Табиғаттың жерүсті және жерасты байлығын тиімді пайдалану бүгінде өзекті болып отыр. Оның ішінде су мәселесі тіршілік көзі, ауыл шаруашылығы саласын алға бастырушы негізгі тетік болғандықтан, маңызы артып тұр. Әсіресе соңғы жылдары елімізбен қатар, су тапшылығы анық байқалатын Жамбыл облысында да бұл өзекті. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев суды тиімді пайдалануға байланысты тапсырма берген болатын.
Президент тапсырмасына сәйкес қазіргі кезде Жамбыл облысында су балансы жасалып, «Жол картасы» әзірленген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 2020-2021 жылдары өңірдегі коммуналдық меншіктегі 81 су шаруашылығы нысанын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Аталған нысандардың ұзындығы 374,8 шақырымды құрайды. Нәтижесінде, 22,9 мың гектар суармалы алқап қайта айналымға қосылып отыр.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысындағы бірқатар су қоймаларының құрылысы Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы жүргізілуде. Сонымен қатар «Тасөткел» су қоймасының қазіргі жағдайы мен ұңғымаларды қалпына келтіру мәселесі де өзекті. Бұл ретте өңірдегі жерүсті және жерасты су қорларын зерделеу маңызды болып тұр. Дегенмен аймақта су мәселесіне қатысты жұмыстардың қарқыны төмен.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл саладағы сылбыр жұмыстарды сынға алған болатын. Мәселен, үш ай бұрын тиісті басшыларға берілген тапсырмалар әлі күнге орындалмаған. Тіпті «Жол картасы» бойынша жүзеге асуы тиіс 34 жобаның ішіндегі 11 жобаның ғана жұмысы жүруде. Осы орайда, «Қазсушар» республикалық мекемесі облыстық филиалының директоры Қазыбек Бедебаев өңірдегі бес ауданда 34 жоба бойынша қайта жаңғырту басталып кеткенін, бүгінге дейін 46 канал, 46 ұңғыма жөнделгенін айтты. Алайда мұнда да бірқатар жобалар мерзімінен кешігуде.
Ал облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтуынша, «Жол картасында» республикалық меншіктен коммуналдық меншікке ауыстыру арқылы жалпы ұзындығы 1 млн 375,6 мың шақырымды құрайтын 202 каналға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 41,9 мың гектар суармалы алқапты қайта айналымға енгізу жоспарланған екен. Сондай-ақ басқарма басшысы облыстық бюджет қаражаты есебінен ағымдағы жылы 26 ұңғыма зерделеніп, оның ішінде 11 ұңғыманың қайта қалпына келтіруге жарамды екендігі анықталып, толық сметалық есебі әзірленгенін айтты.
«Сметалық есепке сәйкес, аудан әкімдіктері тарапынан ұңғымаларды қалпына келтіруге 47,2 млн теңге, ал инфрақұрылымға 410,4 млн теңге қаржы қарастырулары қажет болатын. Алайда бүгінге Байзақ, Жамбыл, Меркі және Т.Рысқұлов аудандары әкімдіктеріне құжаттары дайын ұңғымаларды қалпына келтіру бірнеше рет тапсырылса да, әлі күнге дейін қаржы қарастырылмады», дейді Ербол Жиенқұлов.
Сонымен қатар еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Шу – Талас бассейндік инспекциясының басшысы Гүлмира Имашева мен «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің директоры Айдар Асамбеков те бұл мәселе жөнінде тиісті бірқатар жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Бірақ кейбір аудан әкімдіктерінің тарапынан тиісті қаражаттың бөлінбеуі, берілген тапсырмалардың дер кезінде орындалмауы және тағы да басқа мәселелер өңірдегі су шаруашылығының дамуына кедергі келтіруде.
Жалпы, өңірдегі барлық тоғандар мен су айдындарын және су жиналатын қоймаларды тиімді пайдалану қажеттігі жиі айтылады. Жамбыл облысы ауыл шаруашылығы дамыған әрі сол салаға қолайлы өңір болғандықтан, бұл керек те. Себебі, жыл өткен сайын аймақта су тапшылығы қатты сезілуде. Көрші Қырғыз елінің «Киров» су қоймасынан келетін су бар болғанымен, бәрібір өзімізде барды ұқсатудың маңызы артып тұр. Сол сияқты, өңірде баға тұрақтылығын ауыл шаруашылығы өнімдерін көп көлемде өндіру арқылы ғана сақтап қалу мәселесі де қарастырылуда. Енді әр басшы әр жаққа бұра тартпай, су мәселесіне келгенде селқостық танытпай, өңірдегі су тапшылығын шешуге күш салса болғаны. Әйтпесе, сылбыр жұмысқа сын да көп айтылады.
Жамбыл облысы