• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Қаңтар, 2022

Еліміз дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып отыр

430 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық сөзінде еліміздің алдында тұрған әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салалардағы негізгі басымдықтарды белгілеп берді. Сондай-ақ Үкіметтің жаңа құрамына және барлық мемлекеттік аппаратқа нақты міндеттер жүктеді.

Жалпы қаңтарда болған қайғылы оқиғалар елімізде жүйелі және шынайы өзгерістер қажет екенін көрсетіп берді. Сондықтан Мемлекет басшысы ұзақ уақыт бойы қоғамда талқыланып келген аса маңызды мәселелерге жеке-жеке тоқталды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, мемле­кет­тік басқару жүйесі қайта құрылуға тиіс. Күштік құры­лым­дарды реформалау және армия­мыз­дың әскери әлеуетін арттыру мәселесі де өте өзекті. Сондай-ақ мемлекеттің экономикадағы үлесін және әлеуметтік теңсіздікті азайту­дың маңызы зор. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» қоры мен тұтас квази­мемлекеттік сектордың жұмы­сын қайта қарау күн тәртібіне шығып отыр. Шағын және орта бизнесті жаппай дамыту және өңірлердің дамуындағы теңгерімсіздікті жоюға тиісті жағдай жасалады.

Мемлекет басшысы еліміздің саяси жүйесін одан әрі демократияландыру қажеттігіне баса мән берді. Бұл бағыттағы нақты бастамалар сарап­шы­лармен және қоғаммен жан-жақты пы­сықталып, осы жылдың қыркүйе­гінде көпшілікке таныстырылады.

Жалпы алғанда ұсынылған шаралар жүйелі сипатқа ие. Олар мемлекеттік басқару жүйесін, эконо­миканың құрылымын, әлеуметтік саланы түбегейлі өзгертуге, азамат­тары­мыздың өмір сүру сапасын жақсартуға арналған.

Осылайша, еліміз дамудың жаңа ке­зе­ңіне аяқ басып отыр. Бұл – тұтас мем­лекеттік басқару жүйесін мерито­кратия, әділеттілік және ашықтық қағи­да­ларының негізінде қайта құру кезеңі.

Осы жолда Парламент Сенаты Мемлекет басшысының барлық бас­тамасын қолдай отырып, заң­на­ма­лық тұрғыдан оларды сапалы әрі уақтылы қамтамасыз ету үшін қа­жет­ті жұмыстарды жүргізе береді.

Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Парламент Сенатының Төрағасы