Құрлықтық хоккей лигасының Гагарин кубогы үшін 12 наурыз күні Екатеринбургте жергілікті «Автомобилистпен» 1/8 финалдың төртінші кездесуін өткізген Астананың «Барысы» 2:1 есебімен жеңіске жетіп, 1/4 финалға шықты.
Осы жеңістен кейін серияның жалпы есебі 4:0-ге жетті. Бұл жолы ол қарсыласынан қатарынан төрт рет басым түсіп, өзі бір рет те есе жіберген жоқ.
«Барыс» командасының бас жаттықтырушысы Ари-Пекка Селин «Автомобилистпен» өткен ойынға түсіндірме бере отырып: «Матч серияның алдыңғы кездесулеріне ұқсас жағдайда өрбіді. Айдында тартыс текетірес жүрді. Соңына дейін жұмыла біліп, бір деммен ойнап, жеңісті қамтамасыз еткен ойыншыларыма алғыс білдіремін», – деді.
Еске сала кетейік, бұған дейін бірде-бір плей-оффты жібермегеніне қарамастан, қазақстандық клуб өзінің тарихында бірінші рет Гагарин кубогының екінші раундына шығып отыр. «Барыс» бұған дейін үш рет бірінші раундта «Ақ Барысқа», бір реттен «Магнитка» мен «Тракторға» жол беріп қойған еді.
Жерлестеріміздің келесі қарсыласы кейінірек белгілі болады.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.