Премьер-Министр Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кеше бірнеше маңызды мәселелер қаралды. Мәселен, 2014 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жайы талқыланып, «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары таныстырылды. Сонымен қатар, қазіргі маусымның күрделі проблемаларының бірі – көктемгі су тасқынына өңірлердің дайындық жайы пысықталды.
Алғашқы екі мәселе бойынша Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев баяндады. Министр келтірген мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылы ел экономикасының негізгі өсу факторлары ішкі сұраныстың өсуі мен экспорт үшін сыртқы жағдайлардың жақсаруы болмақ. Айталық, 2014 жылы әлемдік экономиканың 3,7 пайыз деңгейінде неғұрлым жоғары өсуі күтілуде. Бұл өсу негізінен дамыған елдердегі экономикалық өсуді қалпына келтіру есебінен қамтамасыз етіледі деп болжануда. Халықаралық ұйымдардың есебінше, 2014 жылы мұнайдың орташа жылдық бағасы барреліне 105,1 АҚШ доллары деңгейінде болады делінген. АҚШ долларының нығаюын ескере отырып, болжамды нақтылау кезінде орташа жылдық баға барреліне 95 АҚШ доллары болып айқындалды. Бұған дейін мұнай бағасы барреліне 90 АҚШ доллары болған еді.
2014 жылы елдің ішкі жалпы өнімінің нақты өсу болжамы бұрынғы 6,0 пайыз деңгейінде бағаланып отыр. Болжамдар бойынша тауарлар экспорты 86,3 млрд. АҚШ долларын, импорт 52,2 млрд. АҚШ долларын құрайды деп күтілуде. Ал инфляция бойынша параметрлер жылдың соңына болжанған 6-8 пайыз дәлізінде сақталмақ. Доллар бағамының 185 теңгеге дейін ұлғаюына байланысты Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферттің 2014 жылға бекітілген мөлшері 1480 млрд. теңгені құрайды немесе бекітілген бюджетпен салыстырғандағы өсуге байланысты 100 млрд. теңгені құрайды деп күтілуде.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы іске асыру мақсатында, макроэкономикалық көрсеткіштердің 2014 жылға нақтыланған болжамын есепке ала отырып, ағымдағы жылғы республикалық бюджеттің параметрлері нақтыланды. Нәтижесінде, 2014 жылға арналған республикалық бюджеттің түсімдері 6 206,1 млрд. теңге көлемінде немесе бекітілген бюджетпен салыстырғанда 431,7 млрд. теңгеге өсумен айқындалды. Республикалық бюджеттің кірістері (трансферттер түсімдерінсіз) бекітілген жоспардағы 4 029,4 млрд. теңгеге қарағанда 331,7 млрд. теңгеге ұлғайтыла отырып нақтыланды және 4 360,9 млрд. теңгені құрайды», деді Е.Досаев.
Мұнымен қоса Е.Досаев жалпы, қосымша қаражат Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы Жолдауында, Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтқан тапсырмаларын іске асыруға бағытталатынын атап өтті.
Мәселен, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын қолдау мақсатында нақтыланған республикалық бюджет жобасында 121,6 млрд. теңге қосымша бөлу, оның ішінде ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап азаматтық қызметшілердің лауазымдық жалақысына 10 пайыз мөлшерінде ай сайынғы үстемеақыға 63,5 млрд. теңгеге, зейнетақылық және мемлекеттік әлеуметтік төлемдердің мөлшерлерін 53,4 млрд. теңгеге, мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде оқитын студенттердің стипендия мөлшерін 10 пайызға, жалпы сомасы 4,7 млрд. теңгеге жоғарылату көзделген. Сондай-ақ «Балапан» бағдарламасының шеңберінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға, тұрғын үй құрылысы дамуының проблемаларын кешенді шешуге қол жеткізу мақсатында, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасының шеңберінде коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйін жақсартуға, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағыттарына да шығыстар ұлғайтылған.
Үкімет отырысының күн тәртібіндегі екінші мәселе – 2014-2015 жылдарға арналған «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимыл бойынша кешенді жоспар жобасын да Е.Досаев таныстырды. Министрдің ақпараты бойынша, маңыздылығын арттыра түскен Үкіметтің аталмыш кешенді жоспары 60 іс-шараны қамтиды.
«2014-2015 жылдары «көлеңкелі экономикамен» күрес жалпы жүйелік сипаттағы мәселелерді, сондай-ақ, экономика салаларындағы көлеңкелі өндірістерді қысқарту бойынша шараларды жүзеге асыруды көздейді. Жалпы, жүйелік шаралар салықтар мен кедендік төлемдерден жалтарушылармен күреске, қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамытуға, мемлекеттік қаржыларды тиімді басқаруға, бизнес ортаны және әлемдік тәжірибені есепке ала отырып «көлеңкелі экономиканы» бағалауды жетілдіруге бағытталды», деп атап өтті Е.Досаев.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі сонымен қатар, экономика салаларындағы көлеңкелі өндірісті қысқарту бойынша шаралар мейлінше «көлеңкелі экономиканың» үлесі жоғары салалардағы көлеңкелі айналымды кемітуді қарастырады. «Бұл сауда, ауыл шаруашылығы, көлік, жылжымайтын мүлік және өнеркәсіп операциялары болып табылады», деп нақтылады Е.Досаев.
Министр мемлекеттік қаражаттың бір бөлігінің «көлеңкеге» кетуіне қолайлы жағдай туғызатын мемлекеттік сатып алу саласындағы қаржылық бұзушылықтар мен мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесінің жетілдірілмегендігі екенін атап өтті. Сондай-ақ, бұзушылықтарды уақтылы анықтау және тиісті шаралар қабылдау, оның ішінде жауапкершілікке тарту мақсатында жоспар шеңберінде бюджет шығыстарын жоспарлау кезінде тәуекелдерді басқару жүйесін енгізу жоспарланып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, оның айтуынша, мемлекеттік қаражат пен мемлекеттің активтерін басқару, пайдалану тиімділігін арттыру шеңберінде мемлекеттік аудит жүйесін енгізудің және ұсынымдарды әзірлеудің құқықтық тетігі құрылатын болады.
Талқыланған мәселелерді қорытындылай келе, Премьер-Министр С.Ахметов кез келген дамушы ел үшін «көлеңкелі экономикамен» күрестің аса маңыздылығын, оның үстіне біздің алдымызда дамыған отыз елдің ішіне ену міндеті тұрғанын атап өтті. Үкімет басшысы өкілетті органдарға кешенді жоспарды жетілдіріп және осы жылғы 13 наурызға дейін Үкіметке келісілген құжат жобасын енгізуді тапсырды.
Отырыстың күн тәртібіндегі үшінші мәселе – өңірлердің су тасқынына дайындығы туралы Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко баяндады. Министрдің мәліметі бойынша, су тасқынына дайындық үшін 87 шақырым жаңа қорғаныс дамбылары салынды, 119 шақырым қолданыстағы бөгеттер жөнделіп, нығайтылды. 92,5 шақырым өзен арналарының түбін үңгу жұмыстары жүргізілді. Тұтастай алғанда, республика бойынша су тасқыны науқанына 37 мың тонна жанар-жағармай, 200 мың тонна инертті материалдар, 700 мың қап және 104 тонна жарғыш құралдар қоры жасалған.
«Құрамында 4,5 мың адам және 800-ден астам техника бар азаматтық қорғаныстың екі полкы, құтқарушы жасақтар, апаттық медицина орталығы күштері мен құралдары жұмылдырылған топтар алдын ала қалыптастырылып, жоғары дайындық деңгейіне келтірілді», деп түйді В.Божко.
Премьер-Министр жергілікті атқарушы органдарға азаматтарды табиғаттың төтенше өзгерістерінен қорғау мәселелерін айрықша бақылауға алуды тапсырды.
«Жағдайға мониторинг жүргізу, тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын ұйымдастыру қажет және Төтенше жағдайлар министрлігі деңгейінде қабылданған барлық шараларды әкімдіктер мерзімінде жүзеге асыруы тиіс», деді С.Ахметов.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».