Ақмола облысында қылмыстың қарқыны бәсеңдемей отыр. Мысалы, бөтеннің мүлкін ұрлау 15,7 пайызға, ұялы телефондарды жымқыру 9,4 пайызға өссе, қарақшылық шабуылдар саны 15,6 пайызға өскен. Оған қоса, тіркелген қылмыстар құрылымында ұрлық жасаудың үлесі 64,4 пайызды құраған. Әсіресе, тұрмыстық сектордың көлеңкеде қалып жатқаны алаңдатады.
Сондықтан да бұл кемшілікті жоюдың төте жолы ретінде, яғни қылмыстың алдын алу шараларына заманалық техника жетістіктерін тікелей қосу және жергілікті атқарушы органдар мен азаматтардың қолдауына арқа сүйеудеміз, – дейді бізбен әңгімесінде ІІД мемлекеттік күзет бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Сәкен Әбілмәжінов.
Әйткенмен, істің өзектілігіне қарамастан, жайбасарлық көріністері де жойылмауда. Мысалы, Зеренді ауылындағы 498 пәтер мен 9199 жеке тұрғын үйдің екеуі ғана орталық бақылау пунктіне қосылған. Дәл осындай жағдай Еңбекшілдер, Ерейментау, Жақсы, Астрахан, тағы басқа аудандарда орын алып отыр.
Халқымыз «сақтансаң – сақтаймын» деген нақылды жиі айтады. Оның мағынасын түсіндіріп жатудың өзі артық. Бүгінгі құқықтық қоғамның ұстанымы да солай. Демек, ортақ кесапаттың алдын алуға септесу, оған тікелей қатысу баршамыздан жауапкершілікті еселей түсуді талап ететіні анық.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.