Елдегі қымбатшылықтың ырыққа көнбей тұрғаны рас. 2021 жылы елдегі инфляция деңгейі қазан айында 8,9 пайызға дейін шарықтады. 5 қаңтар күні елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына байланысты жиналыс өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атқарушы биліктің инфляцияны тежеу міндетін атқара алмағанын айтты. Ал 11 қаңтар күнгі Мәжіліс отырысында Мемлекет басшысы Қазақстан үшін жаңа кезең басталатынын қадап айтып, баға мәселесіне тағы да тоқталды.
Қымбатшылық дегенде, әуелі азық-түлік мәселесі алға шығады. Азық-түлік инфляциясының жеделдеуі – көкөніс, соның ішінде картоп, сәбіз, қызылша бағасының күрт өсуіне, соңында оның ауқымды тапшылығына алып келді. Сәйкесінше, жанар-жағармай, киім-кешек, басқа да тұрмыстық заттардың қымбаттауы азық-түліктік емес инфляцияның шарықтауына әсер етті. Сонымен қатар ақылы қызметтердің жылдық инфляциясы құрылымында электр энергиясы мен газ бағасының өсуі фонында қадағаланбайтын коммуналдық қызметтер тарифі де көтерілді.
Мәжіліс отырысында Қ.Тоқаев біраз жылдан бері сыздаған жарамызға айналған инфляцияның экономика мен әлеуметтік саясатқа көлеңке түсіріп келе жатқанын ашық айтты.
«Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мақсатында біз бірнеше рет жалақы мен зейнетақыны көтердік, бірақ көтерген сайын ырыққа көнбеген баға өсіміне тап боламыз. Бұл мәселеге нүкте қояр кез жетті. Бағаны және халықтың инфляциялық күтуін тұрақтандыру керек. Инфляцияны төмендету бойынша жоспарлы жұмыс жүргені жөн. 2025 жылға таман 3-4 мақсатты дәлізіне түсу керек. Үкімет Ұлттық банк және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп инфляцияны бақылау бойынша шаралар кешенін әзірлеуі тиіс. Оның ішіне импортқа тәуелділікті төмендету, шектен тыс делдалдықты азайту шаралары және ақша-несие саясаты құралдары енгізілуі керек», деді Президент.
Мемлекет басшысы валюта нарығында тұрақтылықты қамтамасыз етпей орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу мүмкін емес деді. Осы орайда ол ішкі және сыртқы нарық қатысушылары тарапынан теңгеге деген сенім қалпына келмейінше валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне тапсырды. Президенттің дәл бұл мәселеге айрықша көңіл бөлуіне себеп те жоқ емес. Өйткені дәл қазір елде болып жатқан күрделі ахуал, әлемдік құбылулар жағдайында ұлттық валютаға түсіп жатқан спекулянттық қысым тәуекелі аса жоғары болып тұр.
Экономист Арман Байғанов біздегі инфляцияның шарықтауына АҚШ-тағы қымбатшылық себеп болды дегенді айтады.
«2020 жылы АҚШ-та пандемияға байланысты көп ақша басып шығарылып, оның экономика мен халық тұрмысын қолдауға бағытталуы инфляцияны күшейтіп жіберді. Бұл өзге елдерге, оның ішінде Қазақстанға да әсерін тигізді. Еліміз көптеген тауарды сырттан импорттайды, сол себепті қақпанға алғашқылардың бірі болып ілікті. Сатып алулар негізінен доллар арқылы жүреді. АҚШ-тағы инфляция салдарынан баға да өседі. Біз долларды қымбатқа сатып алуға мәжбүр болдық. Сәйкесінше, инфляция деңгейі Қазақстанда да шарықтап өсті», дейді экономист.
2021 жылдың қазан айында еттің барлық түрі, әсіресе қой еті 21,6 пайызға өсіп шыға келген еді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қант, күнбағыс майы, майонез, ұн, макарон өнімдерінің бағасы өскен.
Былтыр жыл соңында елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері екі айдан астам уақыт бойы қымбаттамай тұрды. Соның нәтижесінде, азық-түлік инфляциясының өсімі жылдық мәнде 0,4 пайызға дейін төмендеді. 15 өңірде баға өсімі байқалмаса, үш өңірде баға біршама түскен. Жыл тәмамдалар тұста Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарық субъектілерінің адресіне 113 хабарлама жіберіп, 16 зерттеу тексерісін жүргізіп, өндірушілермен, көтерме жеткізушілермен және сауда желілерімен үстемеақыны 15-тен 10 пайызға түсіру туралы 192 монополияға қарсы комплеанс актісін жасаған. Үстемеақы қосқандығы туралы 75 факті анықталған.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімінің саны – 12. Соның тең жартысы шеттен тасымалданады. Тиісінше, темір жол транспорты (+18 пайыз), электр энергиясы (+15-20 пайыз), жанар-жағармай материалдары (+12-15 пайыз) тарифінің қымбаттауы баға өсіміне тікелей әсер етті.
Баспана нарығындағы ахуал да әлі белгісіз әрі тұрақсыз. Биыл да құрылыс көлемі азаймайды. Соған сай сұраныс та жоғары күйде қала бермек. Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюковтың айтуынша, зейнетақы қаржысын пайдалану баспана бағасына айтарлықтай әсер етпейді.
«Қазір құрылыс материалдарының құны қатты әсер етіп отыр. Бұл үрдіс нарықтағы дүрлігумен байланысты. Пәтерге деген сұраныс ұсыныс тудырады, бұл өз кезегінде материалға деген қажеттілікті ұлғайтады. Ал ол баспана құнына ықпал жасайды. Сөйтіп шеңбер айнала береді. Биыл бірінші нарық үйлері 7,5-8 пайызға қымбаттады. Егер құрылыс салушылар пропорционалды түрде бағаны көтерсе, онда тағы 7,5-8 пайыз қосылады. Сөйтіп қымбатшылық 15 пайызға жетпек. Көп компаниялар клиенттерінен айырылып қалмас үшін бағаны ұстап тұруға тырысып жатыр. 2022 жылы цифрлы ипотека жедел дамып, ипотекалық бағдарламалар өркен жая түседі», дейді ол.
Open Development бас директоры Вячеслав Лазаревтің айтуынша, баспана бағасы 2022 жылы да қымбаттайды, бірақ қымбаттау шегі 10 пайыздан аса қоймайды.
«Өзіндік құнды бақылау үшін құрылыс салушылар процестерді оңтайландырудың жаңа тетіктерін табу керек. Тиімсіз жұмыс істеген компаниялар нарықтан кете бастайды. Ал бұл үрдіс монополияның қанат жаюына, ұсыныстың төмендей бастауына орай әрі қарай тұрғын үй бағасының өсе түсуіне әсер етеді», дейді В.Лазарев.
Халықтың үшінші қажеттілігі саналатын автокөлік бағасы 2021 жылы 8-10 пайызға қымбаттаған. Бұл деректі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады. Инфляция 8,9 пайыз болған кезде жаңа автокөліктер 8,3 пайызға (2020 жылмен салыстырғанда) қымбаттаған. Ұсталған көліктердің құны да 9,8 пайызға өсті. Автокөлік өндірісі үшін компонент дайындаумен айналысатын әлемдік зауыттар жұмысының ішінара тоқтауы, қажетті компоненттердің тапшылығы және қымбаттауы (мыс – 48 пайызға, алюминий – 61 пайызға, қорғасын – 37 пайызға) автоөндіріске елеулі зиян келтірді. Бұл өз кезегінде логистикалық қызмет құнын арттырды, сұраныстың күрт артуы баға өсіміне алып келді.
«Пандемия кезінде зауыттар карантинде тұрып қалды, бұл жеткізу тізбегін тежеді және Қазақстанда құрастыру мен автокөліктерді жеткізу бойынша квоталар қысқарып кетті. Әлемдік нарықтағы электронды компоненттер тапшылығы сәт сайын сұраныс пен ұсыныс арасын алшақтатып барады», деп түсіндірген еді министрлік қымбатшылық мәселесін.
Енді елімізде көлік бағасының құны түсуі мүмкін. Бұған да Президенттің мәжіліс отырысындағы тапсырмасы себеп.
«Оператор РОП деп аталатын компанияның қызметі қоғам және кәсіпкерлер тарапынан сұрақтар тудырып отыр. Тіпті осы жеке компанияға қарсы қоғамдық қозғалыс ұйымдастыруға дейін жетті. Үкіметке РОП операторының утиль алымына иелік етуін тоқтату бойынша іс-шаралар қабылдауды тапсырамын. Мұнымен шетелдегідей мемлекеттік ұйым айналысуы керек. Ал алымның ставкасын қайта қарау керек», деді Президент Үкіметке тапсырма жүктей отырып.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының хабарлауынша, 2022 жылы ел экономикасы 3,9-4 пайыз деңгейінде өсім көрсетуі мүмкін. Қызмет көрсету секторындағы өсімнің қалпына келуі, өндірістегі өсім қарқынының сақталуы, сауда балансының нығаюы және өндіруші емес салалардағы инвестициялық белсенділік жалпы экономикалық өсімді ынталандырады. Ұлттық экономика министрлігінің болжамынша, 2022 жылы тауар экспорты 60,1 млрд долларды құраса, импорт көлемі 40,8 млрд долларға жетпек.