Малайзиялық ең ірі әуе компаниясының біріне қарасты Boeing 777 әуе лайнері Куала-Лумпур қаласынан Бейжіңге бет алып ұшып шыққаннан кейін екі сағаттан соң, белгісіз жағдайда жоғалып кеткен.
Ұшақ бортында 12 экипаж мүшесі және әлемнің 14 елінен 227 жолаушы болған көрінеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, олардың 154-і Қытай азаматтары болып табылады. Сонымен бірге, ұшақта Малайзияның – 38, Үндістанның – 5, Индонезияның – 7, Австралияның – 7, АҚШ-тың – 4, Францияның 3 азаматы, Жаңа Зеландия, Канада және Украинаның – 2-ден, сонымен бірге, Ресей мен Нидерландыдан бір-бірден азаматтар болған.
Жоғалып кеткен Boeing 777 ұшағын іздеу операциясына Малайзияның, Қытайдың, Сингапурдың, Вьетнамның, Филиппиннің және Индонезияның авиациялары мен кемелері қатысуда. АҚШ Оңтүстік Қытай теңізіне екі эсминец және іздеу-құтқару жұмыстарына арналған жабдықтары бар «Орион» әскери ұшағын жіберді. Іздеу жұмыстарына жалпы саны 40 кеме мен 22 ұшақ қатысуда.
Алдын ала жүргізілген тексерулер жоғалып кеткен әуе лайнерінің бортында бөтен біреулердің құжаттарын пайдаланып, ұшаққа отырған екі жолаушының болғанын анықтап отыр. Малайзия азаматтық авиация департаментінің басшысы Азхаруддин Абдул Рахманның баспасөз мәслихатында хабарлағанындай, ұрланған паспорттар бойынша ұшаққа отырған екі жолаушы қара нәсілділер болғанымен, африкалықтар емес көрінеді. Тергеу анықтағандай, олардың екеуі де билетті Ираннан жасалған брон бойынша курортты Паттайа қаласында сатып алған екен. Сонымен бірге, корольдік полициясының басшысы Халид Абу Бакар бөгде төлқұжатпен ұшаққа отырған екі адамның бірінің кім екендігінің белгілі болғандығын да айғақтап отыр. Бірақ, полиция басшысы оның малайзиялық емес екенін ғана жеткізіп, күдіктінің нақты ұлтын айтудан бас тартқан.
Қазіргі уақытта іздеу операциясына қатысушылар лайнер диспетчермен байланысты жоғалтқаннан кейін Куала-Лумпур әуежайына қайта оралды деген нұсқаны қарастыруда. Анықталмаған соңғы мәліметтерге қарағанда, Оңтүстік Қытай теңізінің Вьетнам жағалауында жоғалып кеткен ұшақ бөлшектеріне ұқсас сынықтар табылған.