Жалпы жұрттың, оның ішінде жастардың спортпен айналысуы құптарлық жағдай. Халқымыз ежелден ұстанған саламатты өмір салты бүгінде жалғасын тауып, жаңа деңгейге көтеріледі. Еліміздің әрбір аудан, ауылдарында бүгінде спорт нысандары көптеп салынып, мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетіліп жатыр. Нәтижесінде, көптеген жас спорт саласында жетістіктерге жетіп, ел мерейін асыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты былтырғы Жолдауында «Жұрттың және балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет екенін тағы да қайталап айтамын», деген болатын.
Сонымен қатар «Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс», деп тапсырма да берген. Президент тапсырмасына сәйкес, Жамбыл өңірінде де спорт саласына тиісті көңіл бөлініп келеді. Кезінде атақты Жақсылық Үшкемпіровтен бастап, Олимпия ойындарының талай жеңімпаздары шыққан Әулиеата жерінде спорт саласы айтарлықтай дамып келеді.
Бүгінде облыс бойынша 4 524 спорт секциясы жұмыс атқаруда. 2020 жылмен салыстырғанда секция саны 188-ге өскен. Сондай-ақ аймақ бойынша 51 спорт мекемесі бар.
«Аталған арнайы спорт мекемелеріндегі спорттық секцияларда бүгінде 29 219 спортшы шұғылдануда. Бұл спортшылардың ішінде 20 450 азамат аудан спортшылары болып саналады. Аталған спортшылармен 1 045 оқытушы-жаттықтырушы жұмыс істейді», дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков.
Жалпы, облыстың спорт мекемелерінде спорттың 72 түрі қамтылған. Оның ішінде бокс, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, каратэ, таэквондо, жеңіл атлетика, футбол, жүзу, велоспорт, баскетбол, су добы сияқты барлығы 25 олимпиадалық және спорттық акробатика, армрестлинг, гір спорты, дойбы, кикбоксинг, шахмат, белбеу күресі сияқты олимпиадалық емес 19 ойын түрі бар. Сонымен қатар өңірде спортшылар қазақ күресі, көкпар, аударыспақ, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты барлығы 10 ұлттық ойынмен және 8 паралимпиадалық, 7 сурдлимпиадалық, 3 паралимпиадалық емес спорт түрлерімен де шұғылданады.
Нұрбол Жүнісбеков бұқаралық спортты дамыту және балалар мен жасөспірімдерді дене шынықтыруға тарту мақсатында былтыр 1 мамырдан бастап мемлекеттік шығармашылық және спорттық тапсырыстарды жүзеге асыру бойынша жұмыстар басталғанын айтты.
«Мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыру мақсатында былтыр жергілікті бюджеттен 142 млн 328 мың теңге қарастырылып, спорттың шахмат, футбол, таэквондо, каратэ, дзюдо, еркін күрес, волейбол, жүзу, баскетбол, футзал, грек-рим күресі, бокс, қазақ күресі, ауыр атлетика, спорттық би, үстел теннисі, пауэрлифтинг сияқты 17 түрінен 10 998 бала спортқа тартылды», дейді ол.
Жалпы, Жамбыл өңірінің спорт саласында мемлекет қолдауының нәтижесі де бар. Былтыр Токио қаласында өткен ХХХIІ жазғы Олимпия ойындарына облыстың 5 спортшысы лицензия жеңіп алғаны да үлкен мақтаныш. Боксшы Әбілхан Аманқұл, дзюдошы Елдос Сметов, еркін күрестен Әлішер Ерғали, су добынан Алтай Әлтаев және таэквондодан Руслан Жапаров әлемдік додада бақ сынады. Нәтижесінде, Токио Олимпиадасында Елдос Сметов қола медаль иегері атанды. Ал XVI жазғы Паралимпиада ойындарына да ұлттық құрама командасы сапында 4 жамбылдық спортшы сынға түсіп, нәтижесінде паражүзуден Жұмағали Нұрдаулет қола медальға ие болды. Бұдан бөлек, облыс спортшылары түрлі республикалық және халықаралық байрақты бәсекелерде 741 алтын, 562 күміс, 611 қола медаль алған. Бұл жетістіктердің барлығы да өңір спортының өркендеуіне айтарлықтай жол ашып отыр.
Білім саласындағы бәсекені арттыру да заман талабы. Әсіресе, жастар үшін өнер үйрену, ғылым игеру сияқты құндылықтар өте қажет. Бұл ретте де мемлекет тарапынан білім беру саласына тиісті көңіл бөлініп, білім сапасы артуда. Облыстық білім басқармасының бас маманы Эльмира Пернебекқызы бүгінгі таңда өңірде 76 қосымша білім беру мекемелерінің бар екенін, 4 584 үйірме жұмыс істейтінін айтты. Оның ішінде 10 мекеме қала сыртындағы лагерьлерде болса, 58 мекеме – мемлекет меншігінде. Сондай-ақ 7 мекеме жекеменшік есебінде тұр екен. Қазіргі кезде облыста қосымша білім беру үйірмелерімен 67 796 бала қамтылған. Балалар домбыра тарту, сурет салу, театрландырылған көріністерді қоюды үйрену және тағы да басқа өз қызығушылықтары бойынша үйірмелерге қатыса алады. Әрбір үйірмеге жетекші бекітілген. Үйірме қатысушылары жыл сайын түрлі саладағы фестивальдерге де қатысып, жүлделі болып келеді.
Әрбір саладан нәтиже күтілетіні анық. Мемлекет қолдауымен оң нәтижеге қол жеткізіп келе жатқан өңір спорты мен білім саласы жастарды бәсекеге қабілеттілікке баулуда тиісті жұмыстар атқарып келеді. Ал оң нәтиженің оң өзгерістерге бастайтыны белгілі.