Келеңсіздік кезінде Алматының инфрақұрылымы айтарлықтай зардап шекті. Оқиға ошағында бағдаршамдар мен бақылау камералары қиратылып, қала берді, жаяу жүргіншілерге арналған тас төсемдерге дейін талқандалды. Бүгінде қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін коммуналдық қызметтер штаттық режімде жұмыс істеуде.
Арнаулы штабтың деректері бойынша сумен жабдықтау, су бұру, газбен жабдықтау, энергия және жылумен жабдықтау жүйелері үздіксіз жұмыс істеп тұр. Жаппай тәртіпсіздік кезінде де бұл қызметтерде іркіліс болған жоқ.
Жол инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары да қарқынды жалғасуда. Жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын жөндеуге 13 бригада жұмылдырылған. Қираған 46 бағдаршам нысанының 38-і қалпына келтірілсе, қалған 5-і уақытша сызба бойынша қызмет көрсетіп тұр. Сондай-ақ, келеңсіздік кезінде 120 жол белгісі бүлінген, оның 96-сы толық қалпына келтірілді. Бұл жұмыстарды 4 бригада жүргізіп жатыр.
Қала билігі талқан болған тас төсемдер 13 қаңтарға дейін ретке келетінін жеткізді. Жол жабынын тазарту қарқын алған. Бүлінген 43 аялдама павильондары да біртіндеп жөнделуде. Басым бөлігінің әйнектері тұтас қираған. Бұл жұмыстарға жеке компаниялар да атсалысуда. Қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді қолға алған мамандар залалды бағалау әлі де жалғасып жатқанын айтады.
Айта кету керек, барлық қызметтер антитеррористік орталықпен тығыз қарым-қатынаста. Бүгінге дейін көшелерден 200 тоннадан астам қоқыс, аулалардан 1 мың тоннаға жуық қалдық шығарылды. Коммуналдық қызметтер әскери қызметшілер залалсыздандырған аумақтарға кіреді. Қаланы тазарту жұмыстарына құқық қорғау қызметкерлері мен еріктілер де үлес қосты.
Жауапты ведомство, тұрғындар тарапынан қаланың коммуналдық қызметіне қатысты кез келген сауал туындаған жағдайда төмендегі телефон нөмірлеріне хабарласуға болатынын мәлімдеді.
«Алматы Су» МКК 274-66-66, +7 771 852 9101 (тәулік бойы) – «АлТС» ЖШС авариялық-диспетчерлік қызметі 378-06-65 (тәулік бойы), байланыс орталығы: 341-07-77, қоңырауларды қабылдау уақыты: 09:00-ден 17:00-ге дейін – «Алматы Қала Жарық» МКК 300-75-41, 300-75-42 – авариялық газ қызметі: 104.
АЛМАТЫ