Алматыда осыдан екі жыл бұрын үйін қорғаймын деп жүріп, өзін өртеп өлтірген Светлана Тұрғанбаева есімді марқұм кісіге қатысты сот процесі тағы жалғасты. Себебі, ашынған көп балалы ананың бұл өмірдегі ақырғы қадамы да баспана дауына соңғы нүктені қоя алмапты.
2012 жылдың сәуірінде С.Тұрғанбаева табан ақы, маңдай терімен сатып алған баспанасын қорғау үшін соңғы сұхбатын берген. Ал араға ай салып үйіне келген сот орындаушыларынан баспанасын қорғаймын деп, ақ шашты ана ақырғы қадамына барды. Сол жолы өз-өзін өртемек болған әйелдің денесінің 85 пайызын күйік шалып, көпбалалы ана аурухана төсегінде көз жұмды.
Алайда, шарасыз әйелдің ақырғы қадамы да Қоржынбаевтар отбасын баспана дауынан құтқармады. Әйелдің жылын беруге бір апта қалғанда, сот орындаушылары марқұмның атына үйді босату қажеттігі туралы ескертпе қағазын жіберіпті. Одан кейін дәл осы істі қараған Алатау аудандық судьясының өзі істі болып, бұл дау біраз тыныштанған. Қазір қалалық соттан хабар келіп, қарсы тараптың апелляциялық шағымы қаралуда.
Талапкер Мелетхан Масақовтың айтуынша, оның өлген інісімен бірге тұрған әйел үйді жалған құжат арқылы сатып кеткен. Ал З.Қоржынбай өткен сот процесінде іске тіркеген талап-арызында жауапкердің қайтыс болуына байланысты істің тоқтатылуын өтінген. Судья дәл осы шағымды сот материалдарынан таппапты. Сондай-ақ, Светлананың күйеуі Зейіш Қоржынбай үйді қайтарса, әйелінің де орнын толтыруды талап етті.
Сөйтіп, қайтыс болған адам жауапкерлікке тартылған апелляциялық іске соңғы нүкте қойылған жоқ. Сот материалдарында кейбір шағымның жоғалып кетуіне байланысты келесі сот мәжілісі 18-наурызда өтетін болды.
Құрыш НҰРЫМБЕТ.