Темірден түйін түйген Айна Кенесарина туралы аз-кем әңгіме
Қазіргі таңда қыз-келіншектер араласпайтын сала жоққа тән. Тіпті, жаны нәзік арулардың ер-азаматтардың ғана қолынан келеді деген кәсіптің өзін әдемі игеріп алғанын көріп тәнті боласың. Солардың қатарында «Қазхром ТҰК» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауыты механикалық жөндеу цехының токары Айна Кенесаринаны атауға әбден болады. Ол ерлердің өзі тәуекел ете бермейтін токарьлық мамандыққа төселіп алғаны соншалық, станоктың құлағында ойнайды десе де болғандай. Оның осы салада еңбек етіп жүргеніне сегіз жылдың жүзі болыпты. Бала күнгі арманын жүзеге асыру мақсатында Хромтау қаласындағы кәсіптік- техникалық лицейдің токарьлар даярлайтын бөліміне құжаттарын тапсырғанда отбасындағылардың наразылық білдіргені де рас. «Ең болмаса, тігіншілер даярлайтын бөліміне тапсырсаң қайтеді. Токарьлық тек ер-азаматтарға тән мамандық қой. Қыз бала үшін ауыр кәсіп емес пе?» деушілер де табылды. Бірақ, алған бетінен қайтпайтын қайсар қыз осы қарсылықтарға қарамастан лицейді ойдағыдай аяқтады. Оқу кезінде Дөң кен байыту комбинатында тәжірибеден өтті. Өндіріс жағдайына көндікті, токарьлық кәсіптің қыр-сырына қанықты. Тәжірибеден өту барысында-ақ өзін жақсы қырынан көрсете білген Айнаны комбинат мамандары өздеріне жұмысқа шақырды. Ол бұл шақыруды қуана қарсы алды. 2006 жылдан бастап 2012 жылға дейін Дөң кен байыту комбинатының механикалық жөндеу цехында токарь болып абыройлы еңбек етті. 2013 жылдан бері Ақтөбе ферроқорытпа зауытында механикалық жөндеу цехының механикалық жөндеу учаскесінде өндірістік еңбек жолын жалғастырып келеді. Біз он ағайындымыз. Мен отбасында бесінші баламын. Ағаларым Нұрлан Дөң кен байыту комбинатында бұрғылаушы, Бауыржан «БелАЗ» техникасының жүргізушісі болып жұмыс істейді. Сондықтан шығар менің өндіріске жақын болғандығым. Мен бала кезімнен шахтёр болуды армандайтынмын. Мектепте бірге оқыған құрбы-құрдастарымның бірі дәрігер, бірі мұғалім болсам десе мен еш ойланбастан токарь боламын деп лицейге құжаттарымды тапсырдым. Неге екені белгісіз, ер-азаматтардың істейтін жұмыстары мені қатты қызықтыратын. Осы мамандықты игергеніме еш өкінбеймін, керісінше мақтан тұтамын. Әрине, токарьдың жұмысы өте жауапты, күрделі болып келеді. Берілген тапсырмаларды сызбалар арқылы дәлме-дәл етіп жасап шығару, үзіліссіз жұмыс істеп тұрған станоктың шуылы, сегіз сағат бойы аяқпен тұру сияқты өзіндік қиындықтары да жетерлік. Бірақ, күнделікті өндіріске қажетті бұйым жасап шығарып, көпшіліктің көңілінен шығып жатқанда бар қиындықты ұмытып өз кәсібіңнен ләззат аласың. Алғаш Ақтөбе ферроқорытпа зауытына келіп жұмысымды жалғастырғанда механикалық жөндеу учаскесінде токарь болып істейтін бірде-бір әйел адам жоқ екен. Ерлердің ортасында жалғыз өзім жүргенде ыңғайсызданғаным да рас. Қазір үйреніп кеттім. Ұжымдағы аға буын өкілдері өз қыздары сияқты құрмет көрсетіп, қамқор болып өндірістегі іс-тәжірибелерімен бөлісіп, ақыл-кеңес беріп отырады, дейді Айна Кенесарина. Айнаның еңбексүйгіштігі, жауапкершілігі, ұстамдылығы, төзімділік сияқты қасиеттері анасынан дарыса керек. Анасы Гүлсара ауыл шаруашылығында еңбек ете жүріп, он баланы дүниеге әкелген Батыр ана. Балалары бүгінде ержетіп бір-бір мамандықты игеріп, табысты еңбек етуде. Жас та болса өз кәсібінің жемісін көріп, өзіне жүктелген міндеттерді бұлжытпай орындайтын, ерлермен тең иық тірестіріп кез келген өндірістік істі дөңгелетіп алып кететін Айна бос уақытында саламатты өмір салтын ұстанады, ертелі-кеш жүгірумен айналысады. Өнерден де құралақан емес, зауыт көлемінде өтетін цехаралық көркемөнерпаздар байқауы, көңілділер мен тапқырлар клубының сайыстары да онсыз өтіп көрген емес. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.
•
14 Наурыз, 2014
Токарь қыз
700 рет
көрсетілді