Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент. Еліміздегі ең ірі үш мегаполис сыбайлас жемқорлық қылмысы бойынша алдыңғы үштікке енсе, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстары өңірлердің «көшін» бастап тұр. Ал салалар бойынша жемқорлық фактілері ауыл шаруашылығы, білім, тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қамтамасыз ету және денсаулық сақтау ведомстволарында көп тіркелген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановтың мәлімдеуінше, былтыр ауыл шаруашылығы саласы бойынша 960 қылмыс тіркелсе, оның жартысынан астамы субсидияны жымқырумен байланысты. Осыған орай Президенттің тапсырмасымен субсидиялау тәртібін қайта қарау бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Ауыл шаруашылығындағы сыбайлас жемқорлыққа не ықпал ететінін ашық айтқан агенттік төрағасы: «Мемлекеттік бағдарламалар пайда болған кезде бөлінген қаражаттың ғылыми және экономикалық аспектілері ескерілмейді. Нысаналы индикаторлар нәтижеге емес, процестерге бағытталған. Демек, бақылаусыздық осыдан шығады. Субсидияларды тиімді пайдалануға Ауыл шаруашылығы министрлігі де, әкімдіктер де жауап бермейді», дейді.
Қарапайым фермерлер үшін өтінімдерді қабылдаудың басталғаны туралы ақпарат қолжетімсіз. Себебі өтінімдер берілетін «Қолдау» базасында кезектілік ашық емес. Сондықтан да субсидиялар әділетсіз бөлінеді. Қазіргі таңда субсидиялау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты 62 қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Алайда М.Ахметжановтың айтуынша, «бұл тіркелген қылмыстық істер – айсбергтің жоғарғы жағы ғана».
Сондай-ақ былтырғы 11 айда ел көлемінде 1500-ден астам сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеліп, 1 280 адам жауапқа тартылған. Жемқорлыққа барғандардың 159-ы түрлі деңгейдегі басшы лауазымындағылар.
«Мемлекет бюджетіне 20 млрд теңгеден астам залал өтелді. Бірақ бұл құрғақ сандар мәселенің шынайы бет-бейнесін ашық көрсете алмайды. Статистика бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны өткен жылға қарағанда 34 пайызға төмендеген. Оның белгілі бір себептері де бар. Биылдан бастап біз жаңа үш буынды модель жүйесінде жұмыс істеуді бастадық. Қазір азаматтардың құқықтарына қатысты барлық процессуалдық шешімдер прокурордың келісімінсіз заңды күшіне енбейді. Яғни тергеудің алғашқы кезеңінен бастап тиісті сүзгі жасалады. Сондықтан әрбір қылмысты тіркемес бұрын істі мұқият қараймыз. Формальды негіздер бойынша қылмыстарды жаппай тіркеу тәжірибесі тоқтатылды. Азаматтарды қылмыстық орбитаға негізсіз тарту азайды», деді агенттік басшысы.
Агенттіктің рейтинг көрсеткіштерінен бас тартқанын айтқан М.Ахметжанов жұмыстағы жаңа әдіс-тәсілдер жайлы мағлұмат берді. Оның айтуынша, бұған дейін агенттік қылмыстық қудалау органы ретінде құрылып, жұмыстың тиімділігі қылмыс саны және қоғамдық резонанс тудырған ұстау, қамаулармен бағаланатын. «Лауазымды адамдарды ғана ұстау жемқорлықтағы жүйелі мәселені түбегейлі шешпейді. Осы уақытқа дейін мұндай тәсілдер жемқорлықтың себептері мен жағдайларын жойған жоқ. Мемлекет басшысы да бұған ерекше назар аударып, жемқорлықтың шарттарын жоймай, онымен күресу – жел диірменімен алысумен бірдей деп айтты. Сол себепті де қазіргі кезде агенттік жұмысы қайта бағдарлануда», деді бұл жайында ведомство басшысы.
Көп бағытта жүргізілген цифрландыру, жемқорлық туралы хабарлаған азаматтарды көтермелеу жүйесін жетілдіру, мемлекеттік ұйымдарда жақын туыстардың бірлескен жұмысын шектеу, қол астындағы қызметкердің жемқорлығы үшін басшылардың жеке жауапкершілігін айқындау, жемқорлық қылмысы үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға жазаны күшейту – бұл осы бағытта жүргізілген жұмыстардың бір парасы ғана. Мәселен, бүгінде парақорлық үшін бас бостандығынан айыру мерзімі 15 жылға дейін ұзартылып, ауыр жемқорлық қылмыстары үшін түзеу мекемелерінен ерте босату алынып тасталды.
БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берген агенттік төрағасы сыбайлас жемқорлық істерінің үштен бірі «пара беру» бабы бойынша тіркелетінін де мәлімдеді. Егер 2015 жылы «пара беру» бабы бойынша тіркелген фактілер барлық қылмыстардың 10 пайызын құраса, биыл бұл көрсеткіш үштен бір бөлігін алып отыр.
«Адамдар шенеуніктерге саналы түрде пара береді. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың бүкіл жүйесін қайта форматтау қажет. Қазір қолданыстағы салалық заң күресті емес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды мақсат етіп отыр. Бұл біздің агенттіктің қазіргі атауында да көрініс тапты», деген спикер бұл кеселмен қоғам болып күресудің өзектілігін де сөз етті.