Елордадағы Ұлттық музейде көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұмекен Нәжімеденовтің бірқатар дүниесі сақталған. Соның ішінде ақынның өзі киген былғары пиджагы мен галстугі бар.
Бұл жәдігерді 2015 жылы «Музейге сый тарту» акциясы аясында ақынның қызы Әйкен тапсырған. Пиджак екі түймелі, қара түсті былғарыдан тігілген. Оны ақын Мәскеудегі әдебиет институтында оқып жүргенде сатып алыпты. Құнды екі жәдігер де жақсы сақталған. Арқалы ақын «Жоқ, ұмытуға болмайды!», «Жарық пен жылу», «Күй кітабы», «Мезгіл әуендері», «Ұлым, саған айтам», «Қызғалдақ жайлы баллада», «Мен туған күн», «Жеті бояу», «Менің топырағым», «Ұрпағым, саған айтам» және тағы басқа жыр жинақтарымен ұлттық поэзиямызға өзгеше өрнек, жаңа леп әкелді. Проза жанрында да табанды еңбек етіп, «Ақ шағыл», «Кішкентай», «Даңқ пен дақпырт» атты романдарын жазды. Сондай-ақ Жұмекен ағамыздың есімін мемлекеттік Әнұран авторының бірі ретінде құрметпен айтамыз. Саңлақ суреткердің «Менің Қазақстаным» атты өлеңдер мен дастандар жинағына 2010 жылы Мемлекеттік сыйлық берілді.
Ақынның досы, белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Оразбек Сәрсенбай «Жұмекеннің жүрегі» деген естелігінде: «Қазақ поэзиясының оқшау тұрған үш бәйтерегі – Қасым, Мұқағали, Жұмекен бір-бірімен тағдырлас өмір кешіпті. Жас жағынан үшеуі де қырықтың қырқасына шыққанымен, елудің етегінен ұстап үлгермегендер. Ал шығармашылық өмірбаян тұрғысынан келсек, біздіңше бұл үшеуі де негізінен айтарын айтып, жазарын жазып кеткендер», деп салмақты сөз айтқан екен.