• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Қаңтар, 2022

Тәуелсіздікке қорған болған...

205 рет
көрсетілді

Бүгін – 10 қаңтар – Жалпы­ұлттық аза тұту күні. Бүгін – елімізге жасалған тер­рористік актілер кезінде қаза болғандарды аза тұту күні. Бүгін сын сағат­та елді сабырлық пен иман­ды­лыққа, ауызбіршілік пен тұтастыққа шақыратын сәт. Төтеннен, ең бастысы бөтен­нен келген қара құйын қараша халықты күйзелтіп кетті. Қара жамылдырды. Ха­лықтың ақ, адал еңбегі тоналды, жиған-тергені шашылды. Ғимараттарымыз қи­рады, көшелеріміз ойран бол­ды. Қалаларымызда қан тө­гілді. Тәуелсіздігіміздің тал бесігі – Алматы отқа оран­ды.

Терроризммен тегеурінді күрес тоқтамайды

Қазақ үшін әрбір жанның қазасы ауыр, үлкен қасірет. Бейбіт күнде баламыз оққа ұшты. Елдік мұратты ту еткен арыстай азаматтарымыздан айырылдық. Ендігі мақсат – егемен ел болып қалудың қамын ойлау.

Тәуелсіз Қазақстанның ты­ныш­тығын кетіруге тырысқан террористермен күрес содырлардың көзі толық жойылғанша тоқ­та­майды. Бұл жайында ел Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қаңтарда таңғы сағат 7:00-де Ақорда резиденциясында өт­кіз­ген кеңесте айтты. Еліміз бо­йынша қазіргі таңда антитеррор операциясы жүріп жатыр.

Қазақстанға төнген шынайы қауіпті Президенттің 7 қаңтар күні түс ауа жасаған үндеуінен кейін білдік. Мем­лекет басшысы тек Алматының өзіне 20 мың содырдың шабуыл жасағанын айтып, құқық қорғау органдары мен армияның іс-қимылында, сондай-ақ олардың ведомствоаралық үйлесіміне қарасты анықтайтын мәселенің көп екенін мәлімдеді.

Соғыстан көз ашпаған әлем елдерін тыныштық пен дос­тық­қа шақыратын Қазақстан осылайша ішкі тәртіпті реттеу­ге атсалысу үшін ҰҚШҰ-ның біріккен бітімгерлік әскери күштерін шақыртуға мәжбүр болды. Ал халықаралық сарапшылар еліміздегі жаппай тәртіпсіздіктің алдын ала жос­парланғанын айтты.

Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұ­рақты өкілдігі елдегі қақтығысқа байла­нысты осындай баға берді. Бұл бассыз­дықтың бейбіт шеруге үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын отандық мамандар да айтуда.

Президенттің тапсырмаларынан кейін лаңкестіктің «қызыл деңгейіне» жеткен қалалардағы ахуал айтарлықтай тұрақталды. Ел көлемінде іске қосылған арнайы операцияның нәтижесінде аймақ­тардағы ахуал тұрақталып, өңірлердегі тәртіп орнына келе бастады. Бұқараның арасын ала тайдай бүлдірмек болғандар шетінен ұсталып, қарсыласқандары құқық қорғау органдарының қолынан қаза табуда.

Құрықталғандардың арасында Қыл­­мыстық кодекстегі ауыр қылмыс 175-баптың 1-тармағына іліккендер де бар. Ол – мемлекетке сатқындық. Отанға опасыздық жасау бабы. Ұсталғандардың қатарында Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов бар. Комитеттің ресми сайты­ның мәліметінше, осы жылдың алтыншы қаңтарында ҰҚК Қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-тармағымен, мемлекетке сатқындық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Осы күні аталған қылмысты жасады деген кү­дікпен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы К.Мәсімов және өзге де тұлғалар ұсталып, уақытша оқшаулау изоляторына қамалған. Өзге ақпараттар тергеу мүддесіне орай әзірге жария етілмей отыр.

Алматыда жүргізілген арнайы операция кезінде «Дикий Арман» лақап атымен танымал ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысы Арман Жұмагелдиев те ұсталды. Оның бес жақтасы да Алматы қаласында арнайы жасақтың операциясы кезінде қолға түскен. Қолға түсіру кезінде сондай-ақ қылмыстық топ мүшелері мініп жүрген оқ өтпейтін көлікті тінту барысында әртүрлі мар­кадағы және калибрдегі төрт жартылай автоматты тапанша, суық қарулар, газды граната, әскери оқ өткізбейтін кеу­деше табылып, тәркіленген. ІІМ-нің хабарлауынша, «Дикий Арман» елге өткен жылы желтоқсан айында келіп, 5-6 қаңтар күні болған бүлік кезінде Алматы қаласында болған. Қазіргі уақытта жедел тергеу тобы бұл қылмыстық топтың Қазақстанға қандай мақсатпен келгенін, өздерімен бірге алып жүрген қару-жарақты қайдан алғанын және не үшін ұстап жүргенін анықтау үстінде. ІІМ өкілдері ұстау операциясы кезінде қылмыстық топ мүшелерінің қарсылық танытқанын да айтып отыр.

Бір айта кетерлігі, арнайы операция кезінде ұсталып жатқан террористер, олардан тәркіленген қару-жарақтар мен айғақ заттар жайындағы ақпараттар сағат сайын жаңаруда. Жедел ақпаратты Алматы қаласында орналасқан ІІМ-нің терроризмге қарсы жедел штаб орталығы таратып отыр.

Ұсталғандар саны 6 мыңға жуықтады

Соңғы мәліметтерге сәйкес еліміз­дегі антитеррористік арнайы операциялар барысында ұсталғандар саны 5800-ге жетті. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда кісі өлтіру, билік өкіліне зорлық-зомбылық жасау, қарулы шабуыл, бұзақылық және ұрлық фактілері бойынша сотқа дейінгі 125 іс тергеліп жатыр. Лаңкестерге қарсы операция кезінде ұсталып, полиция органдарына жеткізілгендердің арасында шетел азаматтарының да бар екенін Ішкі істер министрлігінің жедел штабы хабарлаған болатын. Министрліктің 8 қаңтарда таратқан ресми мәлімдемесінде: «Еліміздің бірқатар өңірінде құқық қорғау органдары қылмыскерлерді анықтау және ұстауға бағытталған жедел іс-шараларды жалғастырып жатыр. Осы сағатта ұсталғандардың саны 4404 адамға жетті. Бұған дейін ұсталған 4266 адамның арасында шетел азаматтары бар. Алматы облысы ауылдарының бірінде 100-ден астам адам ұсталған. Алдын ала мәлімет бойынша көршілес мемлекеттердің азаматтары ұсталды», деген деректер айтылды.

Өкінішке қарай, бір ғана Алматы қаласында болған бассыздық кезінде полиция мен Ұлттық ұлан, Қорғаныс министрлігі және де басқа да арнау­­лы органдардың 1300-ден астам әскери қызметкері жарақат алған. Елде орын алған тәртіпсіздіктер туралы пікір біл­дірген Ішкі істер министрінің мін­детін атқарушы Ерлан Тұрғымбаев Алматыдағы жағдай туралы айта келе, алаңға жиналғандардың ешқандай талап қоймағанын және келіссөздерге бармағанын атап көрсетті. Ал қаладағы халықаралық әуежайды басып алуға 800 адам қатысқан. Соның салдарынан ұшып кетуге тиіс 60 рейс пен ұшып келуге тиіс 56 рейс тоқтатылды. «Наразылық білдірушілер барлық жерде кәсіби дағдылары бар екенін көрсетті. Олардың іс-әрекеттерінде тәртіп пен ұйымшылдық байқалады. Жүрген жерлерінде және шабуыл алдында бейнебақылау камераларын істен шығарып отырған. Жолдарға тосқауыл мен бақылаушылар қойылды. Өз әрекеттерін үйлестіру үшін радиостансаларды қолданды», деді министрдің міндетін атқарушы. Ең сорақысы – Алматыдағы 100-ден астам ірі сауда орталығы мен банкті тонау кезінде қарақшылар әдейі полиция мен әскери қызметкерлердің киімдерін киіп алған. «Бұл билік органдарының беделіне нұқсан келтіру үшін жа­сал­ған қастандық», дейді Е.Тұрғым­баев. Өкінішке қарай, бұл күндері қоғамдық тәртіпті сақтау және елдің конституциялық құрылысын қорғау кезінде 16 полицей қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан.

Сондай-ақ лаңкестік операция кезінде 10 өрт сөндіруші мен құтқарушы жараланған болса, біреуіне оқ тиген. Бүлікшілердің шабуылынан 29 өрт сөндіру және құтқару техникасы бүлініп, оның 5-еуі толығымен жанып кеткен. Жалпы, осы күндері ТЖМ өкілдері 75 рет өрт сөндіріп, қауіпті аймақтан 143 азамат құтқарылған.

ІІМ-нің мәлімдеуінше, республика бойынша 70-тен астам блок-бекет қойылған. Мұндай бекеттердің саны өңір­лерде күн сайын артып келеді. Мәселен, елордаға кіріп-шығатын күре жол­дарға 6 блок-бекет қойылды. Бұл бекеттер Қарағанды, Көкшетау, Павлодар, Қорғалжын және Астрахан бағыт­тары бойынша қалаға кіреберістерде тұр. Террорлық қауіптілік деңгейі «қызылда» тұрған Алматы қаласында блок-бекеттер мегаполисті айнала қойыл­ған. Ал Алматы облысында орна­тылған әскери блок-бекетерден өңірге кі­ріп-шыққандар жіті тексеріліп жатыр. Солтүстік Қазақстан облысында полиция бекеттің саны 25-ке жетті. Ба­тыс Қазақстан облысының комендан­ты М.Аблазимовтың бұйрығымен аймақ­тағы статистикалық жағы­­нан маңызды бес бағытта 5 блок-бекет орнатылған. Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды аумақ­тар­ында да қалаға кіріп-шығу жолдары толық бақылауға алынып, он шақты блок-бекет орнатылды. Аймақтардағы поли­ция департаменттерінің хабарлауын­ша, барлық блок-бекетте арнайы жасақ пен полиция қызметкерлерінен күзет қойылған. Олар қалаларға кіріп-шыға­тын көліктердің жүк салғышын, сало­нын тексеріп, жүргізушілер мен жолау­шы­лардың жеке куәлігіне жіті мән беруде.

Талдықорғандағы қарулы қақтығыс

7 қаңтар – антитеррор операциясы ел көлемінде жүргізіліп жатқанына екінші күн. Қара бастың қамынан, ағайынның амандығын артық қойған әскерилер лаңкестердің қарқынды шабуылын тойтарып, артынша өздерін тықсырып, тығып, қамауға ала бастады. Бірақ 7 қаңтарда Талдықорғанда тағы бір қарулы қақтығыс болды. Бұл жолы қарулы топтар іс-әрекеттерін өршіте түскені сонша әлеуметтік, әкімшілік ғимараттарды өртеп, бүлдіргеннен бөлек, уақытша ұстау изоляторына да шабуыл жасай бастады. Қарулы топ мекеме аумағының сыртындағы қызметкерлерге оқ жаудырған. Алматы облысы бойынша ҚАЖД ЛА-155/16 мекемесіне (тергеу изоляторына) шабуыл жасау кезінде ҚАЖ қызметкері қаза тапты. Қақтығыс кезінде опат болған қызметкер 46 жастағы әділет прапорщигі Ербол Ержанов еді. Қазіргі уақытта мекеме аумағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бақылауында.

6 және 7 қаңтар күндері Тараз және Талдықорған қалаларындағы тергеу изоляторларына бірнеше мәрте қарулы шабуыл жасалғанын Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Е.Тұрғымбаев БАҚ-қа ресми мәлімдеді. Оның айтуынша, лаңкестер аса қауіпті қылмыскерлер ұсталатын изоляторларды басып алмақ болған. Алайда қарулы қақтығысқа полиция қызметкерлері тойтарыс жасап, арам пиғылдылардың маңызды объектіге қарай аттап басуына мүмкіндік бермеген. Дәл осы сәтте еліміздің бірқатар өңірінде – Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласындағы жергілікті полиция департаменттеріне бірнеше рет шабуыл жасалды. Мұздай қаруланып, өрт қоятын сұйықтық құйылған бөтел­келерімен жан-жағын отқа орап келе жатқан содырлар полиция депар­та­менттерінің ғимараттарында сақта­ла­тын қару-жараққа қол жеткізбек бол­ған. Ал Алматыда террорлық топ қала­лық полиция департаменті мен үш бірдей аудандық құрылымын басып алмақ болып әрекеттенген.

Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Е.Тұрғымбаевтың мәлім­деуін­ше, лаңкестер сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері мен блок-бекеттеріне қарсы шабуыл жасамақ болған. Басты көздегендері – әскери нысандағы қару-жарақ пен әскери техниканы иемдену еді. ІІМ-нің мәлімдеуінше, ел көлемінде болған жаппай тәртіпсіздік кезінде 400-ден астам автокөлікке зақым келіп, жарамсыз болып қалған.

Орны толмас қаза

Қарулы қақтығыс пен опасыздардың ойраны туралы айтқанда салдарын тілге тиек ету заңдылық. Сол заңдылықтың бізге өте ауыр тиетін тұсы бар. Ол – бүлікшілердің қолынан қаза болған отандастарымыз. Ең өкініштісі – қаза болғандардың ішінде әскерилер ғана емес, қарапайым халық өкілдері де бар. Алматыда 5 қаңтар күні болған атыс кезінде небәрі 4 және 11 жастағы бала оққа ұшты. 7 қаңтарда 15 жастағы жеткін­шекке оқ тиіп, ауыр халде ауру­ханаға жеткізілді. «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы орналасқан ғимаратқа жасалған шабуыл кезінде бір журналист қаза болып, тағы бірі ауыр жарақаттанды.

Халықтың амандығы үшін қарулы топқа қарсы тұрған сарбаздар жан тапсырды. Олардың ең жасы 19-да болса, үлкені 46-да. Бұл батырлардың есімі елдің есінен ешқашан өшпейді. Өйткені олар қара басының қамын емес, Қазақстанның тұтастығы үшін өздерін құрбан етті.

Лаңкестік кезінде Ұлттық ұланның екі сарбазы қаза тапты. Қызылорда қаласында 5 қаңтар күні қауіпсіздік үшін күресте Мадияр Қайсаров ауыр жарақат алып, артынша жантәсілім етті. Қатардағы Айбат Аманов Талды­қор­ғандағы құқық бұзушылармен бетпе-бет келіп, жанқиярлық ерлік көрсеткен. Бүлікшілермен күресте бұл сарбаз да мерт болды. Қазақстандағы қырғынды тоқтату кезінде қыршыннан қиылған жауынгерлердің жасы небәрі 18-20-да ғана еді. Қарағандылық қос сарбаздың әскери борышын өтеп жүргендеріне бар-жоғы 6 ай ғана болған...

Бірде-бір елге қару кезеніп көрмеген Қазақстанға қару ала жүгіргендердің сазайын әділ сот берері сөзсіз. Алайда бейбіт күнде боздақтарымыздан айы­рылып қалғанымыз қабырғамызды қайыстырады. Қорғаныс министрлігі, ІІМ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қанды оқиғалар салдарынан қызметтік борышын атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлерінің отбасыларына, туған-туысқандары мен жақындарына қайғырып, көңіл айтады.

Қаза болған полиция қызметкерлері мен әскерилердің аты-жөні: 1. Қайсаров Мадияр Оразалыұлы, Қызылорда қаласындағы 5547 әскери бөлімінің қатардағы сарбазы;2. Аманов Айбат Ерболұлы, Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімінің қатардағы сарбазы;3. Асылханов Ален Мұхитұлы, полиция аға сержанты, 15.03.1993;4. Ержанов Ербол Тілеубекұлы, әділет пропорщигі, 30.08.1976;5. Сланбеков Рахат Нұрбайұлы, полиция капитаны, 01.01.1988;6. Қамбетов Ринат Талғатұлы, полиция старшинасы, 02.08.1988;7. Алмасов Нұрболсын Ғаниұлы, полиция кіші сержанты 31.05.1994;8. Кабдинов Андрей Вячеславович, ҰҚК Шекара академиясының кафедра басшысы, полковник,14.08.1974;9. Әділбай Дастан Әділбайұлы, Жамбыл облысы бойынша ҰҚКД ТҚО бөлімінің басшысы, ұлттық қауіпсіздік подполковнигі, 02.09.1982;10. Жағалбаев Жандос Мұхтарұлы, ҰҚК Шекара академиясының аға офицері, капитан, 01.07.1994;11. Нүркенов Әділ Дулатұлы, ӘҚББ кіші жедел уәкілі, капитан, 01.04.1993;12. Әділқан Жайық Ұғылқанұлы, ҰҚК Шекара академиясының курсанты, қатардағы жауынгер, 22.11.1999;13. Бітім Мейірхан Ержанұлы, ҰҚК Шекара академиясының курсанты, қатардағы жауынгер 11.07.2002;14. Жұпарбеков Дәулет Бауыр­жанұлы, ҰҚК Шекара академиясының кур­санты, қатардағы жауынгер, 01.12.2002.

Бірде-бір қылмыс жазасыз қалмайды

Бүліктің түбі берекеге апармайтыны белгілі. Қолына қару алғандардың шеруі қашаннан экономикалық қана емес, өмірдегі ең құнды – адам өмірінің шығынымен аяқталатынын тарихтан да көріп-біліп жүрміз. Бассыздық, бейберекетсіздік арқылы ешқандай мәселе шешілмейді, керісінше қайта шиеленістіре түседі. Мұны да талай елдің «тәжірибесінен» түсіндік. Қазір қарулы қақтығыс басылғанымен, ақпараттық соғыс ушығып кетті. Сол себепті де құзырлы органдар тек ресми ақпараттарға ғана сену керектігін ескертіп-ақ келеді.

Мәселен, Бас прокуратура еліміздегі жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін ескертті. Сондай-ақ бүлік салғандар азаматтығынан айырылуы да әбден мүмкін. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша – елде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру және оған қатысу фактілері бойынша тексеру жүргізіліп, қылмыстық істерді жинау және анықтау іс-шаралары қолға алынған. Ол үшін Президент тапсырмасымен ведомствоаралық жедел тергеу тобы құрылған. Оның құрамына ІІМ, ҰҚК және басқа да құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкер­лері енді. Олар арнайы прокурор­дың жетекшілігімен тергеу жүргізеді. «Бүгінгі таңда қылмыс айғақтарын жинау және фиксациялау жұмысы жүріп жатыр. Осыған байланысты азаматтарға өтініш, ұялы телефоныңыздың камерасына түсіріп алған құқық бұзу көрі­ніс­терін өшірмеңіздер. Қылмысты ашуға көмектесетін қандай да бір мәлімет білетін болсаңыздар, 115 нөміріндегі колл-орталыққа хабар­ласуларыңызды сұраймыз», деп мәлімдеді Бас прокура­тураның арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаров.

Қылмыскерлерді іздестіріп, ұстау үшін барлық шараны қол­да­на­тын­дық­тарын Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы Е.Тұрғымбаев та ашық айтты. «Қазақстан халқына қарсы қылмыс жаса­ғандар лайықты жазаға тартылады», деді ол. Сондай-ақ Е.Тұрғымбаев халықтан мәжбүрлі шек­теулерге шыдамдылық танытуды сұрады. «Әсіресе, терроризмге қарсы операциялар жүргізілетін жерлерде сабырлы болып, сақтық шараларын сақтауға шақырамын. Арандатушылыққа бой алдырмау және барлық күдікті факті мен адамдар туралы полицияға хабарлау арқылы сіз құқық қорғау органдарына елде тәртіп орнатуға үлкен көмек көрсетесіз», деген министрдің міндетін атқарушы күрделі кезеңде көрінеу жалған ақпарат таратуға жол берілмейтінін ескертті. «Мемлекеттік және құқық қорғау органдарының ресми көздеріне ғана сену қажет. Төтенше жағдай кезінде осындай әрекеттер үшін Қылмыстық кодексінің 274-бабының 4-тармағына сәйкес үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. Полиция әрбір осындай фактіге түбегейлі жауап береді», деді ол.

Демек, әлеуметтік желіде ойына келгенді жазып, жалған ақпарат таратып, арандатушылыққа жол бергендер де жауапкершілікке тартылады деген сөз. Президент те халыққа жасаған Үндеуінде қылмыскерлердің бәрі қатаң қылмыстық жауапкершілікке тартылатынына уәде берді. Қазіргі таңда елімізде қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру үшін қажетті барлық шара қабылданып жатыр.