• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2014

Түлкібасты түлеткен тұлға

389 рет
көрсетілді

9 наурыз – жексенбі күні рес­пуб­ликалық «СТВ» телеарнасынан Александр Терещенко туралы деректі фильм көрсетілді. Белгілі режиссер Сергей Әзімовтің осы туындысында ел ағасы бол­ған Алек­сандрдың өмірі тамаша бей­неленіпті. Тіпті, ол бас­қарған «По­беда» колхозының жетіс­тік­те­рі туралы түсірілген бұрын­ғы лен­талардың деректі фильмде көрініс табуы мені ерекше тол­қы­тып, сол күндерді көз алдыма әкелді. Жалпы, ел ішінде Александр Терещенко туралы өте көп аңыз-әңгіме айтылады. Бәлкім, жұрт кей жерлерінде асыра айтып жүрген де болар, бірақ, бұл әңгімелердің бәрінің түбі шындыққа негіз­дел­ген. Александрдың екі бірдей ағасы соғыстан оралмай қалды. Бір отбасының жалғызы, бас көте­рері болғандықтан ол көп қиын­шылық көріп өсті. Атадан жал­ғыз қалдым деп жасыған жоқ, қо­лына қару алып соғысқа аттан­ды. 1949 жылы әскерден оралған­нан кейін еңбек майданына күмп берді. Алдымен еңбекпен қамту бөлімінде инспектор болып жұмыс істеді. Одан қалаға оқуға кетті. Білімін жетілдірген жас Куйбышев атындағы колхозда партком хатшысы болып еңбек етті. Содан кейін өмірі­нің соңына дейін «Победа» колхо­зының бастығы болды. Өзім көрші «Қызыл жұлдыз» колхо­зында партком хатшысы қызметін атқардым. Екеуміз екі шаруашылықта еңбек етсек те, өте жақын дос болдық. Александр басшы қызметтің, басшылық қызмет Александрдың бағын ашты десе де болғандай. Оның елге жасап кеткен жақсылығы өте көп. Ең басты қасиеті – ол адам тани білетін, адамға рух, күш, дем бере білетін. Қолынан іс келетін жанды көтермелеп, соның жолында жүгіріп, қызметін өсіртетін. Бір жаман сөзі жоқ, жұмысшыларға дөрекілік таныту деген ол кісіде мүлдем болған емес. Сөзге өте шешен және дәл тауып айтатын. Талай адамды осы салмақты сөзімен тәрбиеледі, осы қорғасыннан ауыр сөзімен түзу жолға салды. Жұмыста өте қатал еді. Бірақ өте әділ болды. Әлі есімде, бір жылы үш шаруашылық бір орденге таласып қалды. Таласқанда облыс басшылары бір орденді Мақтаарал, Түлкібас, Сайрам аудандарындағы іргелі, еңбегі жарасқан үш шаруашылықтың қайсысына берерін білмей дағдарды. Үш колхоздың да жетістіктері мен көрсеткіштері бірдей. Ақыр аяғында облыс басшылары үш колхоз бастықтарының іскерлік қасиеті мен жұмыс тәртібіне қарайық деген шешімге келіпті. Сонда «Победа» колхозының бастығы Александр ә дегеннен-ақ дараланып шығып, сол жолы жүлдені жұлып алды. Шынында Александр Ивановичтің басшы­лық қасиеті, елді басқару қабілеті өте ерекше еді. Ел оның өте қара­пайымдығы, дүниенің соңы­на түспеген адалдығы үшін құрмет­теп өтті. Кезінде колхоз ол кісіге үй салып берді. Бірақ бастық оны алмай, «Өзімнің ата-бабамнан келе жатқан үйім бар, сол жете­ді» деп, баспана кілтін үйсіз жүрген басқаға беріп жіберді. Алек­с­андрдың осы қасиеті Сергей Әзімовтің деректі фильмінде өте жақсы айтылған. Сол ата-бабасының үйінде өмірінің соңына дейін тұрды. 2 қыз, 1 ұл өсіріп тәрбиеледі. Ұл-қыздарының бәрі өз орындарын таба білді. Бір өкініштісі, осыдан бес-алты жыл бұрын кемпірі қайтыс болды. Бұл қаза азаматтың қабырғасын қатты қайыстырып кеткені анық. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қазақтың мақалын осы орыстың баласы дәлелдеп өтті. Александрдың ең үлкен ең­бегі деп Түлкібас ауданын көгал­дандырғанын айтуға болады. Оның кезінде бұл ауданда қанша­ма гектар алма бақтары, бау-бақ­ша егілді. Мал басы көбей­тілді. Қандай ғимарат салса да оның алдына ең алдымен ағаш отырғызатын. «Әке көрген оқ жонар...» деген, Александрдың ұлы облысты, ел Үкіметін басқарған Сергей кейіннен Т. Рысқұлов ауы­лына кіреберісте үлкен саябақ салып берді. Бүгінде бұл маң аудан орталығының ең көрікті, жергілікті тұрғындардың алаңсыз демалатын аймағына айналды. Бұл игілікті іске Александр да екі білегін түріп тастап атсалысқан бо­латын. Енді Александрдың кө­зін­дей болып тұрған бұл бақ аза­маттың өз атымен аталса құба-құп бо­лар еді. Көпшіліктің тілегі осы. Нияз АҚЫЛТАЕВ, Түлкібас ауданы, Жаскешу ауылдық округінің биі. Оңтүстік Қазақстан облысы.