• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Желтоқсан, 2021

Өжет бала өрттен құтқарып қалды

905 рет
көрсетілді

Желтоқсанның 25-і күні сағат 11.36-да «101» қызметіне Қостанайдың шетіндегі саябақта орналасқан тұрғын үйлердің бірі өртеніп жатқаны туралы суыт хабар түседі. Құтқарушылар жасағы оқиға орнына жеткенде үйдің шатыры да қып-қызыл жалынға оранған еді.

Өрт шыққан сәтте үлкен­дер өз шаруаларымен қалаға кеткен еді. Үйде қалған 4 ба­лаға ес бола­тын ересегінің өзі сегіз жас­тағы бала. Лап еткен қызыл жа­лын­нан қорыққан балақай­лар сырт­қа жүгіріп шығудың орнына бірін-бірі құшақтап үр­пиісіп бір бұ­рышқа тығылып қалған. Сырт­тан көмек келмегенде мұның соңы не боларын ойлаудың өзі қорқынышты.

Абырой болғанда үйдің қабыр­ғаларынан шығып жатқан қою түтінді сол маңайда ойнап жүрген №22 мектептің бесінші сынып оқу­­шысы Олег Пирог байқап қал­ған. Олег бұл үйде кішкентай ба­ла­лары бар отбасы тұратынын бұрыннан білетін еді.

– Мен күнде өзіміз сырға­нап жүрген қар үйіндісіне шығып ша­тырдың жанып жатқанын көрдім. Қоршаудың тесігінен аулаға ендім. Осы сәтте үйдің ішінде қалған терезе әйне­гін тақылдатып ұра бас­тады. Күртемді шешіп, қардың үстіне тастадым. Есік арқылы кіру мүмкін емес, лапылдап жанып жатыр. Одан кейін терезені итеріп ашып, ішке кірдім де, балаларды бір-бірлеп сыртқа шығара бастадым. Сәбилердің біреуі жалаңбұт екен, оған шалбарын тауып бердім. Төртін­ші баланы сыртқа шығарып жатқанымда бір ер адам келіп кө­мектесті. Ол сәтте қорқыныш деген нәрсе ойыма да кірмеп­ті, бар ойым балаларды сыртқа шығару болды, – деді бала батыр.

Жанып жатқан үйдің тү­бінде жартылай қарға батқан газ баллондары тұр еді. Олег әлгі бейтаныс ер адаммен бірге бұларды да қауіпсіз жерге апарып қояды. Артынша пе­ріште қағып ажал аранынан аман қалған төрт баланың ата-анасы мен өрт сөндірушілер де жетеді.

Құтқару қызметі өртті жарты са­ғатқа жетпей сөндірді. Үй ішінде қалған балалардың денсаулығына ешқандай зақым келген жоқ.

 

Қостанай облысы