• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2014

Cтандартты сарапқа салайық

721 рет
көрсетілді

Айтыста ақиқат ашылады. Белгілі ғалым Асқарбек Құсайыновтың 12 жылдық мектептің бастауыш білім берудің жалпыға міндетті стандарты туралы таласты мақаласын осы оймен оқырман назарына ұсынып отырмыз. «Таласты мақаласы» дейтініміз – талқылауға салынғалы тұрған стандарттың жобасын жасаушылар да бұл мәселеге жан-жақты қарағанына, әлемдік практиканы ескеруге тырысқандарына сенеміз. Сондықтан ғалым пікірін аса маңызды мәселеге ойтамыздық ретінде, маманның өз көзқарасы деп санаған жөн. Қалай болғанда да бұл мақаланы Үкімет назарға алғаны, осы мәселеге Білім және ғылым министрлігінің тиісінше көңіл бөлгені, мақала авторының сөзімен айтсақ, стандартты тағы бір салмақтап сарапқа салғаны артық етпейді деп ойлаймыз. Білім беру деңгейі – экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің бас­тау көзі, мемлекет пен қоғамның табыс­ты дамуының кепілі. Білім беру саласын­да кенжелеп қалу елдің бәсекеге қабі­леттілігіне, ұлт болашағына және мемле­кеттің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Білім берудің сапасы Білім беру стандартына тікелей тәуелді болады. Себебі, осы стандарттың негізінде оқу бағдарламалары жазылып, сол негізде оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендер жасалады, білімнің негізі қаланады. Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігі дайындаған, екі айдан кейін, мамыр айында бекітуді көздеп отырған 12 жылдық мектептің бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты педагогикалық ортада кең көлемде талқылануда. Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясында өткен талқылауға белді университеттерде дәріс беріп, білім беру саласын жетілдіру проблемаларымен шұғылданып жүрген 20-дан аса танымал педагогика ғылымдарының докторлары мен профессорлар қатысты. Ғалымдар дайындалған стандарттың сапасына үлкен алаңдаушылық білдірді. Оның шетелдік стандарттарға негізделіп жасалғаны, онда Қазақстанның ерекше­лік­тері есепке алынбағаны, білім беру – кез келген мемлекетте ең алдымен ұлт­тық құндылықтарға, мемлекеттік тілге негізде­луі тиіс екені назардан тыс қалғаны баса айтылды. Бұл стандарт бастауыш білім берудің стандарты болғандықтан, онда бастауыш сыныптардағы тәрбие және білім беру проблемалары нақтылы көрсетілуі керек еді, олар көрсетілмеген, онда жалпы орта мектептің құндылықтары мен мақсаттары ғана көрсетілген. Бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшелігінің кезеңі олардың рухани-адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеуге ерекше тұрғыдан қарауды талап етеді. Оқу пәндерінің мазмұнына қатысты материалдарды зерделегенімізде, 1-ші сыныпта өтетін «Өтпелі тақырыптар» қазақстандық шынайылықты ескермейтіні анықталды. Мысалы: «Бутерброд пен пицца дайындауды» үйрену қажеттілігі көрсетілген. Мұндай мысалдар көптеп кездеседі. Сонда біздің мақсатымыз, қай елдің азаматтарын тәрбиелеу? Біз білім сапасын анықтайтын дүниежүзілік PISA, TIMSS және PIRLS зерттеулерінің нәтижелерін талдаған болатынбыз. Сонда оқушылары тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсететін елдер Финляндия, Гонконг (Қытай), Сингапур, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, Канада, Жаңа Зеландия және Шанхай (Қытай) екені анықталды. Олардың көпшілігі өркендеп дамып отырған «Оңтүстік-Шығыс Азия барыстары» елдері, яғни азиялық елдер. Осы елдердің мектепте білім берудегі жоғары табыстылығы мен нәтижелігін қамтамасыз ететін негізгі факторларды анықтағанымызда, бұл елдердің білім беру саясатының басты мақсаты ұлттық ерекшеліктерді, өздерінің дәстүр­лі мәдениетін, Шығыстың дәстүрлі құнды­лықтары мен бағдарын сақтауға бағыт­тал­ғаны анықталды. Мысал ретінде Жапо­нияны ғана алып қарастырайық. Жапондық үздіксіз білім беру жүйесі жапон қоғамының рухани-адамгершілік құндылықтарын көрсететін негізгі 3 өмірлік ұстанымды насихаттайды. Олар: Ойланып үйрен, өз бетіңмен шешім қабылда, проблемаларды шешудің ең жақсы жолдарын ізде және тап; Әдемілікті түсін, өзіңде сұлулық сезімін тәрбиеле, жаның сұлу болсын, мейірімді бол, аяушылық білдіре біл; Денің сау, төзімді, күшті бол. Жапондық білім жүйесін мұқият зерттегенімізде осы ұстанымдардың өмірде, оқу үрдісінде, қоғамда нақты жүзеге асып отырғанын байқадық. Жапонияда білім беру, тәрбиелеу, адамды қалыптастыру философиялары өзара тығыз байланысты. Жапон мектебінде дәстүрлі оқыту мақсаты білім беруге қарағанда, тәрбиеге көп мән береді. Жапондардың мектепке, ұстазға деген дәстүрлі құрметі, қарым-қатынасы сыйлауға лайық. Ұстаз оқушылар үшін адамгершілігі жоғары тұлға моделі, үлгі тұтарлық мысал болып табылады. «Ұстаз – ұлт игілігі» деп есептейді жапондар. «Үш қадам артқа шегін, бірақ мұғалімнің көлеңкесін баспа» дейді ежелгі даналық. Жапония – өзінің бүкіл тарихы бойында жас ұрпақты тәрбиелеуге зор көңіл бөлген ел. «Қытай білімпаздығы және жапон рухы» (кансай-вакон) ұраны «Жапон рухы және батыс технологиясы» (вакон-есай) ұранына ауыстырылды. «Вакон-есай» – «шетелдіктер жасаған білімді алу, бірақ оларға жапон рухы мен жапондық ойлау қалпының негіздерін әлсіретуге мүмкіндік бермеу» дегенді білдіреді. Осы күнге дейін «вакон-есай» ұстанымы Жапониядағы білім беруді дамыту стратегиясын анықтайды. Біз жапондық ғасырлық дәстүрі бар балаларды рухани-адамгершілік тәрбиелеу жүйесі мен сондайлық ғасырлық тарихы бар, тамыры тереңде жатқан қазақ халқының дәстүрлі халықтық тәрбиесі арасында көптеген ұқсастықтарды таба аламыз. Бірақ, өкінішке қарай, біздің көптеген құндылықтарымыз жоғалып, ұмытылған және идеологиялық қысымға ұшыраған. Ендігі жағдайда неге сол құндылықтарымызды заман талабын ескере отырып жандандырмаймыз, неге Еуропаға жалтақтай береміз? Қазіргі уақытта Америка мен Еуропа елдерінің ғалымдары жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беруде Шығыс елдерінің озық екенін мойындап, оның білімділіктің түп қазығы болатынын ескертіп, үлгі тұтып отыр. Біз неге мұны мойындамаймыз? Саналы тәрбие негізінде алынған білім ғана сапалы білім болатыны хақ. Олай болса бастауыш білімнің басты мақсаты бала тәрбиесі болу керектігін мойындап, стандартта осы мақсаттың орындалуын басты назарға алған жөн. Жапон елінің 6 жылдық бастауыш сыныптарда балаларға рухани-адам­гер­шілік және дене тәрбиесі пәндері барлық жүктеменің 51 пайызы көлемінде оқытылатын болса, қарастырылып отырған стандартта тек 30 пайыз көлемінде ғана оқыту жоспарланған. Мысалы, Жапония мектептерінде 1-2 сыныптарда қоршаған ортаны зерттеу, музыка, сурет салу және сызу, денешы­нықтыру, адамгершілік тәрбиесі пән­дері мол сағатпен оқытылатын болса, бекі­тілуге ұсынылып отырған стандартта дүние тану, өзін-өзі тану, өнер, денешынық­тыру пәндерін аз ғана сағатпен оқыту жоспарланған. Керісінше, күрделі пән­дерді оқытуға мол сағат бөлінген. Бұл дұрыс емес. Елімізде осы уақытқа дейін қолданылып келген стандарттан бұл стандарттың бір өзгешелігі, 1-ші сыныптан бастап кіріктірілген «Өнер» пәнін оқытудың енгізілуі. Бұл пәннің мақсаты «Бейнелеу өнері», «Музыка» және «Технология» пәндерін кіріктіре оқыту. Біздің ойымызша, бұл пәндерді кіріктіре оқыту дұрыс емес. Әр пәннің балаға эстетикалық тәрбие беруде өзіндік бағыт-бағдары бар. Бұл пәндердің арасындағы интеграция байланысы әлсіз. Аталмыш үш пәнді кіріктіріп оқыта алатын ұстаздар дайындау мәселесі де әлі қолға алынған жоқ. Сонда бұл функцияны кім және қалай орындайды? Оқытылатын пәндердің күрделілігі жайлы айтар болсақ, пәндердің мазмұ­нын анықтауда оқушылардың жас ерек­шеліктері мен білім деңгейі ескеріл­меген. Мысалы, «Ғылымға кіріспе» пәнінің білім мазмұнында «Электр тізбегін компьютерлік бағдарлама арқылы модельдеу» деп көрсетілген. Электр тізбегі – электр қозғаушы күші, тоқ және кернеу түсініктері негізінде анықталатын күрделі электромагниттік процесс екені белгілі. Ал оны компьютерлік бағдарлама арқылы модельдеу үшін балалар олардың күрделі сипаттамаларын білуі керек. Оларды бас­тауыш мектеп оқушылары қайдан біледі? Әр оқу пәнінің білім мазмұнында бас­тауыш сынып оқушылары игере алмайтын осындай тақырыптар көптеп кездеседі. Мұндай тапсырмалар балалардың пси­хо­логиялық-физиологиялық денсау­лығына кері әсер етеді. Стандарттың қоғамға ауыр ой салып, үлкен алаңдаушылық тудырып отырған тағы бір мәселесі – 1-ші сыныптан бастап үш тілді қатар оқытуды енгізу. Елбасының Қазақстан халқына Жол­дауында көрсеткен «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасында мектеп түлектерінің қазақ, орыс және ағыл­шын тілдерін меңгеру қажеттілігі атап көрсетілген болатын. Біз Елбасының идея­сын толық қолдаймыз. Алайда, Елбасы ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқыту туралы тапсырыс берген емес. Мақсат – мектеп бітірген түлектердің 3 тілде еркін сөйлеуіне қол жеткізу. Біз осы мақсатта ғалымдардың пікірлері мен дамыған елдерде шет тілдерін оқыту тәжірибесін зерттедік. Әлемдік тәжірибеде басқа тілдерді ана тілі негізінде оқудың тиімділігі ғылыми негізде дәлелденген. Аса көрнекті педагог К.Д.Ушинский мен белгілі психо­лог Л.С.Выготский шетел тілін оқып-үйретуді бастамас бұрын, бала ана тілін жетік білу тиіс екенін ғылыми түрде дәлелдеген болатын. Сонымен бірге, 1-ші сыныптан бастап үш тілді қатар оқыту білім мазмұнын айтарлықтай күрделендіретіні және баланың әлемді пайымдау біртұтастығына қол жеткізуін қиындататыны да дәлелденген. Финляндия, Гонконг (Қытай), Син­­гапур, Оңтүстік Корея, Жапония, Тайвань, Кана­да, Жаңа Зеландия, Шанхай (Қытай), Нидерланды, Германия, Ирландия, Бельгия, Ұлыбритания, Франция, Италия, Люксембург, Грекия, Испания, Қытай елдерінің оқу жоспарларын қарағанымызда, бұл елдерде 1-ші сыныпта негізінен бір ғана тіл оқытылатынын, тек Гонконг (Қытай), Сингапур, Жаңа Зеландия, Ирландия елдерінде 2 тіл, 2-ші сыныпта Люксембургте 2-ші тіл, 3-ші сыныпта Финляндия, Оңтүстік Корея, Тайвань, Шанхай (Қытай), Бельгия елдерінде екінші тіл оқытыла бастайтынын анықтадық. Біз 1-ші сыныптан бастап үш тіл қатар оқытылатын дүние жүзінде қандай ел бар екенін таба алмадық. Елімізде 2013/2014 оқу жылынан бас­тап Білім және ғылым министрлігінің шешімімен 1-ші сыныпта аптасына бір сағат үшінші тіл ретінде ағылшын тілін оқыту енгізілген. Қазіргі таңда үш тілдің барлық мектептерде қандай деңгейде өткізіліп жатқаны және оның нәтижесінің қандай екені белгісіз. 12 жылдық білім стандартында 1-сыныптан бастап бірінші тілді – 5 сағат, екінші тілді – 3 сағат, үшінші тілді – 2 сағат оқыту жоспарланған. Оның нәтижесі қандай болмақ? Бұл белгісіз. Әзірге бір ғана тұжырым жасауға болады. 2011 жылы еліміздің Үкімет қаулысымен бекітілген санитарлық ережеге сәйкес қазақ, орыс, шетел тілдері мен Ақпараттық коммуникациялық технологиялар (АКТ) пәні ең күрделі пәндер ретінде көрсетілген. Стандартта 1-ші сыныпта осы пәндерді оқытуға 11 сағат уақыт бөлінген. Бұл барлық жүктеменің 48 пайызын құрайды. Ал Жапонияда бастауыш сыныпта бір ғана жапон тілі пәні жүктеменің 34 пайызы көлемінде оқытылады, ал АКТ пәні мүлдем оқытылмайды. Бұл мысал, оқытылатын пәндердің мазмұнының күрделілігіне қоса, стандартта балалардың меңгерулеріне үлкен салмақ салатын пәндерді шамадан тыс көп оқыту жоспарланып отырғанын көрсетеді. Бастауыш сыныпта балаларға күрделі пәндерді шамадан тыс көлемде оқыту олардың оқуға деген ынтасын төмендетіп, психологиялық-физиологиялық денсаулықтарына кері әсер етеді. Қазақстанның 4-ші сынып оқушылары дүниежүзілік TIMSS 2007 жылғы зертте­уін­де математикадан 5-орын, жаратылыстанудан 11-орын иеленген болатын. TIMSS 2011 жылғы зерттеуде 4-ші сынып оқушылары математикадан 24-орын, ал жаратылыстанудан 32-орын алды. Ал сол 4-ші сынып оқушылары 2011 жылы 8-ші сыныпта оқығанда осы пәндерден 17-ші және 20-шы орындарды иеленді. Бұл көрсеткіштерден біз оқушылардың білім сапасы төрт жыл ішінде қатты құлдырағанын байқаймыз. PISA-2009, PISA-2012 зерттеулерінде де қазақстандық 15 жастағы оқушылар 65 елдің ішінде ең төменгі нәтижелер көрсетті. Ал соңғы жылдардағы еліміздегі ҰБТ нәтижесін талдайық. 2011/2012 оқу жы­лында 125 576 оқушы мектеп бітір­ген. Осы оқушылардың 25 пайызы ҰБТ тапсы­руға қатынаспаған. Оның себебі, мектеп басшылығы олардың тапсыра алмайтынын білгендіктен, мектеп көрсеткішін төмендетпес үшін ҰБТ-ға қатыстырмаған. Тапсырған оқушылардың 36,8 пайызы міндетті деңгейден өте алмаған. Бұл мектеп бітірген барлық оқушылардың 27,6 пайызын құрайды. Сонымен, ҰБТ қорытындысы бойынша мектеп бітірген барлық түлектердің 52 пайызының білімі қанағаттандырарлықсыз деңгейде болғанын көреміз. Ал 2012-2013 оқу жылы мектеп бітірген 138 406 түлектің 31 пайызы ҰБТ тапсыруға жіберілмеген, тапсырған түлектердің 28,8 пайызы міндет­ті деңгейден өте алмаған. Сонымен, ҰБТ қорытындысы мектеп түлектерінің 51 пайызының білімі қанағаттандырарлықсыз екенін көрсетті. Бұл осы жылдары мектеп бітірген әрбір екінші баланың білімі қанағаттандырарлықсыз екенін көрсетеді. Егер 2015/2016 оқу жылында осы стандарт енгізіліп, 1-ші сынып оқушылары жоғарыда көрсетілген ауыр жүктемемен үш тілді қатар оқитын болса және АКТ пәні оқытылса, онда олардың білім сапасы одан әрі төмендеп, мұндай жүктеме олардың денсаулықтарына кері әсер етеді. Мәңгілік Ел идеясының басты мақсаты – жастарға рухани-адамгершілік тәрбие беру. Ал ондай тәрбие алдымен тек ана тілі арқылы ғана беріледі. Қазіргі уақытта қалалық жерде тұратын қазақ балаларының өз ана тілін нашар білетіндері жасырын емес. Оларға оны меңгерту үлкен проблемаға айналып отыр. 1-ші сыныптан бастап үш тіл қатар оқытылатын болса, онда қазақ тілін меңгеру сапасы күрт төмендейтін болады деген пікірдеміз. Кез келген білім беру реформасын нәтижелі жүргізу үшін педагогикалық эксперимент жүргізу керек. Әлемнің барлық жетекші елдерінде білім беру саласындағы реформалар тек эксперимент негізінде ғана жүзеге асырылады. Мысалы, Германияда білім беру жүйесін перспективалық дамыту жоспарын әзірлеген кезде, қабылданып жатқан шешімдер дұрыстығын анықтау үшін 2000-ға жуық эксперимент жүргізіліп, оның нәтижелері қоғамдық кеңестерде талқыланып отырған. Біз Алматы қаласы және Алматы облы­сының Қарасай, Жамбыл аудандарының 8 мектебінде жоғарыда айтылған пікірлерге байланысты бастауыш сыныптарда сабақ беретін 103 ұстазға сауалдама жүргіздік. Сауалдаманың нәтижесінде осы ұстаздардың 83,97 пайызы біздің жоғарыда стандартқа қатысты айтқан пікірлеріміздің дұрыстығын толық дәлелдеп отыр. Жоғарыда келтірілген дәлелдердің негізінде біз Қазақстан Республикасы Үкіметінен осы стандартты бекіту мәсе­лесін кейінге қалдыруды өтінеміз. Стан­­дарттың білім және тәрбие сапасын көтеруге тиімділігі эксперимент негізінде дәлелденген соң ғана бекітілуі керек деп есептейміз. Осыған байланысты 2015/2016 және 2016/2017 оқу жылдарында Астана, Алматы қалалары мен барлық облыстардың бір әкімшілік аудандарында көпшілікке арналған қазақ, орыс және шағын комплектілі мектептерінде осы стандарт негізінде эксперимент жүргізуді ұсынамыз. Эксперименттің қорытындысын шығару үшін Үкімет жанынан арнайы комиссия құру қажет деп есептейміз. Стандартты сарапқа салайық. Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. __________________________________ Коллажды жасаған Амангелді ҚИЯС.