• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Білім 31 Желтоқсан, 2021

Оқушылардың мобильді қосымшасы

347 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп оқушылары­ның сөзіне қарағанда, дәстүрлі білім беру тәжірибеге қара­ғанда теорияға көп жүгінеді. Бұл олқылықтың орнын толтыру мақ­сатында олар виртуалды шындық технологиясы негі­зінде Accessus (латын тілінде «қолжетімділік») мобильді қосым­шасын дайындады.

Оқушылардың командалық жұмысы STEM (жаратылыс­тану ғылымдары және инженерия) блогының пәндерін үйренуге ба­ғытталған. Бұл кез келген оқушыға жаратылыстану пәндерін тәжірибе жүзінде қы­зықты әрі көрнекті етуге мүмкіндік береді.

– Көптеген мектепте оқу­­шылар тек теориялық білім ала­тындықтан, зерігіп, содан оқу үлгерімі төмендеуі бай­қалады. Жоба арқылы оқу­шылар ғылыми пәндерді оп­тикалық материалдар бойын­ша оқуға мүмкіндік алады. Қа­зір ғылыми патент алу үс­тін­деміз. Көп ұзамай қо­сым­шаны AppStore және PlayMarket-те іске қосатын бо­ламыз, – дейді команда капитаны Әлібек Сеитов.

Балалардың айтуынша, жұ­мыстың көп бөлігі идеяны жетіл­діруге жұмсалды: топтың бір бөлігі виртуалды көріністер немесе бөлмелер (пайдаланушы эксперименттер жүргізетін жер) жасауға көңіл бөлсе, кейбірі зерттеу материалдарды қарапайым және түсінікті тіл­де жазып, өзге­лері мобильді қосымшаның жұмысын тек­се­ріп, қателіктерін анықтаған. Қо­сымша – жоғары сынып оқу­шы­ларының топтық еңбегінің жемісі.

– Біз оқушылар нақты ғы­лым­­дардың қағи­даттарын жеңіл игере алатын дүние жаса­дық. Мысалы, жасушалардың құ­ры­лымы, ауырлық принципі се­кілді тақы­рыптар. Барлық күш-жігерімізді ғылыми сала­лар­дағы шығармашылық көзқарас тұжырымдамасын жаңғыртуға және жүйе­леуге бағыттадық, – деп түсіндірді 9-сы­нып оқу­шысы, қосымшаның техника­лық бөлігіне жауапты маман Инсар Тунгуш­баев.

Оқушылар алдымен мобиль­ді қосым­ша­ны өз мектептерінде пайдалануды жос­­парлап, оны 9 Б сыныбының физика саба­ғында сынап көрді.

– Қосымшаның тиімділігін атап өткім келеді. Бір роликтің ішінде біз ауырлық заңы және масса ұғымдарымен таныстық, – дейді 9-сынып оқушысы Санжар.

Accessus жобасы Solve for Tomorrow республикалық бай­қауы­ның қазылар алқасының да кө­ңілінен шықты. Оқушылар мо­­бильді қосымшаны жүзеге асы­ру мақсатында 450 мың тең­ге кө­леміндегі сыйақы алды. 2010 жылы АҚШ-та құрыл­ған Solve for Tomorrow бағдар­ла­ма­­сы қазір әлемнің 23 елінде жұ­мыс  істейді, – дейді Нұр-Сұл­тан­ Халықаралық мектебінің бас­пасөз хатшысы Құралай Исаева.