• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 27 Желтоқсан, 2021

«Елорда – тәуелсіздік символы» атты ғылыми жинақ жарық көрді

803 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архиві «Елорда – тәуелсіздік символы» атты ғылыми басылым шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ғылыми-көпшілік басылымда архив құжаттары мен материалдарының репрезентативті негізінде Қазақстанның қазіргі астанасының тарихы жүйелі түрде жазылған. Елорданың қалыптасу тарихының бастау-бұлақтары мен маңызды кезеңдері, жоғарғы және орталық мекемелерді көшіру бойынша мемлекеттік комиссияның жұмысы, астананы көшірудің стратегиялық бағыттары, Тұңғыш Президентіміздің рөлі, астаналық қаланың даму концепциясы мен күнделікті тарихы, «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы және соның аясында қызмет еткен алғашқы қалабасыларының жұмыстары көрсетіледі.

Кітап «Тәуелсіздік», «Елбасы», «Елорда» және «Архив құжаттарындағы Астана» деп аталатын төрт бөлімнен тұрады, соңғы жағында түсініктемелер, биографиялық анықтамалар, қосымшалар және құжаттар мен материалдардың тізімі берілген.    

Қазіргі Қазақстан тарихындағы төртінші астанамыз саналатын қаланың атауы, бүгінге дейін үш рет өзгергені, белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ астананы көшіру идеясы пайда болған. Бұл 1992 жыл. Осы жылы қалаға Ақмола атауы қайтарылады. Астананы көшіру процесі бас-аяғы үш-төрт жылға созылды. Көп кешікпей, ұлттық экономикамыз тұрақтанған 1998 жылы  Ақмола қаласы Астана атауын алады. Араға біраз жылдар салып, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың құрметіне  қала атауы «Нұр-Сұлтан» аталды. Осы ретте айта кетерлігі, авторлар 90-жылдардың аяғына қарай, астананың тұсаукесері қарсаңында Ақмола өңірінен шыққан бір топ зиялы қауым өкілдерінің Үкімет, Сенат пен Мәжілістің атына Қазақстан астанасын «Нұр-Сұлтан» деп атау туралы мәлімдеме жасағанын және оның араған жиырма жылдай уақыт салып іске асырылғанын жазылған.

Кітаптың соңғы тарауында еліміздің астанасы туралы «Қалалық әкімшілік құжаттары», «Астананы көшіру туралы материалдар», «Арнайы экономикалық аймақтар және қаланың  даму жоспары», «Астана-Нұр-Сұлтан» деп аталатын тараулар бойынша бұрын-соңды айналымға ене қоймаған тың архив құжаттары берілген.

Сонымен қатар қосымшалар арқылы «Астананың құрметті азаматтары» мен 1990 жылдан 2021 жылға дейінгі Нұр-Сұлтан қаласында орнатылған ескерткіштер тізімі және Нұр-Сұлтан қаласының бауырлас-қалалар мен серіктестері туралы қызықты мәліметтер көрсетілген.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында шыққан басылымның мақсаты да қазіргі жастардың тарихи санасын жетілдіруге бағытталған.