Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев даңқты балет бишісі, Қазақ КСР және КСРО халық әртісі Рамазан Баповтың өмірден озуына байланысты оның отбасы мен туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы жеделхатта Рамазан Баповтың өз өмірін өнерге арнап, зор табыстарға қол жеткізгеніне тоқталды.
«Ол ұзақ жыл Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жемісті еңбек етіп, айтулы спектакльдердегі басты партияларды үлкен шеберлікпен орындап, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Өз өнерін әлемнің көптеген елінің сахналарында да паш етті. Ұстаздық қызметпен айналысып, шәкірттер тәрбиеледі. 2008 жылы менің шақыруыммен елге оралып, туған театрының шығармашылық тұрғыдан одан әрі кемелдене түсуіне лайықты үлесін қосты», – делінген жеделхатта.
Жеделхат соңында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы оның есімі мен еңбегін әрдайым есте сақтайтынын атап өткен.