• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Қаңтар, 2022

Полиция: Кадр һәм қадір

1051 рет
көрсетілді

Күштік құрылымдардың ішінде реформадан көз ашпаған орган болса, ол – Ішкі істер министрлігі. Құрамы қырық қайтара жасақталып, кадр саясаты сан мәрте жетілдірілгенімен, бұл сала әлі күнге дейін сын мен міннен арыла алмай келеді. Ал кешегі «қасіретті қаңтар» қазақстандық полицияның жылдар бойы қордаланып қалған проблемасын бір-ақ күнде жайып салды.

Реформа реформа үшін жасалмауы керек

Бұл сөзімізге қанқұйлы қақ­тығыс ке­зін­де опат болған тәртіп сақ­шыларының қазасы, аяқ астына тап­талған погон мен те­мір қаңқасы ғана қалған полиция көлік­тері дәлел.

Бұл саланың реформаға көп ұшы­рағанын мына 4-5 мысалдан-ақ аңғаруға болады. 2002 жылы Қылмыстық атқару жүйесі Әділет министрлігіне беріліп, арада тоғыз ай өткеннен кейін қайтадан Ішкі істер министрлігінің құрамына енгізілді. Ал 2014 жылы Төтенше жағдайлар ми­нис­тр­лігі қысқартылып, оның бүкіл қыз­­меті мен құзыреті ІІМ-ге өткен бола­тын. Алайда 2020 жылы ТЖМ қайта­дан бө­лініп, жеке ведомство болып кетті. Бұдан бө­лек, әкімшілік полиция коми­те­тінің жік-жікке бөлініп, жіліктеуге түс­кені де бел­гілі. Мемлекеттік автоинспекция мен пат­рульдік полиция қызметтері бірік­ті­рі­ліп, жол-патрульдік полиция қызметі құ­ры­лды.

2017 жылдан бастап әр аймақта Жергілікті полиция қызметі құрыла бас­тады. Бірақ біраз уақыттан кейін бұл құрылым да қайта өзгеріске ұшырады.

Өйткені Жергілікті полиция мен ІІД-нің бөлінуі қызмет қағидаттарына қайшы келді. ІІМ әлі күнге дейін ұйым­дастырылу, құрылымды қайта жасақ­тау, штат санын қысқарту жағы­нан қиындық көріп келеді. Осының өзі құқық қорғау қызметіне кері әсерін тигізері айдан анық.

Ал кадр саясатындағы ең үлкен өзгеріс 2018 жылы болды. Дәл осы жылы 19 қарашада ішкі істер орган­да­рының қызметін жаңғырту мәсе­ле­ле­ріне арналған кеңес өтіп, жиында министрлікке тиесілі 12 оқу орнынан тек бесеуін ғана қалдыру туралы айтылды. Соның нәтижесінде, «Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын бе­кі­ту туралы» Үкіметтің №897 қау­лы­сы қа­былданды.

«Дәл осы қаулы – қазақстандық по­ли­­цияға жасалған қастандықтың басы. Ке­шегі қырғын кезінде біз соның сал­­дарын тарттық», дейді 30 жылын полиция офицерлерін даярлауға жұм­­саған отставкадағы полиция гене­рал-майоры, профессор Мирлан Қызылов. Өйткені осы қаулыға сәйкес ми­нис­трліктің ЖОО-да бакалаврларды даярлауға мемлекеттік білім беру тап­сырысының саны азайған. Ал ге­нерал-майор: «Егер бакалавриат 2019 жылы қысқартылмағанда, кешегі жаппай тәртіпсіздік кезінде ІІМ-нің Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы – 1000, М.Есболатов атындағы Алматы академиясы – 1000 және Ақтөбе заң институты 1000 кәсіби шыңдалған, төзімділікке үйретілген, батыл курсантын сапқа қоюға дайын болар еді. Өкінішке қарай, ведомстволық білімді жаңғыртудың нәтижесі осындай орны толмас қайғыға әкеліп соқтырды. Ал мұның жауабын кімнен сұраймыз? Кезінде «халықаралық стандарт», «заманауи полиция академиялары қажет» деп ұрандаған реформаторлар әлі күнге дейін министрлікте, арнаулы жоғары оқу орындарында басшылық қызметте отыр. Сол реформаторлардың моральдық жауапкершіліктері бар ма?», деп мәселенің түп мәнін ашып көрсетті.

«Қаулының 3-тарауы 17-тармақ­ша­сында «ІІМ оқу орындарын 5 за­ма­науи полиция академиясы етіп қай­та құру арқылы оңтайландыру» дей отырып, «Қаржыландыру көзі және болжанатын шығыстар» деген бө­лігінде «қаражат талап етілмейді» деп бекітілген. Бұл барып тұрған білік­сіз­дік. Кадрдың қадірі кеткені емей немене? Мұндайда полицияның абырой-мәртебесін қалай көтермекпіз?! Ал елімізде болған кешегі қантөгіс жаппай бейберекетсіздік пен тәртіпсіздікті тойтаруға күштік құрылымдардың күші жетпейтінін көрсетіп берді емес пе? Бір күнде еліміздің барлық өңірінде жаппай тәртіпсіздік басталып кеткенде ішкі тәртіпке бірден-бір жауапты полиция қызметкерлерінің қауқарсыз екенін байқадық», деген генерал-ма­йор Президент Қ.Тоқаевтың полиция санын азайтуға қатысты көзқарасын Сенат Төрағасы болып жүрген кезінде-ақ ашық білдіргенін айтты. «ІІО-ға тағы бір реформа жасау керек дегендерге ол сол кезде «Сіздер неге полиция жасақтарын қысқартып жатырсыздар? Еуропалық елдің ұрандатып жүрген жаңашылдығына ереміз деп санымызды соғып қалмаймыз ба?» деп сұрап, осындай жағдайдың алдын алу керектігіне аса мән берген еді. Ал бұл сұрақтардың өзектілігін елдегі болған кешегі жағдай бір-ақ күнде айғақтап берді», дейді М.Қызылов.

 

«Заң атымен» деген сөзде мәдениет жатыр

«Бүкіл елімізді үрейде ұстаған кешегі оқиғада борышын адал атқара оты­рып, ең қымбат қазынасы – өмірі мен денсаулығын қиған полиция қызметкерлерінің ерлігі ерен. Егер біз полиция жасағы өзіне берілген құқықтары мен өкілеттіліктерін толыққанды пай­да­ланғанын қалайтын болсақ, олардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, жалақыларын көтеруіміз қажет. «Арзан полиция мемлекетке қымбатқа түседі» деген бұрыннан бел­гілі қағидатты дамыған елдер қатаң ұстанады. «Қасіретті қаңтарда» біз осы сөздің куәсі болдық», деген М.Қызылов елімізде құқықтық білім беру мен тәрбиенің құлдырап кет­ке­нін де ашына жеткізді. «Өйткені заңға бағынған, заңды сыйлайтын, заң үстемдігін мойындайтын азаматтары бар елде мұндай бассыздық болмайды» деген профессор ел Президентінің полицейлердің құқықтық қорғалуын арттыру жөніндегі тапсырмасына қа­тыс­ты ойын да білдірді.

«Ішкі істер органдары туралы» Заңның 4-бабының 1-тармағында «Қазақстан халқына қызмет ететін полиция» деп жазылған. Яғни билікке, белгілі бір топтарға емес, қарапайым халыққа қызмет ететін полиция. Сол себепті де ең бірінші кезекте қоғамның полицияға деген сенімін арттыру қажет. Неге? Өйткені осындай қысылтаяңда көзсіз ерлікке баратындар, ол – полиция қызметкерлері. Осы Заңның 19-бабының 3-тармағында: «Ішкі істер органдары қызметкерлерінің жеке адамдардың құқықтарын уақытша шектейтін әрекеттері «Заң атымен» деген сөздерді айта отырып жасалады. Әрбір адам мұндай жағдайда белсенді әрекетін тоқтатып, ішкі істер органдары қызметкерінің талаптарына мүлтіксіз бағынуға және оның қыз­меттік міндеттерін атқарумен бай­­ла­нысты нұсқауларын орындауға мін­детті» деп тайға таңба басқандай жазылған. Яғни «Заң атымен» деген сөздерді естіген азамат полицияға сөзсіз бағынуы керек. Ал кешегі жаппай бұзақылық пен тәртіпсіздік кезінде осы «сөзсіз бағынудың» көрінісін көре алдық па? Жоқ! Керісінше, поли­ция қызметкерлерін қорлап, соқ­қы­ға жыққанын көрдік. Құқықтық сая­сат­тың, құқықтық мәдениеттің, по­ли­­цияға деген дұрыс көзқарастың қалыптаспағанын ғана көрдік. «Заң атымен» деген сөз кез келген полиция қызметкерінің негізгі қаруы болуы керек. Өйткені бұл сөзде полицияның мәдениеті, адалдығы мен халыққа деген адал еңбегі жатыр. Ал бірде-бір полиция қызметкері өзін заңнан жоғары қоя алмайды!», дейді М.Қызылов.

«Сүрінгенге – сүйеу бола алатын, құлағанға – тіреу болатын, деміккенге дем беретін, әлсізге – қорған болатын кім? Ол – халықтық полиция. Қазір бізде бір-ақ мүдде бар. Бұл – еліміздің тәуелсіздігін сақтап қалу. Ол үшін Қазақстандағы әрбір азамат өз міндетін адал атқарып, заңға бағынуға тиіс. Себебі заңмен өмір сүретін мемлекет қана өркениетті бола алады. Егер біз шын мәнінде құқықтық, зайырлы мемлекет құрамыз десек, құқықтық мәдениет пен құқықтық тәрбиеге ерекше мән беруіміз керек. Ал бұл тәрбие баланы бесікке салғаннан бастап, еңселі азамат болғанша жүргізілуге тиіс», деді сөзін түйіндеген генерал-майор.

 

Бақылау жұмыстары босаңсып кеткен

«Қазіргі полиция – қазақтың оқы­ған, көзі ашық, мықты азаматтары­нан жасақталған еліміздегі ең ірі әрі көпсалалы құрылым. Полицияның халық алдындағы беделі бар. Бұрын да болған. Егер полицияның беде­лі бол­маса бұл салаға көзі ашық, көкі­ре­гі ояу жастар келмес еді». Бұл – отставкадағы полиция подпол­ков­нигі Тоқпан Әйтібаев­тың пікірі. «Жап­пай тәртіпсіздік деген­нің өзі жақсы емес» деген ІІО-ның арда­гері: «Бұл – ең бірінші полицияға үлкен салмақ түсіретін қылмыс. Ал по­ли­ция қызметіндегі жауапкершілік қылмысты ауыздықтаудан бұрын алдын алумен сараланады. Сол себепті ең алдымен бас­сыздықты болдырмаудың қам-қаре­ке­тін жасау қажет еді. Қазіргі таңда полицияның алдында үлкен әрі жа­уап­ты міндет тұр. Ол «қасіретті қаң­тар­ға» жауаптыларды анықтап, тиіс­ті жа­заға тарту. Егер мұндай жаппай тәр­тіп­сіздіктер дер кезінде тізгін­дел­месе, бей­бастақтықтар алдағы уақытта да бола береді», деді.

Ардагердің пікірінше, Ішкі істер министрлігін реформалау бұл салада кемшіліктер бар дегенді білдіреді. «Ең бірінші қателік – полицияның кешегідей лаңкестік пен терроризмнің алдын ала алмағандығы. Демек, ел арасында құқық бұзушылықтың алдын алу іс-шаралары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Бүгін-ертең болады деп жоспарланған жаппай тәртіпсіздікті анықтай алмаудың өзі саладағы сал­ғырт­тықты аңғартады. ІІО-да «қыл­мыс жасауға бейім» деген ұғым бар, арнайы есепке алына­тын­дар тағы бар. Әр учаскелік инс­пектор өз аума­ғында кімнің кім екенін бес сау­са­ғын­дай білсе, бұрын соттал­ған­дар­дың немен айналысатынынан хабардар болса, есепте тұрғандарға жіті ба­қы­лау жасап, жұмыссыз жүрген­дер­дің екі қолына бір күрек тауып беруге мүдделі болса, мұндай жағдай болмас еді», деген Т.Әйтібаев жалақыны көтеру де мәселені түбегейлі шешіп бере алмайтынын айтты. «Себебі дәл қазіргі таңда учаскелік полиция инс­пекторлардың, тергеушілер мен же­дел уәкілдердің еңбекақылары төмен деп айта алмаймын. Бірақ ынталандыру деген ұғым бар. Егер қызметкерлердің материалдық жағдайы жыл сайын жақсарып отырса, олардың жұмысқа деген ынтасы артары анық», дейді ол.

Кешегі қанқұйлы оқиғалар кезін­де қаза болған күштік құры­лым қыз­мет­керлерінің ішінде полицей­лер­дің саны көп. Бұл нені аңғартады? Көптің көкейінде жүрген осы сұраққа көз­қа­расын білдірген ардагер: «Мәселе тек тәртіп сақшыларының әскери дая­р­­лықтарының әлсіздігінде ғана емес. Себебі олар алғашында алаңға шық­­қан бейбіт шерушілерді сырттай бақылап, сол жердегі қоғамдық қауіпсіздікті қадағалап тұрамыз деп ойлады. Ашығын айтқанда, полиция бір сәтте бұрқ ете қалатын бассыздыққа, қарулы қақтығысқа дайын болмай шық­ты. Алаңға шыққандардың бәрі бейбіт халық емес екенін сақшылар көр­меді емес көрді, олардың арасында бүлікшілердің жүргенін білді. Егер полиция дер кезінде қимыл жасап, сол содырлар мен бүлікшілерді әшкерелеп, шара қолданғанда, шерудің соңы осыншама қаза мен қайғыға ұласпас па еді, кім білсін...» деген өкінішін де жасырып қалмады.

Саналы ғұмырын қоғам қауіпсіз­ді­гін сақтауға арнаған ардагер әңгіме барысында ІІМ кешегі оқиға кезін­де жіберген қа­те­ліктерін айтудан жал­­тармауы қа­жет екенін де мәлім­деді. «Жалпы, осы уақытқа дейін қордаланып қалған әрбір мәселені қоғамдық талқыға салудан қашудың қажеті жоқ», деп санайды Т.Әйтібаев. «Себебі алаңда болған түрлі жайттардан кейін халықта «Полицияның да­йындығы жеткілікті болды ма? Тәр­­тіп сақшылары қысылтаяң сәтте өз­де­рін кәсіби тұрғыдан көрсете алды ма? Сын сағатта олардан берік рухты, мықтылықты байқай алдық па?» деген заңды сұрақтар туындады. Президент те жаппай тәртіпсіздік кезінде құқық қорғау органдарының арасында өзара іс-қимылдың жоқтығын қатаң сынға алды. Бұл да –  шындық! Өйткені бір ымы­раға келе алмау – күштік құры­лымдар арасында бұрыннан келе жат­қан індет. Әр сала қанша күш сал­­ғанымен, ауызбіршілік пен біріз­ді­­ліктің жоқтығынан кейін нақты нәти­же де жоқ, ісіміз де оңға баспай тұр. Бір мақсатқа жұмылдырылған ве­дом­ствоаралық бағдарлама, осындай қиын қыстау сәтті өзара іс-қимыл жасау жоспары болуы қажет», дейді отстав­кадағы полиция подполковнигі. Сөзінің соңында полиция ардагері бұл қызметтің имиджін насихаттай білу­дің маңыздылығына да тоқталды. «Бұрындары «форма киген тәртіп сақ­шы­сы көшеде жүрсе, осының өзі про­филактика» дейтін. Шындап кел­ген­де, әр полиция қызметкерінің абы­рой-беделі – өз еңбегінің нәтижесі ғана», деді ардагер.

Рас, қазіргі уақыт талабы полиция қызметкерінен кәсіби білімді ғана емес, сонымен қатар жоғары әскери дайындықты талап етеді. Меритократия қағидаты негізінде кәсіби даму мен мансаптық өсуді ынталандырудың да маңызы өте зор. Осыған орай ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы ака­­демиясының басшысы, полиция полковнигі Айдар Сайтбеков ішкі істер органдары қазіргі таңда жоғары ұйымдасқан, кәсіби білікті, бәсекеге қабілетті кадрлар корпусына мұқтаж екенін мәлімдеді. Ол сондай-ақ бола­шақ полиция қызметкерлерін даярлау барысында академия оқу процесі мен практиканың терең интеграциясына үлкен көңіл бөлетінін де жеткізді. Ол үшін тренингтер мен семинарлардан бөлек, көшпелі сабақтар кеңінен өткізіліп келеді. «Мысалы, біздің курсанттарымыз бен тыңдаушыларымыз Ұлттық ұланның жауынгерлік және әдістемелік даярлық оқу орталығының базасында далалық жағдайларда үнемі оқудан өтеді, онда олар табельдік қаруды, арнайы құралдар мен оқ-дәрілерді қолдану дағдыларын, сондай-ақ жекелеген операцияларды жүргізу тактикасы, бүркемелеу және т. б. бо­йынша өз білімдерін жетілдіреді», дейді академия басшысы.

Оның айтуынша, полиция даяр­лы­ғының жоғары стандарттары ғана ІІО алдына қойылған міндеттерді тиімді шешуге қабілетті жоғары кәсіби кадр­лық корпус құруға мүмкіндік бере­ді. Ми­нистрліктің бірінші кезектегі стра­те­гиялық міндеттерінің бірі де осы.

Ал күні кеше Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Үкіметте әскери даяр­­лықты қамтамасыз етуді арттыру, әскери қызметшілердің мо­раль­дық рухын көтеру мақсатында ең алдымен Арнайы бөліністердің мате­риалдық-техникалық базасын ны­ғайтуды жос­­парлап отыр­ған­дық­та­рын мәлімдеді. Жалпы, ма­те­риал­дық базаны нығайту үшін Үкімет резер­вінен қаржы да бөлінген. Ал Отанды сүюге, қызметтік міндетке адал болуға тәрбиелеу бойынша іс-ша­ралар жоспарында қиындыққа шыдау, тө­зімділік бойынша арнайы тренингтер ұйымдастыру көрсетілген.

ТҮЙІН. Қаңтарда болған қантөгісте полиция мен Ұлттық ұланның 8 қызметкері террористер қолынан қайтыс болып, 2 911-і жарақаттанған. Алайда қаза болғандардың ішінде бейбіт тұрғындардың қатары көп. Зардап шеккендері тағы бар. Ең өкініштісі, оққа ұшқан қарапайым азаматтардың өліміне қатысты және тәртіпсіздікке қатысқаны үшін ұсталғандарды азаптау, қатыгездік таныту туралы халық арасында ақ-қарасы ажыратылмаған фактілер күн сайын көбейіп келеді. Басты күдікті тағы да – полиция. Қиынның қиығына ілігетін де полиция, көптің сынына ұшырайтын да солар. Бұл сонда нені аңғартады? Полиция қызметкерлерінің кәсібиліктерінің төмендігін бе? Әлде, елдегі заңдылықтың осалдығын ба?..