Адамзаттың қатпарлы тарихында небір ойшылдар өткен. Ал Абайдың жөні бір бөлек. Ұлы ойшылдың адамзаттың бәрін бауырындай сүюге, өзгелер үйренер өнегелі іс тындыруға үндейтін өсиеті қаншама?!.
Жұмыр жердің төрт тарабын мекен еткен жаһан жұртының бір бөлшегі – қазақ қоғамы даналықтың дәнін жас буынның санасына себуді көздеген Абайдың арманын әлі де толық түсінбей келеді. Адамдық айнасына қылаудай дақ түсірмеуді ойлаған әр пенде дара данышпан меңзеген толық адам деңгейіне жету үшін «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым, ойлап қой» деп анық айтылған бес асыл істі тура жолдан адастырмайтын темірқазықтай қағидасына балағаны жөн еді. Дәл қазір осы қағида, әсіресе қазақ қоғамына ауадай қажет-ақ.
Тегінде «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп есті адам есінде ұстар үш-ақ қасиетті дәлдікпен анықтап берген ұлы Абайдың есімін ұлықтап, рухын асқақтатар құрметке шектеу болмауы керек. Өйткені дара данышпанның еңселі ескерткіші әр ауылда, әр қалада бой көтеріп, есімі жас буын білім алатын мектептер мен орталықтарға берілсе, жарасып-ақ тұрмай ма? Мәселен, Атырау облысында Абай Құнанбайұлының есімімен аталатын 5 мектеп пен 28 көше бар. Былтыр ойшылдың есімі жаңадан бой көтерген оқушылар мен жастар сарайына беріліп, нысан атауы Абай орталығы болып өзгертілді.
Қазір бұл орталықта 30 бағытты қамтитын 100-ге жуық үйірме ашылған. Үйірмелерде 800-ге жуық оқушы өнер, шығармашылық, технология, көркем-эстетика, спорт, әскери-патриоттық, экология-биология бағытында қосымша білім алады. Енді, міне, Абайдың еңселі ескерткіші ұлы ақынның аты берілген орталықтың алдына қойылды. Биіктігі 11 метрді құрайтын ескерткішті мүсінші Асқар Нартов қоладан құйған.
Даналықтың биік шыңына шыққан ұлы Абайдың бұл ескерткіші «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» дейтін бес дұшпаннан кем түспес теріс әрекеттен арылмай жүргендерді ойландыра ала ма?..
Атырау облысы