Шет ауданындағы Киікті ауылында жаңа мектеп салу туралы әңгіме осыдан он бес жылдай уақыт бұрын көтерілген еді. Мұндағы алпыс жыл бұрын қабырғасы қаланған білім ұясының ғимараты әбден тозып, іші оқушы балаларға тарлық етіп, бұл өзекті мәселе күні кешеге дейін күн тақырыбында өткір тұрған болатын.
Енді міне, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің қолдауымен аталған ауылда қысқа мерзім ішінде екі қабатты заманауи мектеп үйі бой көтерді, деп жазады Egemen.kz.
Жаңа жыл алдындағы жаңа мектептің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова, Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров, аудандық мәслихаттың хатшысы Бәкен Төлеуқұлов және аудандық білім бөлімінің басшысы Елдос Смағұлов арнайы келді.
Сәулеті сұлу және сапалы салынған жаңа мектеп екі блоктан тұрады. Іші толықтай заманауи материалдық-техникалық базамен жабдықталған. Атап айтқанда, білім ұясында 17 оқу кабинеті, лингафондық-мультимедиялық кабинет, шеберханалар, спорт залы, кітапхана, асхана, медициналық бөлме қарастырылған. Сонымен қатар, мектепалды даярлық сыныбы үшін 15 балаға арналған жеке кіреберіс жабдықталған. Олардың жеке ойын және оқу бөлмелері бар.
Жаңа мектептің ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Абзал Нүкенов Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің атынан білім мекемесіне 10 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.
– Жаңа мектептің салынып, пайдалануға берілгеніне өте қуаныштымыз. Мұны біз ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында ауылымызға жасалған толайым тарту деп қабылдадық. Киікті ауылының мектебі бұрын да өзінің игі дәстүрімен, жоғары жетістіктерімен даңқы шыққан білім ұясы еді. Енді бұл сабақтастық жалғасын сәтімен тауып, жаңа мектеп қабырғасынан елімізге адал қызмет ететін білімді және өнегелі түлектер самғап ұша берсін деген тілек айтамыз, – деді тұсаукесер рәсімінде сөз сөйлеген ардагер ұстаз Жібек Есжанова.
Киікті ауылының тұрғындары мектеп үйін 670 млн теңге қаражатқа сапалы дәрежеде салған Қызылорда қаласының «Аман құрылыс» компаниясына, оның басшысы Әділхан Маштаев мырзаға дән риза. Құрыш қолды құрылысшылардың ерен еңбегін, мердігердің аяқасты туындаған кейбір қиыншылықтарға қарамастан құрылысты жоспарланған уақытта бітірген жауапкершілігі мен іскерлігін облыс басшылығы да атап өтті.
Осы орайда, Шет ауданы бойынша 2021 жылы жалпы сомасы 320 миллион теңге болатын қаражатқа 21 мектептің терезе, шатыр, жылу жүйелеріжаңартылып және сыртын тыстау жұмыстары жүргізілгенін айта кеткен жөн. Сонымен қатар,Ақадыр кентіндегі өткен ғасырдың 40-шы жылдары салынған, спорт залы мүлдем болмаған Әлімхан Ермеков аттындағы мектеп-ресурс орталығында 390 миллион теңгеге жаңадан спорт зал мен асхана құрылысы басталған.
Болат жолдың бойындағы Киікті ауылында бүгінде мыңнан астам адам тұрады. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі темір жол саласында еңбек етеді. Ал мектеп жасындағы балалардың саны 179 оқушыны құрайды. Оларға білім және тәлім-тәрбие берумен 35 педагог-маманнан тұратын ұжым айналысады.
Бұл ауылда қазақтың классик композиторы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сыдық Мұхамеджанов дүниеге келген. Қазіргі таңда мектеп әйгілі сазгердің есімімен аталады. Сонымен бірге Киіктінің киелі топырағына қазақтың көрнекті жазушы, «Елім-ай» трилогиясының авторы Софы Сматаевтың да кіндік қаны тамған.
Сәтін салса, Киікті ауылының оқушылары үшінші тоқсанда барлық санитарлық нормалар мен талаптарды сақтай отырып, штаттық режімде іші-сырты сыңғырлаған су жаңа мектепте оқитын болады.