• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2014

«Қазақстан барысы» турнирі басталды

259 рет
көрсетілді

Кеше елімізде төрт жылдан бері күрес десе делебесі қозатын жанкүйерлердің қызыға тамашалайтын жарысына айналған Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен өтетін «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің іріктеу кезеңі басталды. Осы оқиғаға байланыс­ты кеше турнирді ұйым­дастырушылар кездесу өт­кізіп, биылғы жарыстың ерек­шеліктері туралы айтып берді. Онда алдымен Спорт және денешынықтыру істе­рі агенттігінің төрағасы Тас­танбек Есентаев төрт жылдан бері дәстүрге айналған турнирге жылдағыдай салмағы 80 килодан асатын, жасы 18-ге толған әрбір балуанның қатысуға мүмкіндігі бар екенін айтты. Содан кейін ол елімізде қазақ күресімен айналысатын адамдардың көбейіп жатқанын, қазір Қазақстан бойынша 35 000-нан астам балалар мен ересектер төл күресімізбен айналысса, 500-ден астам жаттықтырушы солармен жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Осыдан кейін ол биылғы «Қазақстан барысы» турнирінің іріктеу жарыстарына тоқталды. «Жарыстың бірінші кезеңі 31 наурызға дейін ауылдарда өтсе, екінші кезеңі аудандық және қалалық деңгейде сәуір айында өтеді. Осы екі кезеңнен өткендер 1-20 мамыр күндері болатын облыстық жарыс түріндегі үшінші кезеңге қатысады. Турнирдің финалы 29 маусымда Астанадағы «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өтеді», – деді ол. Жалпы, Т.Есентаевтың айтуынша, қазір балуандардың жарысқа дайындығы жақ­сы. Бүгінде елімізде қазақ кү­ресінің балуандары басқа да күрес түрлерінен өте­тін сындарға қатысып, шебер­ліктерін арттырып келеді. Осының өзі балуандардың шыңдалуына септігін тигізіп отыр. Енді осы үш кезеңнен іріктелген спортшылар 25-30 мамыр күндері Алматыда 5 күндік оқу-жаттығу жиыны­на қатысады. Осы жиында финалға қатысатын балуан­дар үшін тереңдетілген меди­циналық тексеру, допинг-сынама, фото-бейне түсірілімдер өткізіледі. Кездесуде агенттік төр­аға­­сы «Қазақстан барысы» тур­­­ниріне өзгерістер енгі­зіл­­генін айтты. Ол биылғы белдесулерге бұрынғыдай 12 емес, 6 төреші ғана қызмет ете­тінін, олардан турнир алдында ем­ти­хан алынатынын баяндады. Оның айтуынша, сынақтан өт­­­­кен төрешілер жарнаға 1 000 АҚШ доллары көлемінде ақша төлейді. Егер турнирде жақ­сы төрешілік етсе, ақшасы қай­­­­тарылып, бұған қоса 5 000 дол­лар кө­лемінде сыйақы алады. Жиында тағы бір айтылған өзгеріс жеңімпаз балуанның жаттықтырушысының сый­ақысына қатысты болды. Осы мәселе бойынша агент­тік төрағасы биыл же­­ңім­паз балуанның бапкеріне былтырғыдай 50 000 АҚШ дол­­­лары емес, 20 000 дол­лар берілетінін ескертті.­ Сонымен бірге, ол екін­­­ші, үш­ін­ші орын алған балуан­дар­дың және олардың жаттық­ты­ру­шы­ла­рының сыйақылары сол күйінде қалатынын айтты. «Яғни, күміс жүлдегер 75 000 АҚШ долларын алса, қола жүлдегер 50 000 доллар алатын болып қалды», – деді ол. Осы жерде «Қазақстан ба­рысы» қазақ күресін дамыту қоры қамқоршылар кеңе­сінің төрағасы Арман Шо­раев турнир жеңімпазына 150 000 АҚШ доллары табыс етілетінін мәлімдеді. Би­ыл­ғы жылғы тағы бір жа­ңа­лық, бұрын турнирде же­ңім­пазға беріліп келген көлік жүл­деге жете алмаса да, көрермен көзайымына айналған балуанға тапсырылатын болды. Осыдан кейін агенттік төрағасы қазақ күресін Олимпия ойындарына енгізу жоспары жасалғанын хабарлады. Ол қазір агенттік алдында қазақ күресін Азия және Олим­пия ойындарының бағдарламасына кіргізу мақ­са­ты тұрғанын айтты. Дастан КЕНЖАЛИН, «Егемен Қазақстан».