Сыр бойында мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясында атқарылған бастама көп. Билік пен бизнес байланысының жаңа форматының шарапатын әсіресе шалғай ауылдағылар көріп отыр. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында облыста аталған серіктестік аясында бой көтерген бірқатар әлеуметтік нысандар ашылды.
Осындай шаралардың алғашқысы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Жаңақорған ауданындағы Төменарық ауылдық округінде өтті. Ауылдағы спорт кешенін «Айару» ЖК салған. Он екі адамды жұмыспен қамтыған кешенде 170-ке жуық балаға еркін күрес, дзюдо және баскетболмен айналысуға мүмкіндік туып отыр.
Төменарық – аудандағы ең іргелі елді мекеннің бірі. Алты мыңға жуық тұрғыны бар ауылдағы спорт мектебі тоқсаныншы жылдары жабылып қалған еді. Сол кезеңдегі қиындықтан бірлігін бұзбай аман шыққан ауылда шешімін таппаған мәселе жоқтың қасы.
– Ауылды қақ жарып темір жол желісі өтіп жатқанын көрдіңіздер ғой. Биыл сол жолдың арғы бетінде 9 көше асфальтталды. Келесі жылы тағы 11 көше жоспарда тұр дегенді естіп отырмыз. Соңғы 5-6 жылда ауыл көшелеріне спорт алаңдары салынып, денешынықтырумен айналысатын балалар қатары көбейгеніне қуанғанбыз. Енді мына жабық спорт кешені сол қуанышымызды еселеп отыр, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Темірбек Құтжанов.
Облыс әкімі ауылға спорт кешенін сыйлаған кәсіпкермен пікірлесіп, жаңа ғимаратта жаттығып жатқан жасөспірімдермен сөйлесті. Ақсақалдардың ауылды дамыту бағытындағы ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Аудандағы ең шалғай ауыл Қандөзде де билік пен бизнес әріптестігінің аясында спорт кешені қолданысқа беріліп отыр. Бүгінде мұнда 126 бала спорттың 3 түрі бойынша жаттығады. Облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесуде инфрақұрылым мәселелеріне қатысты ұсыныс-пікірлеріне құлақ түріп, олардың кезегіне қарай шешілетінін айтты.
Гүлшара Наушақызы тұрғындармен жүздесуде өңірдегі 2 156 баланы қамтитын мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруға биыл 212 млн теңге қаралса, келер жылы қаржыны 638 млн теңгеге ұлғайту жоспарда бар екенін және осы арқылы 4 312 баланы бұқаралық спортқа тарту көзделгенін айтып өтті. Ауыл спортын көтеруге атсалысып, жеке қаражаты есебінен нысан салып мүдделестік танытқан кәсіпкерлерге алғысын білдірді.
Аудандағы Жаңарық елді мекенінде де ауылдық дәрігерлік амбулатория ашылды. Өңір басшысы ұлт денсаулығын нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін, жаңа дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарына медициналық көмекті қолжетімді етуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында денсаулық сақтаудың тиімді моделін құру арқылы 3 жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Осы тапсырмаға сәйкес аймақтың барлық аудандарында медициналық нысандар жаңадан салынуда. Былтыр Жалағаш ауданында 100 төсектік заманауи орталық аурухананы пайдалануға берсек, осы жылы тамыз айында облыс орталығынан модульді жұқпалы аурулар ауруханасы ашылды. Жыл соңына дейін Қазалы ауданынан 250 келушіге арналған емхананы ел игілігіне табыстайтын боламыз,– деді Г.Әбдіқалықова.
Облыстағы іскер азаматтар арасында ешкімнен өтініш, тапсырма күтпей-ақ ауылдастарына қолдан келген көмегін көрсетіп отырғандар аз емес. Солардың бірі – Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруа қожалығының жетекшісі Дәулет Жұмбеков. Облыс басшысы ауданға сапарында қожалықта жұмыс істейтін көпбалалы 2 отбасыға баспана салып берген кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
Аудандағы Керделі ауылдық округінде Бағлан Әшірбеков атты іскер азамат мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында спорттық сауықтыру кешенін салып бітірді. Онда күрес, таэквандо, баскетбол, шахмат және ауыр атлетика үйірмелері бар. Жаңа нысанның 11 тұрақты жұмыспен қамтығанын және қосыңыз.
– Соңғы 5 жылда мемлекет-жекеменшік әріптестік шеңберінде Ақмая, Алғабас, Бестам, Тұран ауылдық округтерінде спорт кешені пайдалануға беріліп, спортшыларымыздың жеңістері еселене түсті, – деді облыс әкімі. – Бүгін тағы бір кешенді қолданысқа бергелі тұрмыз. Бұл ауылды дамытуға айрықша көңіл бөлініп отырғандығының дәлелі. Осы спорт кешенінен шыңдалған жастарымыз түрлі додаларда жеңіске жетіп, олимпиада шыңдарын бағындырып, көк Туымызды желбірете берсін.
Шиелідегі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясындағы шаралардың бірінде Тұран елді мекені «көгілдір отынға» қосылды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тұрғындар қуанышына ортақтасып, салтанатты шараға қатысты.
Жыл басынан бері Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек кенттері мен осы аудандағы Бекежанов және Қодаманов ауылдарына табиғи газ жетсе, аз күнде «көгілдір отынға» Қазалы қаласын қосу жоспарлануда.
Қызылорда облысы