• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Қаңтар, 2022

Әлеуметтік төлемдер кешіккен жоқ

306 рет
көрсетілді

Қостанай облысында зейнетақы мен жәрдемақы төлемдері тұрғындардың жеке есепшотына өз уақытында келіп түсті.

Еңбек және әлеуметтік қор­ғау департаментінің өкілдері 6 қаң­тарға дейін зейнетақы мен жәрдемақыға қосылған өсім­дер­дің «Қазпошта» мен екінші дең­гейлі банктерге аударыл­ғанын, ел көлемінде енгізілген төтенше жағдай тәртібіне қара­мастан, аталған санаттағы аза­маттарға бөлінетін қаржы ауда­рымдарының кешігуі мүмкін емес екенін айтып отыр.

– Біз өткен желтоқсан айына дейін зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыларға қосылатын ақша айырмашылығын қай­та есептеп, төлемдерді өз уақы­тында жібердік. Биылдан бастап базалық зейнетақы мөл­ше­рі 7 пайызға өсті, – деді депар­таменттің бөлім бастығы Арман­гүл Әбдіқадырова.

Мәселен, бұған дейін 144 мың теңге зейнетақы алып кел­ген Қостанай қаласының тұр­ғыны Мұқтар Бексұлтанов 10 қаңтарда қолына 152 мың теңге тигенін айтты. Зейнеткер мемлекеттің қа­рия­ларға қам­қорлық көрсетіп отырғанына ри­зашылық білдірді.

Еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті қызметкерлерінің айтуынша, қаңтар айынан бас­тап өзге де әлеуметтік жәрдем­ақылар мөлшері 5 пайызға өскен. Сондай-ақ мемлекет­тік қызметтерді көрсету ережеле­рі­не енген өзгерістерге сәйкес, мүге­дектік мерзімі төтенше жағ­дайға байланысты автоматты түрде 5 жел­тоқсаннан 19 қаңтарға дейін ұзартылып отыр. Сондықтан мүгедектік мерзімі аяқталып қал­ған мүмкіндігі шектеулі жан­дар­дың алаңдауына негіз жоқ. Ол кісілер өңірде төтенше жағ­дай режімі алынып тасталған соң, бұрынғыша қалыпты куәлан­дырудан өтетін болады.

 

Қостанай облысы