• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Медицина 29 Желтоқсан, 2021

Балалар ортопедиясында білмейтініміз көп

746 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының ортопедия бөлімінің мамандары үнемі ізденіс үстінде жүреді. Соның нәтижесінде бұрын қыруар ақша шығарып шетелдік клиникаларды жағалайтын сырқат балалар елімізде емделеді.

Урбанизация, пандемия, экология

Бөлімше жетекшісі Болат Нағыманов – нағыз істің адамы, өз саласының кәнігі маманы. Журналистерге уақыт табуға мұр­шасы келе бермейтін Болат Әбікей­ұлы­мен жуырда әңгімелесудің сәті түскен еді.

«Біріншіден, біздің пациенттер арасында іштен туа біткен даму ақауларының жиілеп кетуі неліктен? Жер бетінде ондай ауруларды қалай емдеп жатыр, ата-аналар қандай дәрігерге барып, кеңес ала алады, елімізде қалай емделеді деген мәселе алға шығады. Өйткені шалғайдағы ауылдарда ортопе­диялық тұрғыда емдеуді қажет ететін балалардың маманданған көмекке жете алмай жүргені ақиқат. Оған ата-аналарға дұрыс ақпараттың жетпеуі де әсерін тигізеді», деді дәрігер.

Оның айтуынша, ауыл балаларындай емес, қаладағы жеткіншектер аз қозғала­ды. Оның үстіне пандемия адамдарды үй­ден шығармай, сабақтың өзі онлайн болған уақытта адам қимылы шектелді. Қазір­гі күні соның әсерінен болып жат­қан аурулар бар. Дер кезінде баласын ем­детпей, қай жерге барып, кімге қара­тарын білмей жүрген әке-шеше көп. Оның үстіне дұрыс тамақтанбау, тағам­ға химия­лық заттардың қосылуы да бала­лар­ға, жүкті аналарға кері әсерін тигізіп жатыр. Ал бұл құрсақтағы нәрес­теге де әсер етуі ықтимал. Екіншіден, елі­мізде эколо­гиялық тұрғыда қиындық кешіп жүр­ген аудандардың тұрғындары бар. Халы­ққа тақсірет әкелген Семей полигоны ж­абыл­ғанымен оның зардап­тары бүгінге жетті.

Мысалы, сол өңірлерден тірек-қимыл аппараты­ның жалған буындығы, қисық туатыны, сүйек тығыздығының нашарлауынан «хрусталь, шыны балалардың» дүниеге келуі сынды кемістіктер – баланың ғана емес, ата-ана, туған-туыс, тіпті елдің ертеңі үшін маңызы бар, жан ауыратын дүниелер. Сонымен қатар елімізде сирек кездесетін сырқаттар саны да азаймай отыр.

«Менің ойымша, бұлардың барлығы бір-бірімен сабақтасқан, байланысы бар дүние. Біз, ортопедтер осындай балаларға заманға сай, алдыңғы қатарлы елдерде көрсетілетін медицина­лық жәрдемді жасауға ықыласты­мыз. Өйткені әр аурудың артында қаншама тағдыр, ата-ананың уайымы, күпті көңілі жатыр. Осыны айқын сезінген сайын күн-түн демей көмектескің келе­ді. Көпшілік жұрт қазір жоға­ры деңгейдегі көмектің елімізде, осы орталықта жасалатынынан бей­хабар. Ресеймен шектесе­тін аймақтар Ресейге, өзгелері алыс-жақын шетелге жол тартып жатады. Оларға неліктен бізге келіп ем алмасқа, қыруар қаражат шығарғанша, неге мемлекет бөлетін қаражатпен квота арқылы емделмес­ке? Әрине, бұл жерде оларға ақпа­раттың дұрыс жетпеуі, белді ма­мандарымыздың барлығын біл­меуі себеп. Осының салдарынан шекара асып дұрыс ем ала алмай, қайыра елге оралып, өзіміз емін жолға қойып жатқан пациенттеріміз қаншама. Бұл – «бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегеннің кебі. Мамандарымыздың назары жіті, құлақтары түрулі, шетелдік озық клиникаларға барып үйреніп, салалық ғылыми журналдарға басылған әдістермен үнемі танысып, оны клини­калық практикада қолданумен қатар, өздері де үнемі ізденістерін жариялап отырады. Айтулы мамандарды шақы­рып шеберлік сыныптары өткізіліп, олардың тәжірибелері енгізілуде», деді Б.Нағыманов.

Протезсіз ортопедия жоқ

Сондай-ақ дәрігер бізбен әңгіме барысында операцияларға тоқталып өтті.

«Біздің жұмысымыз темір-терсек­тер­мен байланысты. Оның ағзаға күш түсірмейтін жетіл­дірілген түрлерін жасайтын орталықтар бар. Біз олармен де тығыз байланыстамыз. Пластиналар, штифтер, түрлі аппараттар, протездер жаңарып жатады. Сондықтан оқимыз, үйре­неміз, соның ішінен қолайлы, жақ­сы дегенін таңдап, екшеп барып өз тәжірибемізге ендіреміз. «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында 50 орынға арналған екі бөлімшеде жылына 1 700-ге дейін бала емделеді. Жоғары білікті 9 дәрігер еңбек етеміз. Біз тірек-қимыл аппаратында­ғы ісіктерді онкологтермен бір­лесе емдейміз. Сүйекті толық ауыс­тырып, эндопротез салып, буындарды алмастыратын опе­рациялардың саны жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мысалы, соңғы жылдары орта есеппен 20-25 бала осындай ем алса, биыл 8 айдың өзінде 30-ға тарта операция жасалды», деді Б.Нағыманов.

Іштен туа біткен омыртқа қисықтығы, жүре пайда болған омыртқа қисығы да орталықтағы мамандардың назарында. Дене сымбаты бұзылып, хирургиялық емді қажет ететін балалар саны да артып келеді. Жылына орташа есеппен 140-150 балаға сондай операция жасалады. Осы 140-150 баланың 30 пайыздайы – іштен туа біткен ақауы бар балалар. Ал мұндай операцияларда жоғарыда айтылған темір-терсектер көмекке келеді.

«Орфанды ауруға жататын «шы­ны балалар» үшін көп проблема ми­нис­трліктің назар аударып, қаражат бө­луімен оң шешімін тапты. Алдымен бала­ның сүйек тығыздығын қалыпқа кел­тіру үшін соматикалық бөлімшеде кон­сервативті тұрғыда емдеп барып, біз­дің бөлімшелерде операция жасалады. Қазақстан бойын­ша бұл аурумен біздің есепке 100 бала тіркелген, олар алдымен соматикада емін алып болған соң, сүйек тығыздығы артып, опера­цияны көтеретін кезде бізге келеді. Бұл жерде назардағы дүние – салынатын темірдің телескопиялық болуы. Ол бала өскен сайын са­лынған тетіктің ашы­лып, өсуге сәйкестеніп ұзарып отыруында. Біз төсекте жатқан балаларды отырғызғымыз келеді, отырған балаларды тұрғызғымыз келеді, ал тұрған баланы жүргізгіміз келеді. Соның арқасында тұрып мектепке барып жатқан балалар да бар. Бұл енді ерекше қуаныш сыйлайтын, текке еңбектенбегеніңді көрсететін сәт», деді дәрігер.

Қырқынан шыққан баланы ортопедке көрсету керек

Болат Әбікейұлы ел ішінде маман тапшы екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бала қырқынан шығысымен жол жоқ, көлік жоқ, маман жоқ деместен аудан орталығында, жақын қала, ірі елді мекендегі ортопед-дәрігерге нә­рестені апарып көрсету керек. Бұл – өте маңызды. Өйткені неғұрлым тезірек анықталған ақауды емдеу де оңай. Жүре келе анықталған кемістікті түзеу қиынға түседі. Сондықтан ата-анаға ортопед маманға балаңызды көрсетпей жайбарақат жүре бермеңіз дейміз. Егер маманның көңілінде күдік болып, бір айдан соң кел десе, міндетті түрде қайта апару қа­жет. Алты айдан соң кел дей ме, оны да орындаған жөн. Қысқа­сы, ортопед айтқанды бұлжытпай орындау баланың болашағы үшін екенін естен шығар­мау керек. Мәселен, көп шараналарда ұр­шық басының жамбас­қа кірмеуі алғашқы ­айларда бай­қалса, консервативті жол­мен-ақ емделеді. Ал кейін болса, бір- не­ше операция жасауға тура келіп жатады.

Жалпы, ата-ана жіті қарай­тын дүние­лер көп. Егер баланың буындары дұрыс қозғалмай, кез кел­­ген жері іссе, тамаққа тәбеті болма­са, жүдеп бара жатса, жүрісі бұзыл­са, ауырсыну белгілері бай­қал­са бірден көңілге күдік ұялап, маманға апару керек. Бұл – көбі­не сүйектің ісік ауруларында бо­латын белгілер. Керек болса, рентгенге түсіріп, КТ зерттеуін жасап, тезірек анықтаған жағдайда қатерлі ісіктерді өрістетпеуге болады. Ал онко­ауруларда әр күн­нің маңызы бар.

«Дәрігер ортопедтер – Мэлс Тегісбаев, Владислав Орловский, Марат Жетпісов, Әділ Төреханов, Нұрбек Нәдіров, Алмат Жакилин, Жасынғали Досов әр баланың болашағы үшін тынбай күреседі. Осындай қанаттас әріптестер барда біз алмайтын қамал жоқтай көрінеді», деді Болат Әбікейұлы.