Ковидтің бұрынғы түрлеріне қарағанда «Омикронның» дақпырты көп болды. Бұл штамм Оңтүстік Африка елдеріне айтарлықтай шығын әкеліп, әлемдік әуе рейстерінің жолын жапқанын білеміз. Шындығында, жаңа штамм соншалықты қауіпті ме? Әлемде пандемияның жаңа толқыны жалғасып, «Омикрон» 106 елде тіркеліп отыр. Оның ішінде ұжымдық иммунитеттің деңгейі жоғары – АҚШ, Ұлыбритания, Германия сынды елдер де бар.
Алматыдағы эпидемиялық ахуалға келсек, соңғы 7 күнде КВИ дерті өткен апталармен салыстырғанда 249 оқиғадан 223 жағдайға дейін төмендеп, тәулігіне 30-35 адамнан індет табылып жатыр. Желтоқсан айында Алматыда 1000-1300 адам індетке шалдығу мүмкіндігі болжанса, 22 желтоқсанға дейін 884 жағдай тіркелді.
Алматыда КВИ дертінің төмендеуіне ұжымдық иммунитетті 58,4%-ға көтеру айтарлықтай көмектескен. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев: «Алматыны жаппай вакциналау қажет. Өйткені қалалық санэпидқызметтің талдау тобы мамандарының болжамы бойынша, Алматыда COVID-19 «омикрон» штамының тіркелуі әбден мүмкін. Эпидемияның кезекті толқыны 2022 жылғы қаңтардың ортасында күтілуде, наурыз айының ортасына қарай өршуі ықтимал», деді.
Өйткені 3-20 желтоқсан аралығында Алматыға шетелден 49,4 мың жолаушысы бар 344 рейс қонды. Оның ішінде ПТР анықтамаларымен – 29,7 мың, вакциналау паспортымен – 20 мың, «омикрон» штамы тіркелген елдерден 2,9 мың жолаушы келген. Барлығы медициналық бақылауға алынып, 7 күн бойы оқшауланса, олардың арасында КВИ-мен ауыратын 5 науқас анықталды. Жолаушылардың 90%-ы Германия, Мысыр мен Ұлыбританиядан келеді, ал бұл елдерде індеттің жаңа түрі табылғаны аян.
Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин орта мерзімді болжамды жариялап, соған сәйкес COVID-19 «омикрон»-нұсқасы эпидемиясының кезекті толқыны болатынын айтты. 2022 жылдың қаңтар айының ортасынан бастап «омикрон» «дельта» нұсқасын біртіндеп ауыстырып, өрши бастайтын көрінеді. Бесінші толқынның шыңы алдағы жылдың наурыз айының ортасында болуы мүмкін. Сондай-ақ соңғы аптада 60 жастан асқан егде адамдар арасында жұқтырғандардың үлесі 80%-ды құрайтыны белгілі болды. Инфекцияның негізгі орындары – қоғамдық көлік (36%), сауда нысандары (34%) және отбасылардағы байланыстар (25%).
Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева: «Білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық қа- уіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі ерекше бақылауда. Барлық балабақшалар, мектептер мен колледждер Ashyq жобасына қосылып, қажетті мөлшерде дезинфекциялық және антисептикалық құралдармен қамтамасыз етілген», деді.
«Балабақшалар жыл бойы жұмыс істейтінін ескере отырып, қысқы мерекелер қарсаңында біз ата-аналар арасында балаларды бақылау қажеттілігі және олардың денсаулық жағдайы туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтеміз. Барлық балабақшада таңертеңгі сүзгі жұмыс істейді, ауру және ЖРВИ белгілері бар балалар топтарға жіберілмейді», дейді Л.Жылқыбаева.
Жыл басынан бері Алматыдағы балабақшаларда 122 бала COVID-19-бен ауырып, балалар індет жұқтырғаны анықталған топтарда екі апталық карантин жарияланды. Қазір қалада оқушылардың 95%-ы офлайн (287 955 адам) және 5%-ы онлайн оқиды. Күн сайын қашықтан оқыту форматында 15 155 оқушы білім алады. Оқу жылы басталғаннан бері 3 869 оқушы коронавируспен ауырды, олардың 2 376-ы офлайн оқыды. Науқастар қашықтан оқытуға көшірілді.
Алматыда қазір 585 700 доза вакцина, оның ішінде Спутник-V – 33 756, QazVac – 50 009, Vero Cell – 223 755 және 277 987 – Pfizer вакциналары бар, үшінші вакцинаны 45 503 алматылық алды.
АЛМАТЫ