Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) жинақ депозиттер бойынша кепілдік берілген максималды соманың 20 млн теңгеге дейін ұлғайғанын мәлімдеді. 2021 жылдың 30 желтоқсанында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев теңгедегі жинақ салымдар бойынша кепілдік берілген өтемнің максималды мөлшерін 15 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ұлғайтуды көздейтін заңға қол қойған еді.
Тиісті өзгерістер «Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы» Заңына енгізілді және 2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Жаңа өзгерістерге сәйкес бір банкте түрі мен валютасына қарай жинақ салымы және басқа да депозиттері бар салымшылар үшін ҚДКБҚ-ның жиынтық кепілдік берілген максималды сомасы да өседі. Бұл жағдайда жиынтық кепілдік берілген максималды сома 20 млн теңгені құрайды.
«Кепілдік берілген максималды соманың өсуіне байланысты ҚДКБҚ салымшылардың да, мемлекеттік бюджеттің де шығынға ұшырамайтындығын атап өтеді: өтем сомасы жинақтау негізінде қалыптасатын арнайы резервтің қаражаты есебінен жүзеге асырылатын болады. Қазіргі уақытта жинақталған арнайы резервтің көлемі ҚДКБҚ жарғылық капиталының 70 пайызын есепке ала отырып, 847 млрд теңгені құрайды. Арнайы резервтің бұл деңгейі заңнамалық тұрғыда бекітілген 5 пайыздық межеден жоғары және үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес келеді» делінген қор хабарламасында.
Еске салайық, елімізде ислам банктерінен басқа, жеке тұлғалардың депозиттерін қабылдауға және жүргізуге лицензия алған барлық банктер міндетті түрде депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысады. Осылайша, барша қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктердегі ақшалары жоғарыда көрсетілген лимиттер шегінде ҚДКБҚ қорғауына алынады.
10 қаңтар күні қор қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін жеке тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттерінің жекелеген түрлері бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесін көтеру туралы шешім қабылдады. 2022 жылдың 11 қаңтарынан бастап стандартты өтеу мерзімі 3 және 6 ай жинақ салымдары бойынша ең жоғары сыйақы мөлшерлемесі 2 пайызға, ал 12 ай стандартты өтеу мерзімі бар жинақ салымдары бойынша 1 пайызға көбейді.