• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 16 Қаңтар, 2022

Ұлттық қордың үлгісі Норвегияның тәжірибесі қандай?

477 рет
көрсетілді

«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжілістің отырысында Үкіметке елді дамытуға қатысты көптеген тапсырма берді. Соның бірі «Самұрық-Қазына» қорына қатысты болатын. «Үкіметке Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, «Самұрық-Қазынаның» жұмысына қатысты квазимемлекеттік секторды түбегейлі реформалау үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Егер «Самұрық-Қазына» жұмысын реформалау мүлдем мүмкін болмаса, ондай құрылымның экономикамызда болмағаны дұрыс», деді Қ.Тоқаев. Осы орайда, әлемдегі әл-ауқат қорларының қалай жұмыс істейтінін сараптап, Норвегияның Жаһандық зейнетақы қорына тоқталғанды жөн көріп отырмыз. 

Норвегияны таңдауымыздың бірнеше себебі бар. Біріншіден, аталған елдің Жаһандық зейнет­ақы қоры (Government Pension Fund Global) әлемдегі ең үлкен әл-ауқат қоры саналады. Оның нарық­тағы құны 1,4 триллион дол­ларды құрайды. Төрткүл дү­ниеге «Мұнай қоры» атымен танымал қор бүгінде әлем бай­лы­ғының 1 пайызын иеленіп отыр.

Екіншіден, скандинавиялық мемлекет Қазақстан секілді мұ­най өндіруші ел. Ерекшелігі сол, то­ғызын­шы территорияның мұнай қоры 30 миллиард баррельге тең, әлемдегі мұнай қоры­ның 1,8 па­йызын құрайды. Нор­ве­гия­ның үле­сі 5 миллиард баррель, сәй­ке­сін­ше 0,31 пайыз. Әйтсе де, өнді­ретін мұнайдың көлемі шамалас.

GPFG-ның құрылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Гео­лог­тер 1969 жылы Норвегия жа­ға­лауларынан өте үлкен мұнай кен орындарын табады. Сөйтіп, шетелге сататын «қара алтын­ның» көлемі көбейіп, ел экономикасына қыруар қаржы түсе бастайды. Викингтер ұрпағы мұнайдың ертелі-кеш бітетінін көп ұзамай-ақ түсінді. Сондықтан ел арасында артық ақшаны қор­ландыру туралы әңгіме қызу талқылана бастады.

Ақыры 1990 жылы Норвегия парламенті арнайы қор құру туралы заң қабылдады. Осылайша, бүгінде Government Pension Fund Global деп аталатын қордың іргетасы қаланды. Оған алғашқы қаражат 1996 жылы түсті. Қорды құрудағы басты мақсат – мұнай тау­сылғаннан кейін де Норвегия экономикасын тұрақты қалпында сақтап қалу.

GPFG-ның қалай жұмыс іс­тей­тіні де жіті назар аударуды қажет етеді. Бастапқыда оған мұ­най­дан түскен артық ақшаны жинай бастаған. Кейін қор түрлі салаларға инвестиция салуға көшті. Нәтижесінде, табысы жылдан жылға артып, қазіргі кезде әлемдегі бүкіл компаниялардың 1,5 пайызын иеленіп отыр. Яғни жер жаһандағы байлықтың осынша бөлігі норвегиялық қорға тие­сілі деген сөз.

Қор жұмысының тиімділігін мынадан-ақ аңғаруға болады. Мұнайдан түскен ақша ондағы қаражаттың жартысына да жет­пейді. Басым бөлігі тиімді инвес­тиция салудың арқасында қорға түскен  қаржы. Бүгінде «Мұнай қоры» акцияларға, тұрақты кіріс­ке, жылжымайтын мүлікке және жаңартылатын энергия инфра­құрылымына қаржы құяды.

Мәселен, қордың 9 мыңға жуық компанияда еншісі бар. Шартараптың әйдік шаһар­лары­нан жүздеген ғимарат сатып алған. Оларды жалға беру арқылы да миллиондаған доллар кіріс кіреді. Бұдан бөлек, кейбір елдер мен компанияларға несиеге қаражат береді. Осылайша, түрлі бағытта жұмыс істеу арқылы табысын еселеп арттырып отыр.

Норвегия үкіметі жыл са­йын қор табысының азғана бөлігін пайдалануға құқылы. Бірақ соның өзі ел бюджетінің 20 пайызын құрап отыр. Алда-жалда ондағы қаражатты халыққа таратып берсе, әр норвегтің еншісіне 250 мың доллардан келеді. Дегенмен скан­ди­навиялықтар қаражатты жаратуға асық­пайды. Өйткені бүгін аз жаратса, ертеңге, қиын-қыстау кезеңге кө­бі­рек қалады. Экономикаға ақша жетпесе ғана қорға қол созып, қалған жағдайда бюджеттің ар­тыл­ғанын қорға аударып отырады.

Тағы бір ерекшелігі, үкімет GPFG-ның негізгі капиталын емес, оның табысын ғана жұмсай ала­ды. Оның өзінде, бұл 3 пайыздан аспауы тиіс. Осындай мақсат қой­ған норвегтер келешекте мұ­найға тәуелділіктен біржола құтылмақ.

Қор басшылығы инвестиция салғанда да ақшаны оңды-солды шашпайды. Ұзақ мерзімде кіріс­ті арттыратын компаниялар­ға ғана қаражат құяды. Мәселен, Facebook компаниясы жалпы нарыққа шыққанда викингтер зерделей келе, оның акцияларын сатып алды. Рас, алғашқыда қымбатқа сатылған компанияның құнды қағаздары көп ұзамай арзандады. Бірақ қор басшылығы сабырлық танытты. Уақыт өте келе Facebook-тың құны артты. Сөйтіп, одан еселеп пайда әкеле бастады.

Айтпақшы, Қордың арнайы инвестициялық этикасы бар. Оған сай келмейтін компания­лар GPFG-дан соқыр тиын да ала алмайды. «Мұнай қорына» жауап­ты мекеме болғандықтан, Нор­вегия қаржы министрлігі бұл тізімді бекітеді. Мәселен, қару-жарақ, темекі және қазба отын шығаратындарға тыйым са­лын­ған. Бұдан бөлек, тікелей және жанама түрде адам өліміне, зор­лық-зомбылық әкелетін, адам құқығын бұзатын не соғысқа қа­тысы бар компанияларға инвес­тиция салынбайды.

2012 жылы мынандай қызық оқиға болды. Dagens Næringsliv газеті қор бақылау, телефон тың­дау және коммуникация секіл­ді түрлі технологиялармен айналысатын 15 компанияға 2 миллиард доллар қаражат құйғанын анықтайды. Әлгі компаниялар тікелей қару жасап, адам құ­қы­ғына қарсы келетін әрекетке бармаса да, олардың өнімдері Иранда, Сирияда және Мяньмада қолданылады екен. Басылымның мақаласынан кейін елде қызу пікірталас өрбіп, қор аталған компанияларға салған қаражатын қайтарып алды.

Сондай-ақ Палестина аума­ғын­да адам құқығының бұзыл­уы­на үлес қосқаны үшін Израиль­дің «Африка Израиль инвестмент», АҚШ-тың әуе күштеріне құрлықаралық баллистикалық зымыран жасауға көмектескені үшін Boeing, ядролық қару жасай­тыны үшін Airbus, темекі өнді­ре­тіндіктен Philip Morris Internatio­nal, адам құқығы мен еңбек құқығын бұзғаны үшін Wal-Mart Stores секілді компанияларға сал­ған инвестициясын тоқтатты.

Енді Норвегияның Жаһандық зейнетақы қоры қаржы құйған компаниялардың тізіміне көз жүгіртіп көрелік. Жалпы инвес­ти­цияның 72,8 пайызы ак­ция­ларға салынған. Солардың ішін­де Apple-дың үлесі жоғары. Викинг­тер ұрпағы аталған компанияның 21,2 миллиард долларлық акция­сын сатып алған. Бұдан кейінгі орында Microsoft Corp (16,9 миллиард доллар), Amazon.com Inc (14,2 миллиард доллар), Alphabet Inc (11,1 миллиард доллар), Nestle SA (8,8 миллиард доллар), Facebook Inc (7,6 миллиард доллар) компаниялары тұр.

Сонымен қатар АҚШ үкіме­тіне 82 миллиард доллар, Жапо­нияға 33 миллиард доллар, Гер­манияға 16 миллиард доллар қарыз берген. Норвегтерге қарыз елдер тізімі мұнымен бітпейді. Бақандай 45 мемлекет алақандай Норвегияға борышкер. Бұл аз десеңіз, 32 миллиард долларды әлемнің 14 еліндегі ғимараттарды сатып алуға жұмсаған.

Осындай алпауыт қорды кім басқарып отыр деген сұрақ туын­дайды. GPFG негізі үкіметтің меншігінде. Бірақ оның жұ­мы­сын жүргізетін менеджер Николай Танген есімді миллио­нер. Ол қор тізгінін 2020 жыл­дан бастап ұстады. AKO Capital компаниясының негізін қа­лап, қалтасын қалыңдатқан Тан­ген мырза қордың жұмысын жүр­гізуге барынша кірісті. Осы қыз­метке келу үшін ол AKO Capital-ды сатып жіберді. Тіпті жалақысы салыстырмалы түрде төмен екеніне (672 мың доллар) қарамастан қорда еңбек етуге шешім қабылдаған.

Әлбетте, қор менеджеріне тө­ле­нетін жалақы басқа салалар­дан әлдеқайда жоғары. Мәсе­лен, қара­пайым норвег орташа есеппен 67 мың доллар еңбекақы алады. Ни­колай Тангеннің жалақысы он есе көп. Ең қызығы сол, оның байлығы шамамен 500 миллион долларды құрайды. Яғни Танген мырзаның салыққа төлейтін сомасы алатын жалақысынан әлде­қайда көп.

Жаһандық зейнетақы қоры қызметкерлерінің жалақысына жыл сайын шамамен 100 миллион доллардан астам қаржы жұмсайды. Мәселен, 2020 жылы еңбекақыға 122 миллион доллар төленген. Әлемнің түкпір-түкпірінде қордың мыңдаған қызметкері бар екенін ескерсек, бұл айтарлықтай көп сома емес. Бір айта кетерлігі, қордағы түрлі басшылық қызметтердегі 217 адамға төленетін жылдық еңбекақы шамамен 44 миллион доллардан аспауы тиіс.

P.S. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мəжілістің отырысында «Осы тұста, қор өзінің негізгі міндетін орындап отыр ма, яғни ұлттық байлықты еселей алды ма деген орынды сұрақ туындайды. Қомақты жалақы алатын қызметкерлері, директорлар кеңесі немен айналысады? Қызметі өте қымбат консалтинг компанияларынжəне шетелдік мамандарды жұмысқа тартқаннан пайда бар ма?» деген сауал тастады. «Самұрық-Қазынаның» қаржылық есебінде 2019 жылы бүкіл қызметкерлеріне 204 миллиард теңге жұмсағанын көрсеткен. Яғни шамамен 468 миллион доллар. Соның 7 миллиард теңгесі өте жоғары лауазымдағы бірнеше адамға төленген екен.