• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
12 Наурыз, 2014

«Түркістан» кемесі сапарға шықты

474 рет
көрсетілді

Жақында Ақтау портынан «Түркістан» құрғақ жүк кемесі сапарға шықты. Ол туралы «Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында бес мың тонналық кемеге экспортқа шығарылатын бидай тиеле бастады», деп хабарлады «KTZ Express» АҚ атқарушы директоры кеме капитаны Михаил Ялбачев. Кеме екі күн жол жүріп нау­рыз­дың 10-ында Каспий жаға­ла­уындағы порттың біріне аялдады. Он адамнан тұратын экипажды капитан Дмитрий Нестратов бас­қарады. «Түркістан» кемесінен кейін «Бекет ата» кемесіне жүк тиеледі. Ол да бес мың тонна жүк тасиды. Бұл құрғақ жүк тасымалдайтын кемелерді «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорны «KTZ Express» 2013 жылы желтоқсанда сатып алған болатын. «KTZ Express» Қазақстанның теміржол, әуе жолы, теңіз жолы кәсіпорындарының арасында мультимодальдық опе­раторлық қызметін атқарады. Құрғақ жүктер оның ішінде астық өнімдері, ағаш, металл бұйымдары, металл сынықтары, ірі және ауыр құрғақ жүктер Ақтаудың теңіз портына теміржол арқылы жеткізіледі. 2013 жылы желтоқсанның 20-сын­да Қазақстан Президенті т­іке­­лей телекөпір кезінде отандық ке­ме­лерді «Түркістан» және «Бекет ата» деп атауды ұсынған бола­тын. Биылғы жылдың 10 қаңта­рында «Бекет ата» мен «Түр­кістан» ҚР халықаралық реги­с­тріне №1 және №2 кемелері болып тіркеліп, оларда Қазақстан туы көтерілді. Бұйыртса, бұл ке­ме­лер Ақтау порты арқылы 2014 жылы 300 мың тонна жүк тасы­мал­данады деген жоспардың 15 пайызын қамтиды деген үміт бар. Ол «Қазақстандық жүк – қазақ­стан­дық порт – қазақстандық флот» тәртібімен жүргізіледі. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».