• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Желтоқсан, 2021

Ғалымның биік тұғыры

753 рет
көрсетілді

Бүгінде жастарымыздың кітап оқуға ықылассыздығы, жалпы қоғамдағы көркем әдебиетті тарату мен насихаттаудағы, оқу бағдар­ламаларындағы кемшіліктер туралы көп айтылады. Әрине, көркем шығарма мүлде оқылмайды деп ауызды қу шөппен сүртуге болмас. Бастауыш мектептен бастап жоғары деңгейдегі докторантураға дейінгі білім сатыларындағы әдебиет пәніне қатысты дәрістерде көркем әдеби туындылар оқылады да, оқытылады да. Мәселе – оқылу-оқылмауында емес, оның қалай оқытылуында болса керек.

 

Шындығында да ұзақ жылдар университет дәрісханаларында филолог мамандар даярлау барысында байқағанымыз – алдымыздағы шәкірттердің көркем шығарма тал­даудағы шорқақтығы. Орта мектепте де, жоғары оқу орындарында да солай. Білім алушы жастар өздері оқыған көркем шығарманы көбінесе мазмұндап беруге бейім. Ал оны тиісті жүйесімен, теориялық тұрғыда білікті талдау жасау өте сирек. Не істеу керек?

Мектеп оқушысы үшін де, жо­ғары оқу орнының студенті үшін де, тіпті оны шәкірт санасына құюға тиіс мұғалім мен оқытушы үшін де осы бір олқылықтың орны қайтсе толмақ?

Осы бір көкейкесті сауалдың жауабын өзінің рухани бағасын қайта сезіндіретін «Көркем шы­ғар­маны талдау әдістемесі» атты моно­графиялық еңбектен таба ала­ты­нымыз анық. Мектеп оқушы­сы­ның да, студенттің де, мұғалім мен оқытушының да әлгіндей қажет­тілігін өтейтін бұл еңбекті жоғары бағалайтынымыз да сондықтан.

Кітап авторы – еліміздің білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек етіп жүрген ұстаз-педагог, әдебиетті оқы­ту әдістемесіне қатысты іргелі зерт­теулер жүргізіп келе жатқан бел­гілі ғалым Бақтияр Өрісбайұлы Сманов.

Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық универ­си­те­тінде Академик С.Қирабаев атын­дағы Қазақ тілі мен әдебиеті ка­федрасының профессоры ретін­де еңбек етіп жүрген ғалым-ұстаз Бақтияр Өрісбайұлының өмір жо­лы оңтүстік өңірдің құйқалы топы­рағына табанын күйдіріп, өмір бойы ұстаздық жолда жүрген әкенің ұла­ғатты тәрбиесінен бастау алды. Ұлт­тық дәстүр, әдет-ғұрып, әдеп-салт қа­зынасы іспетті оңтүстік өңір­дің өнегесі Бақтиярдың бүкіл өмір жолына азық, тұла бойына нәр болып дарыды. Қарапайымдылығы мол бай мінезіне, ойындағысын бүкпей­тін ашықтығы мен қандай ортамен болса да тез тіл табысып, сіңісіп кететін жаратылысынан бар қасиетіне биік мәдениетін, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығын, терең білімін қосыңыз. Осының бәрі тоғыса келіп Бақтияр Смановты білікті ғалым, өнегелі ұстаз, өрелі азамат дәрежесіне көтерді.

Бақтияр Өрісбайұлымен ал­ғаш­­қы танысуымыз да студенттік жыл­дар еді. Ортақ оқу ғимараты, көр­ші дәрісханалар, Алматының Вино­градов көшесіндегі №88 үйде орна­ласқан жатақхана бәрімізді тоқай­ластырып, бірте-бірте өмір­лік сипатқа айналар достыққа ұлас­тырды.

Тірі ғалымның, ірі профессор­лар­дың қандай екенін ойында об­разға айналдырып Алматыға кел­ген бізге өткен ғасырдың сонау алпы­сыншы жылдарының аяғы мен жетпісінші жылдарының ба­сындағы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қа­зір­гі Әл-Фараби атындағы Қа­зақ ұлт­тық университеті) филоло­гия фа­культетінде дәріс оқы­ған Б.Кен­же­баев, М.Ғабдуллин, Б.Шала­баев, Ы.Маманов, М.Балақаев, Ә.Нұр­­­маханова, Х.Сүйіншәлиев, З.Қаб­­до­лов, Х.Сайкиев, К.Аханов, Т.Кә­кі­шев, Р.Нұрғалиев сынды ұстаз­дар шын мәнінде тау тұлғалы жан­дар болып көрінді. Біздің бақы­ты­мыз да осындай ғажайып ғалым­дардан дәріс тыңдап, тәлім-тәрбие өнегесін көргеніміз дер едік.

Бір үйдің баласындай болып кеткен сол кездегі Шәкір Ибраев, Бекен Ыбырайым, Құныпия Алпысбаев, Тұрсынбек Баймолдаев, Өтеген Орал­баев, Анарбай Бұлдыбаев сын­ды жастар бүгінде еліміздің әде­биеті мен мәдениетіне, білімі мен ғылымына үлес қосып жүрген белгілі ғалымдар. Сол қатарда Бақ­тияр Смановтың орны да ерекше.

Менің ұғымымда әріптесім Бақ­тияр Өрісбайұлы о бастан-ақ ұс­таз­­дыққа жаралғандай көрінеді. Университетті тәмамдағаннан ке­йінгі оның өмір жолы бұған айқын дәлел. Студент кезінің өзінен-ақ ол ғылымға бейімділігін байқатты. Алғашқы мақаласы «Қазақстан мұ­ғалімі» газетінде 1969 жылдың 1 қаң­тарында жарияланғанда Бақ­тияр небәрі филология факультетінің бірінші курсының студенті болатын.

Университет бітіргеннен кейін ол ұзақ жылдар республиканың оқу-ағарту саласында қызмет етті. Республика Оқу министрінің кеңес­шісі, министрліктің Бас басқарма басшысы, Білім министрлігінің алқа мүшесі болды. Бұл жылдар еліміздің тарихындағы аса күрделі де өте жауапты кезеңдер еді. Бұл уақыттағы министрлік мамандары кеңес дәуірінің қасаң қағидалары­нан қалай жол тауып шығуды меңгер­ді. Тәуелсіздік жылдарының алғаш­­­қы қиындықтарын иығымен көтер­ді. Міне, осы қатарда еңбек еткен Бақтияр Смановтың да еліміз­дің білім беру саласындағы бүгінгі жетістіктеріне жол ашқан үлесі аз болмады.

Бұдан кейін бірқатар жыл Бақ­тияр Өрісбайұлы Қазақстан Пре­зиденті мен Министрлер Каби­не­тінің Аппаратында жауапты қызметтер атқарды. Үкімет жа­нындағы Дін істері жөніндегі Кеңес­тің жауапты хатшысы бола жүріп еліміздегі діни ұйымдар жүйесінің жұмысын жолға қоюда көптеген іске мұрындық болды. Бұл жұмыста оған университеттегі араб тілінен алған білімі мен өзінің діни сауатының тереңдігі, әріден келе жатқан тегіне тән қабілеті зор көмек болды.

Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде доцент, Қа­зақ мемлекеттік қыздар педаго­гика институтында факультет де­каны болған жылдар Бақтияр Өріс­байұлының бойындағы ұстаздық талантын мейлінше аша түсті. Ма­мандар біліктілігін жетілдіру жө­ніндегі Алматы облыстық инсти­тутының кафедра меңгерушісі, Рес­публикалық институттың дирек­торы лауазымдарында, одан ке­йін он жылдан астам уақыт бойы Абай атындағы Қазақ ұлттық пе­да­гогикалық университеті Аппа­ратының басшылығында жүріп елі­міз­дің білім беру жүйесіндегі осы­нау аса бір маңызды әрі білім беру сала­сындағы қажетті буынның бағыт-бағдарын бүгінгі өскелең талаптар деңгейіне бейімдей реформалауға күш салды.

Бақтияр Өрісбайұлы жоғарыда аталған мәртебелі қызметтердің қызы­ғына алданып, өзін-өзі лауа­зымдық мақсаттардың шеңберін­де қалып қойған жоқ. Қайда жүрсе де қолынан қаламын тастамады. Қазақ әдебиетінің сан түрлі мә­се­лелерін қозғайтын мақалалар жазды, әдебиетті оқытудың проблема­лары жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыс­тарын жүргізді. Көз майын тауыса жасаған еңбегінің нәтижесінде кандидаттық диссертация жазды.

Бақтияр Өрісбайұлы өзінің «Қа­зақ орта мектебіндегі жоғары сыныптарда эпикалық шығармалардың кейіпкерлер бейнесін талдау» деген тақырыптағы кандидаттық диссертациясын Мәскеудің қақ төрінде абыроймен қорғап шығып, педагогика ғылымдарының кандидаты атан­ды. Ғылымдағы о баста таңдаған жолына адалдық танытқан әдіскер ғалым бұдан кейінгі кезеңде де осы бір аса қажет салада бұған дейінгі жинақталған бай тәжірибе материалдарын қорыта отырып, ендігі жерде оның ғылыми-теориялық тұғы­рын тиянақтауға ден қойды. Со­ның нәтижесінде «Мектепте көр­­кем шығарманы талдаудың ғы­лыми-әдістемелік негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, 2010 жылы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алды. Осы зерттеудің нәтижелері «Көркем шығарманы талдау әдістемесі» деген атпен «Ұла­ғат» баспасынан монография тү­рінде кітап болып шықты.

Бұл еңбектің құндылығы онда қамтылған тақырыптардың ата­уынан анық көрініп тұрады. Атап айтқанда, «Мектепте көркем шы­ғар­маны талдаудың теориялық негіз­дері», «Көркем шығарманы талдау технологиясының педагогикалық-психологиялық жүйесі», «Көркем шығарманы талдай оқытуды тә­жі­рибе арқылы бекіту», «Же­ке тұл­ғаның құзыреттілігін қалып­тастыру­ға көркем туындыны талдаудың ықпалы» деген тақырыптардың аясында ғалым шығарманы талдаудың қыр-сырына терең үңіле отырып, шын мәніндегі теориялық талдау­дың үлгісін ұсынады. Әдіскер ғалым құрғақ теориялық тұжырымдармен шектелмейді, әрбір қорытындысын нақты тәжірибе барысында алынған дәйекті материалдармен түйіндеп отырады.

Кітаптағы көрнекті қаламгерлер М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясына, С. Мұқановтың «Ботагөз» романына, сондай-ақ Ғ. Мүсіреповтің шығармаларына жасаған талдауларында әдіскер ғалым өзінің ұзақ уақыт бойы жалпы білім беретін мектептерде тәжірибе жасай жүріп жинақтаған эксперимент материалдарын оқырманға мейлінше түсінікті дәрежеде жеткізеді.

Бұл еңбектің астарында көп жылдарға созылған қыруар ізде­ніс пен мол тәжірибе жатқаны ақи­қат. Педагогика саласында орын­­далған диссертациялық жұ­мыс­тар, монографиялық зерттеу­лер тікелей оқу сыныптарында, дә­рісха­наларда жүргізілген тәжіри­бе­лер мен сынақтардың материал­дарымен «тұздықталмаса» іске аса бермейді. Ғалым еңбегінің бас­ты құндылығы да осында, яғни оның теориялық тиянақтылығымен қатар, практикалық және қолдан­балылық мазмұнында жатса керек. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақтияр Сма­новтың ғылым-әдістемелік мате­риалдарының қорында ұзақ жылдар бойы жинақталған аса мол тәжі­рибелік мағлұматтары мен әдіс­темелік тұжырымдары негізінде жа­зылған осы монографиялық зерт­теу кітабын еліміздің жалпы бі­лім беретін мектептерінен бастап жо­ғары оқу орындарына дейінгі білім беру баспалдақтарындағы қа­зақ әдебиетін оқыту арқылы жас ұрпақ­тың ұлттық құндылықтарды құр­меттей білуіне, халықтық рухани қазыналар жөнінде жан-жақты әрі терең білім жинауына жол ашатын аса пайдалы еңбек деуге болады.

Көркем әдебиетті оқыту технологиясы жөнінде жазылған әдіскер ғалым, академик Б.Смановтың ғы­лыми еңбектері мұнымен шек­телмейді. Оның қаламынан әр жылда­ры туған «Кейіпкер бейнесін тал­дау», «Қазақ әдебиетін оқыту әдіс­темесі», «С.Мұқановтың «Бота­гөз» романын оқыту», «Ғ.Мүсірепов шығармашылығын оқыту», «Көркем шығарманы талдаудың әдістемелік мәселелері», «Мектепте көркем шы­ғарма талдаудың әдістемелік негіздері» кітаптары мен «Көркем шығарманы талдау әдістемесі» атты монографиясы еліміздің ғылыми және педагогикалық қауымы тарапынан өзіндік жоғары бағасын алды. Мұның сыртында ғалым-ұстаз Б.Сманов бүгінде 450-ден астам ғылыми-зерттеу еңбектің авто­ры. Оның ішінде 9 монография, 4 оқу­лық, 7 оқу құралы, 11 оқу-әдіс­те­мелік басылым бар.

Ол Қазақстан Жазушылар одағы­ның және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Профессор Бақтияр Смановтың жан-жақты қаламгерлік қырын таны­тарлық үлкен еңбегі – бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне арнап жазылған мақалалары, елдік пен азаматтық туралы, тәуелсіздіктің жемістері мен еліміздің бүгіні мен ертеңі жа­йында ой толғаған туындылары. Бұл – қаламгер ғалымның шынайы азаматтық ұстанымын, ұлты мен туған жеріне деген сүйіспеншілігін айқын бедерлейтін дүниелер.

Әсіресе, Б.Смановтың елі­міз­ді тәуелсіздік тұғырына қон­ды­рып, Арқа төсінен ертегінің қала­сындай шаһар тұрғызған Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы На­зар­баев туралы жазған тол­ғаулары бай мазмұнымен, білікті талдауларымен, көркем тілімен оқырман­ның ықыласына ие болды. Атап айтқан­да, оның «Алдаспан», «Елдік пен ерліктің иесі», «Тәуелсіздік және Президент», «Егемендік – еркін елдің мұраты», «Астана – исторический подвиг Президента», «Грандиозная мечта Президента», «Символ смелости и народного духа» атты мақалалары соңғы жылдары республикамыздың белді де беделді басылымдары «Егемен Қа­зақ­стан», «Казахстанская прав­да» газеттері, «Ақиқат», «Мысль» жур­налдарында басылды. Бұ­ған Бақ­тияр Өрісбайұлының ілге­ріректе жазылған Д.Қонаев, Б.Мо­мышұлы, М.Ғабдуллин, Ш.Айт­матов, С.Қи­рабаев, С.Жошыбаев, Ш.Қал­даяқов, К.Нәрібаев, М.Жұрынов сынды та­ғы басқа біртуар тұлғалар туралы мақа­лаларын қосыңыз...

Соңғы жылдары Абай атында­ғы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінде шәкірттерге ұлттық тәрбие беру мәселесі ерекше қолға алынды. Университетте «Ұлттық тәр­бие» кафедрасы ашылып, барлық мамандықтар мен дәрісханаларда осы аттас пән оқытылуда. Ұлт бо­лашағы үшін аса қажет осынау игі істің тұғырын бекітіп, көшін алға апару ісіне Бақтияр Өрісбайұлы да өзінің елеулі үлесін қосып келеді. Атап айтқанда, ол пән мазмұнын айқындайтын оқулықтар мен оқу құралдарын даярлауға белсене атсалысып, «Ұлттық тәрбие және дін мәселесі» атты оқу құралын жарыққа шығарды. Оқу топтарындағы негізгі оқу құралдарының қатарынан берік орын алған бұл еңбек бүгінгідей жат діни ағымдар мен секемді секталар қаптап кеткен заманда студент жас­тар үшін аса пайдалы құрал болып шықты.

Ғалымның азаматтық тұлғасы оның ғылыми еңбектерінен, ғылымда алға қойған мақсат-мұраттарынан және сол арқылы көтерілген абыройлы тұғырынан сомдалса керек. Әлемдегі әдебиет атты ең ізгі ғылымның әрқайсысымыздың жа­ны­мыз бен жүрегімізге өзінің қасиетті шуағын сіңіріп, болашақ ұрпақтарды ізгілік пен парасат нұ­ры­мен нәрлендіру жолында «инемен құдық қазып» келе жатқан Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Халықаралық білім беру ғылым академиясының академигі, Еларалық Шыңғыс Айтматов академиясы­ның толық мүшесі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­верситетінің профессоры, педаго­гика ғылымдарының докторы Бақ­тияр Өрісбайұлы Смановтың ғалым­дық тұлғасы да, міне, осындай хал­қына қызмет етіп келе жатқан еңбек­терімен өлшенсе керек.

 

Балтабай ӘБДІҒАЗИҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор