

Оқиғаға қатысты пікір білдір­ген Еуропалық ғарыш агент­тігінің бас директоры Йозеф Ашбахер мұны адамзатқа жасалған сыйға балады. «Осы телескоп арқылы біз жаңа ғылымға мүмкіндік бе­ре­міз. Бұл ерекше сәт болды. Жүй­ке­мізді жұқартты, бірақ бәрі сәтті өтті», деді ол.

NASA басшысы Билл Нельсон де ақжолтай хабарды сүйіншілей жет­кізіп, телескоптың «уақыт ма­шинасы» ретінде қызмет ете­ті­нін мәлімдеді. «Аппарат бізге ғаламды және ондағы орнымызды жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді. Біз кімбіз? Қандаймыз? Мәңгілік іздеуге жол ашады. Алдағы уақытта ойымызға кіріп-шықпаған таңғажайыптар туралы білеміз», деді Б.Нельсон.

Қуатты ракетаның көмегімен 27 минут көкке самғаған зымы­ран­ның бірінші сатысы бөлінді. Содан кейін ол жоспарланған траекторияға бағыт алды. Егер бәрі ойдағыдай болса, күннен қорғайтын бөлігі үш күннен кейін ашылады. Оның ашылып, орнына бекітілуіне кемінде бес күн қажет. Содан кейін 12 күн ішінде телескоптың айналары бүршік жарған жапырақ секілді бірінен кейін бірі ашылады.

Жоспар бойынша заманауи телескоп шамамен 374 мың километрге дейін баруы тиіс. Яғни бұл айға дейінгі қашықтыққа тең. Кейіннен 1,5 миллион километрге шейін жетіп, Жер орбитасының сыртына шығады. Яғни оған Күннің де, Жердің де гравитациялық күші әсер ет­пей­ді. Ғылым тілінде бұл жерді «Лагранж нүктесі» деп атайды. Осы нүктеде James Webb Жерді де айналмайды, Күнге қарай да бағыт алмайды. Бұл телескопты тәулік бойы қолдануға мүмкіндік береді. Сондай-ақ аппарат орнынан айнып кетпей, бағытын дұрыстап тұру үшін газбен жұмыс істейтін қозғалтқыш орнатылған.

«Лагранж нүктесінің» артық­шы­лығы мұнымен бітпек емес. Мұнда James Webb-ті салқын күйде ұстауға мүмкіндік бар. Ғаламның екінші шетінен келген инфрақызыл сәулелерді үздіксіз қабылдау телескопты қыздырып жіберуі ықтимал. Сондықтан оны әрдайым салқындатып отыру қажет. Соған байланысты аппарат абсолютті төмен температурадан 40 градусқа жылы температурада жұмыс істеуге бейімделіп жа­сал­ған.

Рас, қазіргі таңда жерде инфра­қызыл сәулені жинақтай алатын обсерваториялар жетерлік. Бірақ жердің жылы, ылғалды атмосферасы ғарыштан келетін инфрақызыл сәулелерді бөгейді. Сондықтан сапалы зерттеу жасау үшін ауа қабатынан жоғары шығу қажет.

Жоспар бойынша James Webb ғаламды мейлінше жақсырақ түсінуге, галактикалар мен «қара құрдымдардың» анық суретін түсіруге, жұлдыздардың қалай пайда болып, қалай өлетінін білуге мүмкіндік береді. Өкінішке қарай, телескоп өте құнды мәлі­меттер алуға мүмкіндік бергені­мен, оның ғұмыры қысқа. Ға­лым­дар­дың есептеуінше, аппараттың жанармайы небәрі 10 жылға ғана жетеді. Содан кейін оны «Лаг­ранж нүктесінде» ұстап тұру мүм­кін болмайды. Сөйтіп, құны 10 миллиард долларлық телескоп ғарыштағы көптеген қоқыстың біріне айналады.

James Webb телескобының ұшырылуы ғарышты зерттеу сала­сына тың серпін әкелмек. Оның үстіне, ғалымдар аппарат триллиондаған километр қа­шық­та тұрған галактикалар мен жұлд­ыздарды зерттеуге мүм­кін­дік беретінін айтып отыр. Қыс­қа­сы, телескоп аспан әлемі туралы түсінігімізге революция жасауы мүмкін.

Құрылғының тағы бір ерек­ше­лігі – оның құнында. Бүгінге дейін James Webb-ті құрастыруға 10 миллиард доллардан астам қаражат кеткен. Бұл аз десеңіз, оны жасауға NASA ғалымдары 30 жылын сарп етті. Бірнеше рет АҚШ Конгресі қаржы бөлуді тоқтататын айтып, жобаны жүзеге асыруға қауіп төндірген еді. Дегенмен талай уақыт саяси орта мен ғалымдардың пікір­та­ла­сы­на айналған бастама ақыры іске асырылды.