Елордадағы «Астана Опера» театрында КСРО мен Қазақстанның халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, атақты опера әншісі Ермек Серкебаевтың туғанына 95 жыл толуына орай тамаша гала-опера кеші өтіп, онда өнері аңызға айналған тұлғаның өзі шырқаған туындыларымен бірге ұлттық және әлемдік опералардан ариялар, романстар мен аспаптық шығармалар орындалды.
Кезінде маэстроның есімі елімізге ғана емес, шет мемлекеттерге де танымал болып, оны тыңдаушылары ғажайып дауысы үшін «Баритондар королі» (Д.Гнатюк) деп атады. Тіпті, әйгілі әнші Мүсілім Магомаев оны «Кеңес Одағындағы үздік Фигаро» деп қадір тұтты, себебі осы партиямен Ермек ағамыз сол кездегі одақтас республикаларда ғана емес, Еуропа елдерінде өнер көрсетіп, дүйім жұртты тәнті етті.
Ол П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесі мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тәмамдаған соң, Мәскеудегі Үлкен театрға қызметке шақыру алғанына қарамастан, туған елінде қалып, ұлттық ән өнерінің дамуына қомақты үлес қосты. Опералық, камералық және эстрадалық бай репертуарымен көптеген елге гастрольдік сапармен барып, қазақ өнерінің абыройын асқақтатты. Сондай-ақ ұлттық киномыздың алтын қорына енген «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» көркем фильмдерінде есте қаларлық рөлдерді ойнап, өнегелі ізін қалдырды.
Ғажайып кеш Ермек Серкебаев туралы бейнефильммен басталып, талантты дирижер Абзал Мұхитдиннің жетекшілігімен «Астана Опера» симфониялық оркестрі А.Серкебаевтың «Томирис» операсынан «Қасқыр» күйін тарту етсе, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев, Жанат Шыбықбаев, Медет Чотабаев, Азамат Жылтыркөзов, Мейір Байнеш, Жұпар Ғабдуллина, Бибігүл Жанұзақ, Маргарита Дворецкая және Татьяна Вицинская, Евгений Чайников, Расул Жармағамбетов, Шыңғыс Расылхан, Рамзат Балакишиев, Саян Исин, Гүлдана Алдадосова секілді белгілі солистер өз өнерлерімен жұртшылықтың ықыласына бөленді. Сонымен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің жетекшілігімен «Астана Опера» хорының орындауында үздік опералық және аспаптық шығармалар ұсынылды.
Кеш соңында «Астана Операның» барлық солистері, хоры және симфониялық оркестрінің қатысуымен «Біздің сүйікті дәрігер» кинофильмінде Ермек Серкебаев ағамыз шырқаған композитор Александр Зацепиннің «Надо мной небо синее...» атты тамаша туындысы орындалды.