«Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Алтын қордың» өртенуіне байланысты мәлімдеме жасады, деп жазады Egemen.kz.
Жыл басында Алматыда болған бүлік кезінде ғимаратқа үлкен залал келіп, 16 мыңға жуық бейнетаспа жинақталған «Алтын қордың» жерасты қоймалары мен цифрланған видеоматериалдар сақталған Серверлер бөлмесін өрт шалған еді.
Бұл серверде осы күнге дейін цифрланған бейнематериалдардың бір бөлігі сақталған (басым бөлігі Нұр-Сұлтан қаласында). Бұған қоса, өрт сөндіру кезінде қоймаларды су басқан.
«Өртенген сервердің жады және кассеталар мен пленкалардың жарамдылығы толық техникалық тексерістен соң айқындалады. Себебі қазіргі кезде қауіптілігіне байланысты ғимаратқа кіруге мүмкіндік жоқ. «Алтын қордың» видеоматериалдары туралы мәлімет тексеру нәтижесінен кейін қайта хабарланады», деді «Қазақстан» РТРК Басқарма төрағасының орынбасары Мақпал Жұмабай.
Еске сала кетейік, корпорация цифрландыру бойынша кешенді жұмыстардың жалғасы ретінде өткен жылдың соңында «Алтын қор» жауһарларын көпшілікке таныстырып, кез келген елден еркін көруге мүмкіндік беретін https://altynqor.com/ арнайы порталын ашты.
Қазір мұнда 1500-ге жуық видео, 700 аудиоматериал бар.