Облыстың оңтүстік бүйірінде жатқан Ойыл ауданы мал шаруашылықты өңір. Күні кешегі көлем қуушылықтың құрығын ұстаған кеңестік кезеңде мұнда да егіншілікпен айналысып көрген. Егіншілікке жарамсыз жерлердің өзін ауыл-ауылдың іргесіне дейін жыртып, егіс салғанымен тұқым мен жанармай шығынын өтемейтін тірлікті нарықтық қатынастар талабы ығыстырып шығарған-ды. Ойылдықтардың ендігі тұрмыс-тіршілігі төрт түлікке қарап қалғаны да рас. Онда да терісі мен жүні кәдеге аспайды, еті мен сүті болмаса. Өндірісі жоқ, өнеркәсіпті шаһарлардан шалғайда жатқан Ойыл өңірінің тұрғындары қиыншылықтың небір әуселесін де көрді. Дегенмен қазіргі облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың бастамасымен Ойыл мен Қобда арасындағы 140 шақырымға қатты жамылғы төсеп, аудан орталығында осы заманғы медициналық қондырғылармен жабдықталған аурухана салып бергеннен кейін-ақ ауылдықтардың үдере көшуі тоқтап, адамдардың ертеңгі күнге сенімі нығая түскен-ді. Мұндай игілікті үрдіс аудандағы жеті селолық округте жалғасын тауып, тұрмысқа береке кіре бастаған болатын. Ақтөбеден арнайы ат басын бұрған Сарбие селолық округінде осындай игі істердің ізі ашылғанын естіп жүргенбіз. Облыстан – 300, аудан орталығынан 60 шақырым қашықта орналасқан бұл ауылға еш қиындықсыз жеттік те.
Сарбие селолық округінің әкімі Рысбай Есмұханов кеңсесінде күтіп отыр екен. Оның осы ауылдың тумасы екенін бұрыннан білетінбіз. Алматы малдәрігерлік институтында студенттер қалашығының директоры болып қатарластары арасынан іскерлігімен танылғанынан да хабардар болатынбыз. Кісілігінің кемдігі жоқ кеңқолтық жігіт ағасы амандық-саулықтан кейін бұйымтайымызды айттырмай ұғып, округтің тыныс-тіршілігімен таныстыра бастады. Бұған дейін шаруашылықтарда мал маманы болып істеген оның ауыл шаруасының қыр-сырын жетік білетіні аңғарылады. Осы округтегі екі ауылдың тұрғындарының еңбектеген жасы, еңкейген кәрісіне дейін жатқызып, өргізеді. Туған ауылы, оның үстіне әкімдік қызметтің де ауылдықтармен қоян-қолтық қатынаста болуды міндеттейтіні және бар.
– Округ орталығы Сарбие ауылында – 233, Қаракөл елді мекенінде 24 түтін бар. Осы елді мекендердегі 1668 адамның 702 -сі еңбекке жарамды, Сапақкөл мектеп балабақшасы, Қаракөл негізгі мектебінде 323 оқушы білім алуда, отызға жуық бүлдіршін балабақшаға барады. Мектеп жасына дейінгі балабақша үш мезгіл тамақпен толық қамтылған. Былтыр 6,5 млн.теңге бөлініп, орта мектептің жылу жүйесі жаңартылды, биыл 32 млн.теңге бөлініп, мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталмақшы, – деп бастады әңгімесін ол.
Ауылда бірқатар әлеуметтік мәселелер оң шешімін тауыпты. Ауыл тұрғындары төрт канал бойынша теледидар көреді екен. Биыл телефон стансасы сандық жүйеге көшіріліп, 72 абонентке қызмет көрсетуде. Мұнда ұялы телефон байланысы жүргізіліп, ауылдықтар алыс-жақындағы ағайын-туыспен айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып тұрған көрінеді. Округ бойынша бюджет саласында 129 адам қызмет етеді екен. Ауылда төрт дүкен, осыншама жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Округтегі 35 шаруа қожалығы мен бір өндірістік кооперативте 179 адам еңбек етеді. Осы агроқұрылымдар былтыр 12000 тонна шөп дайындап, 480 гектар жерге егін өсіріпті. Оның 390 гектары мақсары дақылы. “Жақып”, “Рақым” шаруа қожалықтары биылғы егіске жер жыртып, тұқым дайындап қойыпты. Жер дегдісімен бұл шаруаға кірісіп кетпекші. Қазір округ бойынша 3620 ірі қара бар. Жыл сайын малдың саны көбейіп, өндірілетін өнім көлемі де молая түсіпті, 457 цн. ет өндіріліпті. Мал тұқымын асылдандыру мақсатында “Атамекен” өндірістік кооперативі тауарлы несиеге еділбай тұқымды 615 қой алып өсірсе, “Рахым”, “Жақып”, және “НҰР” шаруа қожалықтары асыл тұқымды бұқа сатып алыпты.
Өткен жылы еңбек биржасына 15 адам тіркеліп, 9 адам кәсіптік қайта даярлаудан өткен. Жаңадан 18 жұмыс орны ашылыпты. “Жол картасы” бағдарламасы бойынша үш шаруа қожалығы 11 адамды жұмысқа тартыпты, екі адам жастар тәжірибесі бойынша еңбек етіпті.
– Көшелердің санитарлық тазалығына, көгалдандыруға, жарықтандыруға айрықша көңіл бөліп отырмыз. Өткен жылы 5000 тонна қоқыс шығарылып, ауылды көшпелі құмнан сақтау үшін Ойыл орман шаруашылығы мекемесінің күшімен 100 гектар жерге ағаш көшеттері егілді. Биыл шықпай қалған көшеттерді жаңадан отырғызу көзделуде. Бізді ойландыратын проблемалардың бірі ауыз су еді, қазір су құбырын қалпына келтіру жұмыстары аяқтала келеді. Мал өсірген соң оның жеткілікті жемшөбі болуы керек. Біздің өңірде көлтабандар көп. Бірақ, Тауасар бөгеті бұзылып, соңғы жылдары оларға су шықпай жүр еді. Биыл 1,5 мың гектар алқапқа су жіберу мүмкіндігі бар осы бөгеттің жобалау-сметалық құжаттары жасалды. Бұйыртса, қыркүйек айына дейін күрделі жөндеуді аяқтаймыз, – деді Рысбай Есмұханов сөзін түйіндей келе. Соңғы жылдарда ауылда қолға алынған игі істердің біразынан хабардар еткен округ басшысы “мақтанып тұр деп ойларсыз, солардың бір-екеуін өз көзіңізбен көріңіз” деп әкімшілік кеңсесі мен еңселі құрылыс ортасында орналасқан ақ шаңқан үйге қарай бастады. Жаңадан салынып жатқан құрылыс 50 орындық балабақша ғимараты,оған бюджеттен 140 млн. теңге бөлінді, биыл бітеді. Ал біз келе жатқан отбасылық амбулатория былтыр пайдалануға берілген отбасылық амбулатория деп түсіндірді.
Отбасылық дәрігерлік амбулатория үйі мақтауға тұрарлық-ақ екен. Іші мұнтаздай таза, қажетті қондырғылармен жабдықталған. Күндізгі стационар бөлмесіне тоңазытқышқа дейін қойылыпты. Селолық дәрігерлік амбулатория аға дәрігері Аманғос Қисықов бұған дейін ауданда қызмет істеген тәжірибелі дәрігер. Зейнеткерлікте жүрген ол өзінің алдындағы адам басқа жаққа қоныс аударғаннан кейін бос қалған орынға аудандық аурухананың бас дәрігері Жолдас Қамбаровтың өтінішімен келген екен. Оған қуанбаса, өкінбейді.
– Біздің ұжым ұйымшыл, мұнда жұмыс істейтін медбикелер өз кәсібін жетік меңгергендер. Үш медбике, бір фельдшер жұмыс істейді, жедел жәрдем мәшинесі бар. Фельдшер Гүлсара Мусинаның еңбек өтілі 28 жылдан асты. Ол жастардың жақсы тәлімгері. Солардың күшімен адамдарды екінші қайтара медициналық тексеруден өткізіп жатырмыз. Аяғы ауыр әйелдердің денсаулығын ұдайы қадағалап тұрамыз, айы-күні жақындағанда аудандық ауруханаға жатқызамыз. Соның арқасында соңғы жылдары ана мен бала өлімі болған жоқ. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда дүниеге келген сәбилер саны үшеуге артты. Бұл тұрмыстың жақсарғанының, медициналық қызмет сапасының артқанының нәтижесі. Тұрғындар жұқпалы ауруларға, туляремияға, гепатитке қарсы, т.б. түрлі ауруларға қарсы уақытында егілді, – дейді Аманғос Қисықов.
Оның айтуынша, Қаракөлдегі медициналық пункт маман жоқтықтан жабылуға жақын қалған екен. Осы ауылға медбике Айсәнім Жумина келін болып түскен соң медпунктті ұстап қалудың сәті түсіпті. Клубтың екі бөлмесіне орналасқан медпункттің жұмысын шыр айналдырған жас маманның аяқ алысы тәуір көрінеді. Осындағы денсаулық сақтау жұмысын қазірдің өзінде жолға қойып үлгеріпті. Отбасылық дәрігерлік амбулатория қызметкерлері ауылдың тазалығы, аурудың алдын алу, жеке бас гигиенасы мәселелері жайында лекциялар оқып, санитарлық бюллетеньдер шығарып тұрады екен. Жыл өткен сайын ауруға шалдығушылардың азайып, ауылдың тазалығы артып келе жатуы осындай жұмыстардың арқасы екені сөзсіз.
Биыл бұл өңірде қар түсіп жарымады. Содан да болар күн жылып, тоң түсіп кетіпті. Боқтыарал қыстағында отырған “Жақып” шаруа қожалығының малшыларының қыстан қысылмай шыққанын мұрты бұзылмаған істерден-ақ аңғаруға болады. Мұнда 187 ірі қара қыстатылыпты, сиырлардың алды бұзаулай бастапты. Шаруа қожалығының жетекшісі Жұмабай Жақыповпен әңгімеміз атакәсіптің жай-күйіне ауыса берді. Кезінде марқұм әкесі Жарылқасынның қызмет бабымен көшіп келген екен. Ол кісі осында шаруашылықтың бас инженері болыпты. Кейін кеңшар тарағанда өндірістік кооперативте механизатор болып еңбек еткен Жұмабай бұл құрылымның да күні өткенде “Жақып” шаруа қожалығын құрып, бөлініп шығыпты.
Бастапқыда бір ғана ескі “МТЗ” тракторы еншісіне тиген жас жігіт ісінің ұтырын таба білді. Ілдебайлап жөндеп алған комбайн да кәдеге асты. Шөп шапты, егін салды. Ауысқан пішен, астықты малға ауыстырды. Ауылда қайнап өскен еңбекқор жас жігіт жатпай-тұрмай тырбанып жұмыс істеді. Шаруасы жүріп, бір мал екеу бола бастады. Қолым байлыққа жетті деп астына қымбат мәшине мініп, қымбат дүние жинаудан бойын аулақ салды, бастаған ісін бір биікке көтеруге ұмтылды. Ілкімділік пен ізденіс өз нәтижесін берді де. Қазір “Жақып” шаруа қожалығында екі “МТЗ”, бір “ДТ-75” тракторы, екі “КТП-4” шөпшапқыш агрегаты, бір шөптайлағыш, сегіз тіркемесі, комбайны бар. Осының бәрін тірнектеп жинап, кәдесіне жаратуының өзі жігіттің қолының ісмерлігін көрсетсе керек. Шөп шауып, тай-тай пішенді көршілес Миялыға апарып өткізді, ауылдағыларға малға айырбастады. Қазір шаруа қожалығында екі жүзге жуық ірі қара, 900 қой өсірілуде. Осы малдың бағым-күтіміне сегіз адам қарайды. Олардың әрқайсысына 20 мың теңге айлық беріп, жемшөптен қыстық отыннан қарасып тұрған да өзі. Ауылдағы аз қамтылған отбасыларына да арзаннан жемшөп, отын беруден қашпайды. Әкімдік өткізген шараларға да демеушілік жасап жүр.
Өзгелер біздің өңірде бұрын-соңды өсірілмеген дақыл деп ат-тонын ала қашқанда мақсары егіп, тым-тәуір өнім алды. Оны аудан шаруашылық құрылымдарына тұқымға өткізгені де пайда әкелді. Енді осы мақсарыны сығып, шемешкі майын өндірмекші. Ол үшін Шымкент асып, май сығатын қондырғы әкеліп қойды. Оны қондырып, іске қосу ғана қалып тұр. Оған бүгін-ертең кіріспекші, мақсарының майын алғаннан кейінгі қалдығын семіртілетін малға жем ретінде пайдалануды көздеуде.
Жұмабай Жарылғасынұлы тек мал санын көбейтуді ғана місе тұтқысы жоқ. Асыл тұқымды ірі қара мен қой өсіруге бағыт ұстауда. Өткен жылы Батыс Қазақстан облысындағы “Бірлік” асыл тұқымды қой шаруашылығынан он жеті қошқар әкеліп, күйекке жіберген. Енді тағы да жиырма – отыз асыл тұқымды қошқар әкелуге бел буып отыр. Ірі қараның тұқымын асылдандыру үшін осы облыстың “Аңқаты” шаруашылығынан 300 мың теңгеге екі асыл тұқымды бұқа сатып әкелді, биыл тағы да екеуін табынға қоспақшы. Жалпы талғамы биік талапты жастың ғылым мен технологияның озық үлгілерін кәдеге жаратауға деген ұмтылысы нарықтың әліппесін игергендігінен болса керек. Пайдаланылмай тұрған ескі ғимараттардың материалдары қолына тисе мал семірту алаңын салуды қолға алмақшы.
Ет бағытындағы асыл тұқымды мал өсіріп, сапалы ет өндірумен айналысуға белін буған шаруа қожалығының жетекшісі бұл бағыттағы біраз жұмыстарды тындырғаны көрініп-ақ тұр. Асыл тұқымды мал шаруашылығы атану үшін қойылатын малдәрігерлік талаптардың біразын тап-тұйнақтай орындап та қойыпты.
– Осы Боқтыбай қыстағынан тағы бір тұрғын үй салуды ойластырып жүрмін. Бұл жер малға шүйгін, шаруаға жайлы, ауылға жақын. Жалпы, еліміздің бүкіләлемдік сауда ұйымына кіруге талаптануы, Кеден одағына кіруі мал өнімдерін еуропалық стандартқа сай өндіруге міндеттейді. Ал, оған таңертең айдап салып, кешке қамаумен жете алмаймыз. Сондықтан асыл тұқымды мал өсіріп, сапалы өнім өндірудің жолын таңдауымыз ғана ұтымды болмақ. Менің қазіргі ниетім де осы талап үдесінен шығудың қамы, – дейді “Жақып” шаруа қожалығының жетекшісі Жұмабай Жақыпов.
Алыстағы ауылдың ажарлы тұрмысын, алаңсыз көріп, көңіліміз марқайып қалды. Сарбиенің үш облыстың қолтығында шалғайда жатқанын меңзеп жол қатынасы болмаса деп ишара жасағанымызда округ әкімі Рысбай Есмұханов “Бұдан да жаманда тойға барғанбыз” дегендей әзірге жол қатынасы онша қиындық тудырып тұрған жоқ. Мәскеу де бірден салынған емес. Қазір ауылға қаржылай қарасу жақсарды. Экономикамыз қуаттанып келеді. Ауданмен екі ортадағы жол бұдан гөрі де жақсаратын кез келер, деп ертеңгі күнге деген сенімін білдірді. Артта малын төлдетіп, егіс салудың қам-қаракетіне кіріскен ауыл қалып бара жатты. Олардың бұрынғыдай өкімет өлтірмейді дегенді малданатын ауылдықтар емес, өгіз қара күшім бар деп тырбанып, еңбек етіп жатқаны қуантты бізді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.