Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағасы қызметін өз еркімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бергенін өзінің твиттерінде жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Кейінгі уақытта БАҚ пен әлеуметтік желілерде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне қатысты көптеген қауесеттер мен арандатушылық жазбалар таралуда. Қазіргі жағдайда мұндай әрекетті саяси жағдайды тұрақсыздандыру және мемлекеттің конституциялық негіздерін бұзу әрекеті ретінде қарастырамыз.
Бұрын мәлімдегенімдей, Елбасы осы күндерде Нұр-Сұлтан қаласында болып, Мемлекет басшысына қолдау көрсетуде. Алайда, жағдай өте қиын болды, сондықтан Елбасының өзі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы лауазымын Президентке беру туралы шешім қабылдады. Өйткені ол елде болып жатқан тәртіпсіздіктер мен террорлық істер Мемлекет басшылығынан жедел, қатаң және ымырасыз жауап талап ететінін жақсы білді», делінген түсініктемеде.
Сондай-ақ ол Елбасы мен Президент халықты, елдің болашағын ойлауда бір қатардан табылғанын атап өткен.
«Елбасы мен Мемлекет басшысы өз халқын, елін және ұлт болашағын қорғау ісінде әрдайым бір шепте әрекет етті. Осы қиын-қыстау күндерде олар мемлекеттік биліктің біртұтас екенін тағы да көрсетті.
Осынау қиын-қыстау кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев барлық азаматтарды халқымыздың бірлігі мен тұтастығын көрсетуге және Президентіміз – Қасым-Жомарт Тоқаевқа террористерге қарсы күресте және Қазақстандағы өмірді қалыпқа келтіруде қолдау көрсетуге шақырады.
Елбасы террористік шабуылдар кесірінен адамдардың қаза болуына байланысты қайғырады және қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтады», делінген Айдос Үкібайдың мәлімдемесінде.