• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 12 Қаңтар, 2022

Әлем көшбасшылары ҚР Президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

408 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Қазақстандағы қайғылы оқиғаларға байланысты әлемдік көшбасшылар мен халықаралық құрылымдар өкілдерінен көңіл айту жеделхаттары келіп түсуде, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған жеделхатында мемлекет үшін шешуші сәтте Президент ретінде жағдайды өз бақылауына алып, батыл әрі нақты шаралар қабылдағанын жазды.

«Осыдан Сіздің саясаткер және еліңіз бен халқыңыздың алдында зор жауапкершілік арқалаған тұлға ретіндегі ерлігіңіз көрінеді. Мен мұны жоғары бағалаймын! Қытай тарапы Қазақстанның тұрақтылығына нұқсан келтіретін, оның қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, Қазақстан халқының тыныштығын бұзатын кез келген күштерге және Қазақстанда саналы түрде хаос туғызып, «түрлі-түсті революция» жасайтын сыртқы күштерге батыл қарсы шығады. Қазақстан мен Қытай арасындағы достыққа сына қағуға және екіжақты ынтымақтастыққа кедергі келтіруге тырысатын кез келген әрекетке батыл қарсы тұрады», делінген Си Цзиньпиннің жеделхатында.

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев өзінің хатында Қасым-ЖомартТоқаевқа және Қазақстан халқына көңіл айтып, еліміздегі бейбітшілікті сақтау жолында қаза тапқан жандардың жақындары мен туыстарының қайғысына ортақтасатын жазған.

«Бауырлас Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы Сіздің батыл күш-жігеріңізді толық қолдайтынымызды тағы да нақтылағым келеді», деп жазды Өзбекстан көшбасшысы.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров жолдаған жеделхатында Қазақстанда болған қайғылы оқиғаларды зор күйзеліспен қабылдағанын атап өтіп, Қырғызстан халқының және жеке өзінің атынан Қасым-Жомарт Тоқаевқа және барша қазақ халқына көңіл айтты.

«Мызғымас достық, тату көршілік және өзара сыйластыққа негізделген халықтарымыздың көп ғасырлық ортақ тарихи, рухани және мәдени байланыстарын ескере отырып, Қырғызстан Қазақстан Республикасын қашанда ниеттес, сенімді көрші әрі стратегиялық әріптес ретінде қолдайды», делінген Қырғызстан басшысының жеделхатында.

Беларусь Президенті Александр Лукашенко көптеген адамның құрбан болуына және ғимараттардың қирауына әкеп соққан  содырлар тобының елімізге жасаған шабуылы халықаралық терроризм ретінде әлемге зор қауіп төндіретінін  жазған.

«Экстремистердің түпкі мақсаты – көпұлтты Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыру, елде хаос орнатып, конституцияға қарсы төңкеріс жасау және саяси бағдарды өзгерту үшін бауырлар арасында соғыс отын өршіту екені айқын», деп жазды Александр Лукашенко.

Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон және Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов және БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғарғы Өкілі Мигель Анхель Моратинос те Қазақстан азаматтарына қолдау білдіріп, қайғырып көңіл айтты.

Жеделхаттар әлі де келіп түсуде.