Өткен ақпан айында төл теңгеміздің АҚШ долларына шаққандағы бағамына жасалған түзетулер Елбасы атап көрсеткендей макроэкономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталған. Сонымен бірге, бұл қадам елімізге құйылатын инвестициялық қаражаттардың көлемі артуына, жұмыспен қамту ісіне қатысты мәселелердің оң шешімін табуына септігін тигізбек.
Соның нәтижесінде республика азаматтарының әл-ауқатын көтеруге алғышарттар қаланбақ. Осы арада БАҚ-тарда дүркін-дүркін айтылып, жазылып, көрсетіліп қалып жүрген бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің бәсі де биіктей түседі. Қысқасы, қазіргі таңда бизнес қауымдастығы өкілдерінің алдында тұрған әлеуметтік жауапкершілік өте жоғары. Мұны терең түйсіну отандық бизнес өкілдерінің мәртебесі мен абырой-беделін одан әрі асқақтатары анық.
Бүгінгі күні бизнестік бағытты ұстанған бірқатар батысқазақстандық ірі кәсіпорын басшылары осындай мерейлі міндеттің үдесінен шығып отырғаны ризашылық сезімін туғызбай қоймайды. Олар ұлттық валюта бағамына қатысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеп берген міндеттер мен талаптарды терең түсіністікпен қабылдады. Кәсіпорын жетекшілері тарапынан еңбекақыны үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап он пайызға өсіру жөнінде шешім алынуы осы пікіріміздің дәлелі.
Атап айтқанда, Орал қаласындағы мұндай мерейлі кәсіпорындардың қатарында «Зенит» Орал зауыты АҚ-пен «Юнисерв», «Орал механикалық зауыты» және «Квант» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Сонымен бірге Орал өңіріндегі «Омега» прибор құру зауыты АҚ және «КазТрубПром» мен «Жайық мұнай» ЖШС секілді іргелі кәсіпорындар да 2014 жылдың 1 сәуірінен бастап өз жұмысшы қызметкерлерінің жалақысын өсіру жөнінде шешім қабылдағандарын мәлімдеді. Сөйтіп, биылғы жылдың алғашқы айларында аймақтағы бизнес саласында істеп жүрген үш мыңға жуық адамның айлығы өсірілмек. Осы орайда Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев газет тілшісіне өз ой-пікірін былайша жеткізді.
– Мұның бәрі бүгінгі күннің қажеттілігі. Әрине, алдағы уақытта әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен коммуналдық төлемдердің бағасы ретсіз әрі жөнсіз көтерілмеуі үшін біз барлық тұтқаларды қолданатын боламыз. Алайда, бүкіл істің шешімін тек осымен шектей салуға болмайды. Бұл мәселенің тек бір қыры ғана. Оның екінші жағы бұдан да гөрі маңызды деп санаймын. Оны тек бизнес-қауымдастығы өкілдері ғана оң шеше алады. Бұл еңбек өнімділігін көтеру үшін адамдарды материалдық жағынан ынталандыру деген сөз. Белсенді азаматтық және басшылық ұстанымның қажет жері де осы. Ел-жұрт алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті тек осындай тәсілдермен көтеруге болады. Иә, қазір тұтастай облыс бойынша алғанда тұрақты экономикалық өсім мен динамикалық даму қарқыны байқалып отыр. Осы фактор кәсіпорын қызметкерлерінің еңбекақыларын өсіруге негіз бола алады. Өңірде өзге де бизнес-құрылымдар өз ұжымдарының табысын арттыруға мүдделі деп сенемін.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.