• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Желтоқсан, 2021

Бар жақсылық – балаларға

655 рет
көрсетілді

Атырауда мектепке дейінгі тәрбие, білім мен спортты дамытуға септігі тиетін жаңа нысандар пайдалануға берілді. Соның бірі – Атырау қаласының іргесіндегі Ракуша елді мекенінде ашылған жаңа балабақша. Жаңа балабақша 280 балаға есептелген. Оның құрылысы «Теңізшевройл» ЖШС-ның «Игілік» бағдарламасымен салынған.

– Қазір Атырау қаласында 96 бала­бақша жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 46 мемлекеттік балабақшада 12 030 бала тәрбиеленеді. Сондай-ақ 50 жекеменшік балабақшаға 4 455 бала барып жүр. Осындай 34 балабақшаға мемлекеттік тапсырыс беріледі. Енді, міне, мектепке дейінгі тәлім-тәрбие беретін тағы бір балабақша іске қосыл­ды. Бұл – осы ауылда тұратын отбасылар үшін үлкен қуаныш, – дейді Аты­рау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев.

Жаңа нысанның құрылысына демеу­шілік көрсеткен компанияның үкі­метпен және жұртшылықпен бай­ланыс бөлімінің бас менеджері Рза­бек Артығалиевтің мәліметінше, ба­ла­бақ­шаның жалпы ауданы 2 785 шаршы метрді құрайды. Балабақша аумағында 14 топтық, денешынықтыру және жол қозғалысы ережелерін зерттеу­ге арналған алаң жабдықталған. Ғи­маратта гимнастикаға, музыка саба­ғына, дене тәрбиесіне арналған залдар, сондай-ақ әмбебап үйірме бөлмесі бар.

– Біздің компания білім берудің сапасы мен қолжетімділігін дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Сол себептен, әр бала мен жасөспірімнің жеке қабілетін жетілдіру үшін бе­йін­ді дағдыларға оқыту, кәсіптік бағ­дарлау жобаларына ұдайы қолдау көр­сетіп келеді. Мәселен, биыл көру қабілетінен айырылған және нашар көретін балаларға Брайль қарпін қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде бірегей тренажердің көмегімен үйретуге кө­мектесетін Sezual жобасына қолдау білдірді. Тағы бір мысал – академик Қабдолов қорына көрсетілген қол­дау. Бұл қор Қазақстанның барлық айма­ғында әлеуметтік желілердің көме­гімен қазақ тілін үйренушілерді ынталандырып отыр, – дейді Р.Артығалиев.

Атырау қаласының «Береке» ша­ғын ауданында жаңа мектептің бой көтергені тұрғындарды қуанышқа кенелтті. Мектептің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің пікірінше, тәуел­сіздік жылдарында білім беру саласына айрықша көңіл бөлініпті. Жыл сайын білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жа­ңартылып келеді.

– Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылда облыста 95 мектеп пен 7 тех­ни­калық-кәсіптік білім беретін оқу орны­ның ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Енді алдағы жылы 8 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы іс-шаралар жалғасын табады. Өйткені біздің басты мақсатымыз – жас буынның алаңсыз, сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасау, – дейді М.Досмұхамбетов.

«Береке» – соңғы жылдары бой көтерген жаңа шағын аудан. Мұн­да бірнеше көпқабатты үй салынып, тұрғындар саны артты. Бірақ ша­ғын ауданда осы кезге дейін білім ошағы болған жоқ. Сол себептен, ша­ғын аудан­да тұратын отбасылардың 824 ба­ласы қаладағы басқа мектеп­терде білім алып келген. Енді жа­ңа­­дан ашылған 1 200 орындық мек­теп заманауи құрал-жабдықтармен қамтыл­ған. Мектепте 360 орындық мә­жіліс залы, асхана, жазғы спорт алаңы бар. Ал спорт залы бокс, үстел теннисі, баскетбол, волейбол, кіші аяқдоп түрлеріне негізделіп салынған. Бұған қоса мектепте арнайы қауіпсіздік үшін бейнебақылау бөлмесі қарастырылған.

Исатай ауданында Жанбай деген ауыл бар. Каспий теңізінің жағалауына таяу орын тепкен ауылдың тұрғыны көп. Соған сай бой түзеп келе жатқан балалар саны аз емес. Ауылдың әлеу­меттік мәселелері біртіндеп шеші­мін тауып отыр.

Жақында осы ауылда «Жалынды Құрылыс» ЖШС спорт кешенінің құ­рылысын аяқтады. Екі қабатты спорт кешені қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда бір мезгілде 300-ге жуық жасөспірім бокс, волейбол, баскетбол, каратэ, таэк­вандо, қазақ күресі секілді спорт түр­лерімен шұғылдана алады. Сондай-ақ ойлау қабілетін жетілдіретін тоғыз­құ­малақ ойыны үшін де жағдай жасалған.

– Елімізді әлемге танытып жүрген чемпиондарымыз алыстағы елді мекендерден көптеп шығып жатыр. Бола­шақта Жанбай ауылынан да Азия, әлем, Олимпиада чемпиондары шығады деген сенімдеміз. Осы орайда енді ауыл бала­ларының спорттың бірнеше түрімен алаңсыз шұғылдануына толық мүмкіндік бар. Ауыл спортын дамыту үшін осындай қолдау шаралары жалғаса береді, – дейді облыс әкімінің орынбасары Нариман Таушов.

 

Атырау облысы