Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен облыстың ТЖ бойынша коменданты, ПД бастығы Марат Төлебаев журналистермен брифинг өткізді. Олар алдымен қайтыс болған азаматтардың отбасыларына көңіл айтты.
Облыстағы жалпы ахуал тұрақты. Осы күндері өңірде бірде-бір адам зардап шеккен жоқ. Адамдардың жеке бостандығы мен мүлкіне қол сұғушылық та болған емес. Тұрғындар тәртіп енгізу шараларына түсіністікпен қарап, қолдау білдіруде. Петропавл қаласына кіретін күре жолдарға бес блок-бекет қойылған, ал жалпы облыс бойынша бұдан басқа 20 өткізу бекеті орнатылған. Осы күнге дейін блок-бекеттерде 17 мың бірлік көлік тексерілді. Оның арасында Қазақстан аумағына өтуге сенімді негізі болмаған 451 көлік қайтарылды.
Мемлекеттік органдар мен маңызды нысандар штаттық режімде жұмыс істеуде. Азық-түлік тапшылығы жоқ, баға біршама тұрақты. Қ.Ақсақалов Солтүстік Қазақстанда газ бағасы елдегі ең қымбат деген пікірді жоққа шығарды. «Біздегі газ бағасы Ақмола, Алматы, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарымен бірдей», деді ол.
Интернет облыста белгілі бір уақытқа ғана беріліп тұр. Әкімнің айтуына қарағанда, бұл біртіндеп ұзартылатын көрінеді. «Облыста банкоматтарға ақша салу жұмыстары жүргізілуде, негізгі банкоматтарда ақша бар. Қаладағы бірқатар супермаркетте арнайы желі арқылы ақшасыз төлемдер қабылданады. «Халық банктің» облыстағы бөлімшелері өз жұмысын бастады. Банктерге арнайы күзет қойылды», деді әкім.
Еліміздің барлық өңірі сияқты Солтүстік Қазақстанда да терроризмге қарсы сақтық операциялары жүргізілуде. Жалға берілетін барлық тұрғын үйлер тексеріліп, олардың тұрғындары анықталуда. Әкім өзінің сөзінде тыныштықты сақтауға барлық тұрғынның қатысуын сұрады. «Маңайларыңызда күдікті адамдар байқалса, дереу +7 778 363 3780 телефонына хабарласыңыздар», деді ол.
ТЖ енгізілгеннен бері полиция органдарына барлығы 255 адам жеткізілген болса, олардың 72-і – төтенше жағдай тәртіптерін бұзғандар. Солардың ішінде 34 жеке тұлғаға соттың шешімімен әкімшілік жауапкершілік жүктелді. Ал спирттік сусындар сатқан 4 заңды тұлғаға айыппұл салынды.
Қазір облыстық БАҚ арқылы коменданттық сағаттың тәртіптері мен маңыздылығы айтылып, комендант халықты құлақтандырып тұрады.
Солтүстік Қазақстан облысы