Алматыда ÖzgeEpic заманауи өнер кеңістігі Jauhar ұлттық музыка жобасын көпшілікке таныстырды. Ұлт мәдениетінің мәйегі саналатын ұлттық музыканы заман талабына сай дамытып, дәстүрлі ән-күй мектептерінің арнасын кеңейтуді мақсат еткен жоба көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр.
Жоба авторлары Jauharдың алғашқы кезеңінде Маңғыстау жыршылық мектебінің өкілдерін насихаттау көзделгенін айтады. Осы ретте жобаға Амандық Көмекұлы, Ұзақбай Сахиев, Жеткізген
Сейітов, Ахмет Байекешов, Арғын Бисенұлы, Аманбек Сәуірбаев, Оңдасын Қалқан, Оспан Құлсымақов, Ризабек Серік, Бақдәулет Толыбекұлы секілді 10 жыршы қатысып, Абыл, Ақтан, Қашаған, Нұрым, Аралбай сынды ақын-жыраулардың шығармаларын орындады.
«Ұлттық өнеріміздің қайнар бұлағы – дәстүрлі ән-күй мектептерінде жатыр. Осы рухани байлығымызды қазіргі замандық медианың мүмкіндіктеріне икемдеп, заманауи дыбыс және бейнетүсірілім ұйымдастырдық, бұл жұмысқа отандық үздік мамандарды тарттық. Бұл сапалы контент жас буынның ұлттық музыкаға деген оң көзқарасын қалыптастырады деп сенеміз», – дейді жоба продюсері Тоғжан Құрманжанқызы.
Jauhar жобасының алғашқы маусымы 10 эпизодтан тұрады. Әр эпизод бір жыршының шығармашылығын қамтиды, хронометражы 35-40 минут. Жыл аяғына дейін барлық музыкалық стримингтік платформаларда 10 музыкалық альбом жарияланып, тегін тыңдау мүмкіндігі қоса берілмек.
Тұсаукесер рәсімінде ÖzgeEpic заманауи өнер кеңістігінің ұйымдастырушысы Мақпал Жұмабай: «Ұлттық музыкамыздың тұрақты платформасын қалыптастыру арқылы біз өз деңгейімізде өнеріміздің түрленуіне, дамуына жол ашпақпыз. Халықтың рухани мұрасы цифрлы әлемде мол қорын жасақтап, өз орнын иеленгенде ғана болашаққа батыл көш түзейді. Сондықтан да жылдарға созылатын бұл жоба жыршылық, күйшілік мектептердің жас тыңдарманын арттырып, соны серпін береріне сенімдіміз», деп атап өтті.
Еске салсақ, ÖzgeEpic өнер кеңістігі бұған дейін заманауи қазақ музыкасын дамытуға бағытталған Jańgyryq жобасын жарыққа шығарған болатын.
АЛМАТЫ