• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2014

Жолаушыға жол қымбат, жолсерікке ше?..

416 рет
көрсетілді

Еліміз біздің кең-байтақ. О шеті мен бұ шетіне жету үшін жүгірген аңның аяғы, ұшқан құстың қанаты талады. Осыған орай жылдан-жылға экономикалық жағдайдың жақсаруына сай ел ішінде әрлі-берлі қатынайтын жолаушылар саны да арта түсуде. Соған сәйкес жол қатынасы түзеліп, көкпен де, жер үстімен де небір көлік түрлері батыстан шығысқа, шығыстан батысқа ағылып жатыр. Мәселен, елімізде ең бір жақсы жолға қойылған теміржол қатынасында тыным жоқ. Бұл дұрыс та. Өйткені осы көлік қатынасын көп адам пайдаланады. Алайда халықтың бұл қызмет түріне деген сұранысы кейде талап деңгейінен табылмай жататыны көңілге кірбің түсіреді. Себебі, тасымал қызметінде тәртіп бұзушылық көп. Тағы да сол сыбайлас жемқорлық көріністері етек алған. Пойыздарда «қояндар» көп көрінеді. Ал бұған, ең алдымен кінәлі жолаушылар емес екен, керісінше «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған қоғам қызметкерлерінің өздері, яғни жолсеріктер көрінеді. «Жолаушылар тасымалы» АҚ тарапынан билетсіз жолаушылармен күреске бағытталған нақты стратегия жасалған, осының аясында жолаушылар пойыздарын тексеру жиілетіліп, ревизорлық аппарат жұмысы күшейтілген. Егер пойыз бригадасы тарапынан қызметтік міндеттерін, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін өрескел бұзу фактілері анықталса, олармен еңбек келісімшарттары бұзылуға дейінгі қатаң әкімшілік шаралар қолданылады екен. Бірақ бұған қарап жатқан пойыз бригадасының қызметкерлері жоқ. Олар билетсіз жолаушыларды сол тасыған күйі әлі тасуда көрінеді. Әй дейтін «ажа», қой дейтін «қожа» болмаған соң олар өткен жылы екі мыңға тарта жолаушыны билетсіз алып жүріпті. Бұл жолаушылар пойызға отырғаны үшін ақыны кімге төледі? Ондай қомақты қаржыны кім қалтасына басты? Одан бюджетке қанша шығын келді? Белгісіз. Ешкім айтпайды. Сөйтіп, жоғарыдағы сөзі­мізге дәлел, жүзеге асырылған тексеру шаралары нәтижесінде 2013 жылы 1 698 билетсіз жо­лаушы анықталған. Осы бұзу­шылықтар бойынша тәртіптік жауапкершілікке 1 428 қызметкер тартылса, оның ішінде 201 қызметкермен еңбек келісімшарттары бұзылыпты. Міне, осындай сорақы жәйттерге байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ билетсіз жолаушы алған жолсеріктер мен билетсіз қатынайтын жолаушылардың жауапкершілігін арттыру мақ­сатында және олардың өздерін жауапкершілікке тарту бойынша ұсыныстар енгізбек. Бұл орайда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Жолаушылар тасы­малы» АҚ қызмет көрсету тех­нологиясын тұрақты түр­де жетілдіріп, жолаушылар үшін, оның ішінде құқық бұ­зушылықтардың алдын­ алу құралы ретінде, заманауи­ қызмет түрлерін ен­гізу­де.­ Мәселен, 2013 жыл­дың­ нәтижелері бойынша элек­трондық әдіс бойынша 2,5 млн. билет сатылды, бұл 2012 жылғы көрсеткіштен 2 есе артық. Осылайша қызмет көрсетуді жақ­сарту бойынша Астана вокзалында авто­маттандырылған кассалар арқы­лы жұмыс іс­тей­тін электронды сату ор­та­лығы құрылуда. Осы секіл­ді орталықтар біртіндеп рес­пуб­ликамыздың ірі вокзалдарын қамту арқылы Алматы, Ақтөбе және Қарағанды вокзалдарында ашылмақ. Сатудың осы технологиясы жолаушылардың кассирлермен қарым-қатынасын жойып, уақытты үнемдеп, қызмет көрсету деңгейін арттырады деген үміт бар. Енді, міне, наурыз айының басында тағы да «Жолаушылар тасымалы» АҚ жасақтаған «Маңғышлақ-Атырау» бағы­тын­дағы №313 жолаушылар пойызында жолаушыларды билетсіз алып жүру дерегіне қатысты қызметтік тексеріс бас­талды. «Жолаушылар тасымалы» АҚ кінәлі қызметкерлеріне қатысты қатаң шаралар қол­данылмақ. Мұндай мемлекетке де, жолаушыларға да пайдалы игілікті іс одан әрі де жал­ғасын таба береріне се­нім мол. Өйткені көпшілікке ке­сірін тигізетін «қояндардың» жоғалуы жолаушылардың жолы жақсаратындығының бас­тауы демекпіз. Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан».