• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қаңтар, 2022

Алматы қалпына келтірілуде

308 рет
көрсетілді

Қаңтардағы қасіреттен кейін астан-кестең болған Алматының тіршілігін қалпына келтіру үшін айлар, ет жақындарын жоғалтқан жандардың жарасын жазуға жылдар керек екенін ел біліп отыр. Осы уақытқа дейін мемлекеттің экономикалық доноры болып келген мегаполистің мүшкіл халін көру қазір ешкімге де оңай емес.

Шығын 112,6 млрд теңгеге жетті

Алайда рухы сынбаған Алматы қайта еңсесін тіктеп, гүл жайнаған шаһарға айналуына қала тұрғындары да мүдделі. Волонтер ретінде болысып, демеуші ретінде қарайласып жатқан компаниялар мен жеке адамдардың қатары көп.

«Алматы трагедиясынан» ес жию үшін қазір қолдан кел­ген­нің барлығы жасалып жатыр. Дүй­сенбі күні қала әкімі Ба­­қыт­жан Сағынтаевтың төр­аға­лығымен осы жылдың ал­ғаш­қы аппараттық кеңесі өтіп, жиынға БАҚ өкілдері де қа­тыс­ты. Журналистер қауымы қасі­­ретті оқиғадан кейін қорда­ла­нып қалған сұрақтарды қала әкіміне қоя алмаса да, негізгі мәселелерден хабардар болды.

Алматыда мүліктің барлық түріне келтірілген зиянның сомасы әлі де нақты емес. Қа­ла іскерлері дүниесінен ғана емес, құжаттары, кеңсе, ақпа­рат­тық техникаларынан да айыры­лып отырғандықтан, бизнеске кел­тірілген орасан шығынды дөп басып, дәлелдеу оңайға түспей тұр.

ШОБ нысандарының ішінде азық-түлік емес дүкендер ең көп зардап шеккен. Залалды бағалау жөніндегі қалалық және аудандық комиссиялар құрылып, жұмыс істеп жатқаны белгілі. Комиссия жұмысына іс жүзінде барлық қызмет пен ұйым, соның ішінде «Атамекен», тәуелсіз бағалаушылар мен аудиторлар палатасының өкілдері тартылған.

Соңғы деректерге сәйкес мүліктің барлық түрлері бойынша залалдың жалпы сомасы 112 млрд теңгеден аса болса, бизнес субъектілері – 67 млрд, ШОБ – 42 млрд, ірі бизнес 25 млрд теңге көлемінде шығынға батты.

Қала әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров атап өткендей, ШОБ арасында азық-түлік емес дүкендер – 20,9 млрд, азық-түлік дүкендері – 5,7 млрд, қару-жарақ дүкендері – 6,4 млрд, ломбардтар – 2,9 млрд, қоғамдық тамақтану объектілері – 1,8 млрд теңгеге және т.б. зардап шекті.

Қаржы ұйымдары, яғни банк бөлім­шелері мен банкоматтар бойынша қазіргі залал 701,7 млн теңгеге жетті. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп, зардап шеккен объектілер бойынша деректерді жинауды жалғастырып жатыр.

Бұған қоса жанар-жағармай құю бекеттері 306 млн теңгедей зардап шексе, басқа нысандардың шығыны – 3,1 млрд тең­ге төңірегінде. Қираған, өртен­ген 20 әкім­шілік ғимарат, полиция департа­менті­нің 10 бекеті, 17 экопост пен әуежай ғимараты бойынша шығын 22,6 млрд теңгеден асады.

 

Бейнебақылау камераларын қиратты

Штаб отырысы кезінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев лаң салғандар алдымен тоналған, талан-таражға түскен кез келген сауда орындарындағы бейнекамералар мен серверлерін тауып алып, көзін жойғанын атай келе, мұндай сойқан қарапайым тұрғындардың қолынан келмейтінін, оған арнайы машық керек екеніне ерекше тоқталды.

Алматы қаласындағы жаппай тәртіп­сіздік кезінде құны 500 млн теңгеге жетеға­был бейнебақылау камералары қира­тылғаны туралы қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев баяндады. Ол қасіретті қаңтар оқиғасында мақсатты түрде 766 «Сергек» бейнекамерасы бүлінгенін атап өтті.

«Бүгінде 485 «Сергек» аппараттық-бағдарламалық кешенінің жұмысы қалпына келтірілді. Оның 20-сы таңертең іске қосылды. Жалпы, бүлікшілер 75-тен аса бақылау кешенін қиратқан. Оның 30-дан астамы қайта қосылды. Қалпына келтіру бойынша жалпы шығын сомасы 250 млн теңгеден аспайды. Қаңтардың аяғына дейін бәрін реттемекпіз», деді Б.Қоңырбаев.

Сондай-ақ саябақтар мен гүлбақтардағы мыңнан аса камераның 242-сі тәртіпсіздік кезінде істен шыққан.

«Бүлікшілер әдейі сондай қадамға барған. Өндірушілер қазіргі сәтте сапа тұрғысынан әлгіндей камералар жоқ екенін айтты. Сондықтан бүгінде олардың орнына басқа өндіруші компания­лар­дың камерасын орнату мәселесі қарас­тырылуда. Жалпы, 226 млн теңге керек. Бұл республикалық бюджеттен қаржы­лан­дырылады», дейді басқарма басшысы.

 

Әлеуметтік 35 нысан толық жаңғырады

Аппараттық кеңесте қалалық жайлы орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашев басқару нысандарына қатысты өз есебін берді.

Бұл – 35 әлеуметтік нысан, 58 инженер­лік-коммуникациялық инфрақұрылым жобасы мен Түрксіб ауданының «Қайрат» шағын ауданындағы 41 тұрғын үй құрылысы.

Қалпына келтіру нысандарының бастапқы тізімі 31 нысанды қамтиды. Осы нысандарды қарау барысында жеке меншіктегі «Мир 24» телеарнасы, «Алматы халықаралық әуежайы» ғимараты, Nur Otan партиясының ғимараты ШОБ санатына ауыстырылды. Сонымен қатар келіссөздер барысында Тұңғыш Президент қорының ғимаратын қордың өз қаражаты есебінен қалпына келтіру туралы шешім қабылданды.

«Жоғарыда көрсетілген нысандарды қоспағанда, тағы да 27 нысанды қалпына келтіру қажет. Оның ішінде 10 нысанды жөндеу бюджет қаражаты есебінен жүргізілмек. Олар – әкімдік ғимараты, «Қазақстан» телеарнасы, Президент резиденциясы, прокуратура өкілдігінің және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет басқармасының ғимараты. Сондай-ақ 6 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді: полиция департаментінің ғимараты және фронт-кеңсе, Алмалы аудандық поли­ция басқар­масы­ның ғимараты және фронт-кеңсе, Алмалы аудандық полиция бөлімі­нің ғимара­ты және фронт-кеңсесі», дейді С.Нұрашев.

Сондай-ақ «ҚазҚСҒЗИ» АҚ, «ҚазМИРР» АҚ (қазақстандық көпсалалы қайта құру және даму институты – Президент резиденциясының ғимараты) институтымен және басқа да аккредиттелген ұйымдармен техникалық тексеру, ЖСҚ әзірлеу және ағымдағы жөндеу жөнінде сметалық есептер бойынша жұмыс жүргізіліп жатқаны мәлім болды.

Қалған 17 нысан аздап шығынға ұшыраса, соның негізінде қалпына келтіру бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүргізіледі. Бұлар – №7 қалалық клиникалық аурухана, қалалық кардиологиялық орталық, №1 перзентхана, Алмалы ауданының МСАК, №12 Орталық клиникалық ауруханасы, полиция департаментінің 10 модульдік бекеті, Әуезов және Жетісу аудандарының фронт-кеңселері бар 2 полиция басқармасының ғимараты.

С.Нұрашевтің айтуынша, Құрылыс істері жөніндегі комитет басшысының төрағалығымен бірнеше кеңес өткізіліп, 21 қаңтарға дейін жөндеуге жататын барлық нысанда сметалық есептерді да­йындау, 25 қаңтарға дейін техникалық тексеруді аяқтау, 15 наурызға дейін күрделі жөндеумен қайта жаңарту жүргізілетін нысандарда ЖСҚ әзірлеуді аяқтау туралы шешім қабылданған.

«Мемсараптама» РМК Алматы филиалы сараптама қорытындысын алғанға дейін барлық кезеңде ЖСҚ әзірлеуді сүйемелдейді. Барлық нысан бойынша мердігер және жобалау ұйымдары анықталды.

Сондай-ақ Алматы қаласының ҚЖОБ басшысы 12 қаңтардан бері Президент резиденциясының ғимаратынан басқа 9 нысан тазартылғанын, оған 17 қаңтар­дан бастап кіруге болатынын атады. Ғима­раттарды тазалау жұмыстары 20 құрылыс компаниясының күшімен жүргізілді, 800-ге жуық адам және 40-тан аса арнайы техника тартылды. Әкімдік ғимаратының сыртқы жағына қасбеттік тор орнатылды.

 

Дәрі-дәрмек қымбаттаған

Кәсіпкерлік және инвестициялар бас­қар­масының басшысы Еркебұлан Оразалин өз кезегінде 975 дәріхананың 920-ы (95%) штаттық режімде жұмыс істеп жатқанын жеткізді. Басқарма басшысы Алматыда дәрі-дәрмек қоры кем дегенде екі айға жететінін, қала қажетті дәрі-дәрмектермен және медициналық мақ­саттағы заттармен толық қамта­масыз етілгенін атаса да, БАҚ өкілдері дәрі-дәрмектің қымбаттағанын нақты мысалдармен алға тартып отыр.

«Биыл да тұрақтандыру қоры арқылы дәрілік заттарды сатып алу тетігі ұзар­тыл­ды. Осылайша, қаланың бөлшек сау­да желілері үшін негізгі жеткізушілер – «Инкар» ЖШС, «МФК БИОЛА» ЖШС және «КФК Медсервис Плюс» ЖШС, олармен сатып алу үшін шарт жасалды. Жеткізудің жалпы көлемі 9,2 млн теңгені құрайды», дейді Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы.

Ол осы компаниялардың қоймаларын­дағы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы заттардың жалпы қалдығы 15,5 млн бірлікті құрайтынын, бұл қаладағы тапшылық қаупін барынша азайтатынын атап өтті. Сондай-ақ көтерме жеткізушілер мен қаланың бөлшек сауда желілерінде шамамен 2 ай мерзімге жеткілікті қор бар.

 

Алматы метросы іске қосылды

17 қаңтардан бастап Алматы метро­сы­ның жұмысы қайта жанданды. Бүгінде бар­лық 151 бағыт және 1 600 бірлік жылжымалы құрам, соның ішінде троллейбус және қала маңындағы бағыттар іске қосылды.

Қалалық мобилділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов тәртіпсіздік кезінде 28 автобус зақымданғанын мәлім­деді. Бүгінгі таңда 16 автобус толық қал­пы­на келтірілсе, қалған 12 автобустың шы­ны­л­ары қаңтар айының соңына қарай жеткізілмек.

Сол сияқты әуежай мен теміржол вокзалдары штаттық режімдегі жұмысына көшті. 15 қаңтардан бастап Талдықорған, Тараз, Шымкент бағытындағы қалааралық тасымалдар жартылай жаңартылды.

Бүлік кезінде 1 050 шаршы метр жол жабыны, 410 метр жол жиегі, 98 дана металл торлар бұзылғаны анықталды.

Сондай-ақ 43 автобус павильоны бүлінсе, оның 23-і толық қалпына келтірілген. Қалған 20 павильонды жөндеу шыны пакеттерді дайындау шамасына қарай қаңтар айының соңына дейін жос­парланып отыр. Бұл жұмыстар жеке инвесторлардың («РТС» ЖШС және «Юником бизнес» ЖШС) қаражаты есебінен жүргізіледі.

«Бұған қоса 220 велосипед пен 21 «Алматыбайк» велостансасы бұзылған. 170 велосипед ұрланған. Қазіргі уақытта АТ-жүйесін қалпына келтіру және тексеру жұмыстары жүргізілуде. Халыққа қызмет көрсетуді жаңарту 20 қаңтарға дейін жоспарланған», деді Ғ.Мырзаханов.

Ол зақымдалған велосипедтерді жөндеу және ұрланған велосипедтерді қалпына келтіру үшін қосымша 370 млн теңге қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатқанын атады.

Ақылы автотұрақтардың қызметі төтенше жағдай режімі жойылғанға дейін уақытша тоқтатылды. Өйткені 24 бірлік паркомат бүлінген.

 

Ауыртпалық Алмалы ауданына түсті

Қаңтар айындағы оқиғалар барысында Алматының Алмалы ауданы ең көп зардап шексе, одан кейін Әуезов және Бостандық аудандарының шығыны да аз болмаған.

Алмалы ауданында 7 азық-түлік дүкені – 13,7 млн теңге, 284 азық-түліктік емес дүкен – 8 336 млн теңге, 2 қару-жарақ дүкені – 5 150 млн теңге, 15 қоғамдық тамақ­тану нысаны – 158 млн теңге, 35 лом­бард – 2 625 млн теңге, 5 ЖҚС – 52,5 млн теңге, 25 қаржы ұйымы – 145 млн тең­ге, 29 ірі бизнес нысаны 3 965 млн теңге жоғалт­ты және басқа да шығындарды қосқанда, жалпы шығын 20,4 млрд теңгені құрады.

Ал Әуезов ауданында 153 дүкен, оның ішінде 1 қару-жарақ, 9 қоғамдық тамақтану орны, 21 ЖҚС, 11 ломбард және 10 ірі бизнес нысаны қирады. Жалпы, шығын 20,1 млрд теңгеге бағаланды. Бостандық ауданындағы нысандар 17,3 млрд теңгеге шығынға ұшырады.

Ілияс Өсеровтің айтуынша, ең аз шығын Наурызбай ауданында ғана – 72,5 млн теңге.

Әлі де зардап шеккен нысандарда деректерді жинау жұмыстары жалғасып жатыр. Бағалау кәсіпкерлердің ақпараты негізінде, яғни сарапшыларды тарта отырып, толыққанды аудит жүргізбей жүзеге асырылды. Өтінімдерді беру infokazakhstan.kz сайты арқылы жүзеге асырылмақ. Өтінімге кәсіпкерлер тетікте көрсетілетін құжаттар пакетін, оның ішінде залал фактісі бойынша қылмыстық іс қозғау туралы хабарламаны қоса беруі керек.

Есептеулер залалдың 3 санаты бо­йынша жүргізіледі: жылжымайтын мүлік, жылжымалы мүлік және жабдықтар, сондай-ақ тауарлар.

Бұдан әрі өтінімдерді аудандық комиссия қарайды. Оның құрамына мәслихат, әкімдік, кәсіпкерлер палатасы және қоғамдық бірлестіктер өкілдерін қосу жоспарланған. Бұдан әрі барлық растайтын құжаттар мен бағалау нәтижелерінің негізінде комиссия залалды өтеу туралы шешім қабылдайды.

 

Ойранға куә 37 пәтер бүлінген

Қорыта келгенде, Алматыны күйретіп кеткен қайғы мен шығынның әзірге шетіне шығу қиын. Қаншама отбасының басына түскен қасірет пен тауқыметті қаражатпен де өлшеу мүмкін емес.

Ойранды күндерге куә болған Респуб­лика алаңының айналасындағы үйлерге де үлкен шығын келді. Әлі де үрей құшағынан шыға алмай жүрген тұрғындар бар.

«Қазірге дейін 37 пәтерді қарадық. Мамандар қанша шығын қажет ететінін жан-жақты зерделеп отыр. Бұл жұмыстың өзі бірнеше күнді қажет етеді. Біз бұл мәселені тұрғындарға хабарлаймыз. Өйткені алдағы екі күнде тергеу амалдары жүргізіледі», дейді қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев.

Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен 110 адам әлі де стационарларда, оның ішінде 8 адам жансақтау бөлімінде жатыр.