ҚР Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жоғарғы палатаның 2021жылғы жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгін Сенаттың осы жылдағы қорытынды отырысын өткіздік. 2021 жыл еліміз үшін ерекше жыл болды. Қастерлі Тәуелсіздгіміздің 30 жылдығы атап өттік. Парламент Үкіметпен бірлесіп Президент Жолдауы мен тапсырмаларын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуде. Соның нәтижесніде биыл Парламент 104 заң қабылдады. Қабылданған заңдар еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық орнықты дамуын көздейді», деген Мәулен Әшімбаев Президент тапсырмасы бойынша қабылданған бірқатар маңызды заңдарға тоқталды.
Олардың қатарында жер қатынастары мәселелерін, мемлекеттік және жергілікті басқару жүйесін реттеуге, өлім жазасынан бас тартуға, құқық қорғау органдарын реформалауға, елдегі бизнес ортаны жақсартуға, отандық өнеркәсіпті жетілдіруге арналған заңдар және тағы басқа нормалар бар. Сенат төрағасы депутаттардың заң шығаруға бастамашы болуда жұмыс істегенін атады.
«Жыл өткен сайын бұл жұмыстың саны да, сапасы да артып келеді. Биыл қабылданған әр төртінші заңға Парламент депутаттары бастамашы болды. Олардың қатарында еліміздің сот жүйесін одан әрі реформалауға, азаматтық процесті жеңілдетуге, татуластыру рәсімдерін қолдану саласын кеңейтуге, жеке тұлғаның жалғыз баспанасын кепіл ретінде қабылдауға шектеу қоюға және басқа да мәселелерді реттеуге бағытталған маңызды заңдар бар. Президенттің тапсырмасы бойынша депутаттардың бастамашы болуымен әзірленген заңдардың қатарында «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» туралы заң да бар», деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ, ол 2021 жылы сенаторлар заң шығарумен қатар басқа да бағыттар бойынша табысты жұмыс істегенін айтып, өңірлердегі мәселелерді шешу, кәсіпкерлікті дамыту және ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағыттары Сенат өкілдерінің үнемі назарында болғанын еске салды.
«Биыл біз заң шығарумен қатар парламенттік қызметіміздің өзге де бағыттары бойынша мазмұнды әрі нәтижелі жұмыс істедік. Сенаторлар маңызды тақырыптар бойынша мемлекеттік органдарға 100-ге жуық депутаттық сауал жолдады. Сенат қабырғасында қоғамды алаңдатқан өзекті мәселелерге арналған 80-нен астам іс-шара өткізілді», деп түйіндеді Сенат төрағасы.