Алматыдағы Қазақстан-Ресей медицина университетінің халық медицинасы факультеті мен Республика халық емшілігі орталығындағы медициналық әзірлік курсы жылына жүздеген түлек ұшырады. Соның арқасында кейінгі он-он бес жылдың ішінде қазақ халық медицинасы жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Емшілер қатары табиғи қабілетін дәрігерлік ғылым жетістіктерімен байытқан, екі енені тел емген мамандармен толықты. Олар тұқым қуалаған емқостық қасиеттерінің сыртында осы заманғы емдік-нақтамалық құралдарды да еркін меңгерген.
Иә, дәстүрлі медицинаны ресми медицинамен ұштастырған бүгінгі емшілердің денсаулық сақтау саласында өз орны бар. Олар қазірде кең-байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етеді. Халықаралық жиындарға белсенді атсалысады, алыс-жақын шетелдерге де жақсы мәлім.
Көк мұхиттың ар жақ, бер жағын тәнті еткен қазақ емқостары былтырғы жылды да толымды табыстармен тәмамдады. Соның бір дәлелі – Қазақстан Республикасы Халық және рухани емшілер мекемесі жуырда денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан, Ресей, Украина, Беларусь, Әзербайжан мемлекеттері арасында өткен халықаралық байқаудың жүлдегері атанды. Мекеменің бас директоры, профессор Шәкен қажы Шынтаев сала көшбасшысы деп танылып, дәстүрлі және ресми медицинаны интеграциялауға қосқан үлесі және халық денсаулығын сақтаудағы еңбегі үшін «Қазақстан даңқы» орденімен марапатталды. Мекеме бас директорының орынбасары Нұргүл Өтебаеваға «Еңбектегі жетістіктері үшін» медалі тапсырылды. Ал осы мекеменің бас есепшісі Күлмесхан Нұрғожаева, референт-хатшылары Людмила Черных пен Любовь Виегель халықаралық байқауды ұйымдастыру комитетінің сертификаттарына ие болды.
– Тәуелсіздік қазақтың халық емін жұртшылықпен қайта қауыштырды. Ал Қазақстан Ұлттық денсаулық сақтау палатасының құрамына енуі екінші тынысын ашты, – дейді осы көзайым оқиғаға байланысты Қазақстан халық емшілігінің басшысы, профессор Шәкен қажы.
Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.