Несиелеу нарығын үлкен өзгерістер күтіп тұр. Банктердің шектен тыс «мейірбандығы» сап тыйылып, енді менеджерлер жеке тұлғаның табысын екі шоқып, бір қарап, талапқа сай келеді деген клиентке ғана несие береді. Сөйтіп қара халықтың несие жүктемесін азайтады. Сондай-ақ жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң қабылданады. Президент тапсырмасынан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие беру тәртібін өзгертті.
«Қаржы жүйесінің тұрақтылығы ұлттық экономиканы одан әрі дамытудың кепілі екені белгілі. Экономика өсіп, халықтың табысында алшақтық пайда болғандықтан, тұтыну несиелері айтарлықтай артты. Оның мөлшері бизнесті несиелеу көлемінен асып кетті. Халық қазіргі уақытта көп несие алып жатыр. Осыны ескерсек, бұл қаржы нарығын құбылтып, әлеуметтік тұрақсыздық қаупін тудыруы мүмкін. Үкімет жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң жобасын әзірлеуді бастады. Бірақ бұл тығырықтан шығатын жол емес. Ең алдымен, шектен тыс қарыздың көбеюін болдырмау қажет. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, пруденциалды реттеу тетіктері арқылы нақты әрі жедел шешім қабылдауды тапсырамын», деді Қ.Тоқаев 11 қаңтардағы Мәжіліс отырысында.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова Мемлекет басшысының тұтынушылық кредиттеуді реттеу бойынша нақты әрі шұғыл шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін келесідей шараларды жүзеге асырмақ.
Біріншіден, банктердің меншікті капиталының жеткіліктілігін пруденциялық реттеу шеңберінде жеке тұлғалардың тұтынушылық кредиттері бойынша тәуекел-саралауды ұлғайту жолымен шаралар қабылданады. Борыш жүктемесі коэффициентін есептеу қатаңдатылады. Есептен қарыз алушыда тұрақты кірістің болуын дәйекті түрде растай алмайтын кірісті айқындау өлшемшарттары алып тасталады. Тәуекелге бағдарланған қадағалау шеңберінде банктерге және микроқаржы ұйымдарына қатысты тәуекелі жоғары тұтынушылық кредиттер бойынша қосымша шектеулер енгізу де қарастырылады. Нәтижесінде, банктердің төлем жасау қабілеті жеткіліксіз қарыз алушыларға кредиттер беруі шектеледі.
Екіншіден, Үкімет әзірлеп жатқан жеке тұлғалардың банкроттығы тетігі шеңберінде жеке тұлғалардың банктердегі және микроқаржы ұйымдарындағы кредиттері бойынша, оның ішінде коллекторлардың өндіріп алуына берілген проблемалық берешегін реттеу жөнінде шаралар қабылданады.
Үшіншіден, агенттік жеке тұлғалардың кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелердің шекті мәндерін реттеу, сондай-ақ кредиттер бойынша сыйақының тиімді мөлшерлемелерінің есебіне қарыз алушының кез келген комиссиялары мен төлемдерін қосу бойынша шаралар қабылдайды. Бұл жаңадан берілетін кредиттер бойынша халықтың борыш жүктемесінің өсуін шектеуге мүмкіндік береді.
– Мемлекет басшысының елден капиталды негізсіз шығаруды шектеу жөніндегі тапсырмасын іске асыру үшін агенттік Ұлттық банкпен және Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп осы жылғы 10 қаңтарда трансшекаралық қаржылық операцияларды жүргізуге бақылау шараларын күшейту туралы бірлескен бұйрықты қабылдады. Күдікті трансшекаралық операциялар тізбесі, сондай-ақ клиенттерді тиісінше тексерудің күшейтілген шаралары бойынша қаржылық мониторинг субъектілерінің іс-қимыл тәртібі белгіленді. Агенттік аталған бұйрық шеңберінде банктердің клиенттерді тиісінше тексеру жөніндегі күшейтілген шараларды сақтауын бақылайды, сондай-ақ банктер клиенттерінің ірі трансшекаралық операцияларына елден капиталды заңсыз шығару белгілерінің болуы тұрғысынан күнделікті мониторинг жүргізетін болады, – дейді агенттік басшысы.
Банк мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы Нұржан Бияқаев агенттік борыштық жүктеме коэффициентіне баяғыдан бері назар аударуы керек еді, дәл осы құралдың қолданылмай қалуы несие жүктемесінің шамадан тыс артып кетуіне себеп болды дейді.
М.Әбілқасымова басқаратын агенттіктің бастамасынан соң екінші деңгейлі банктердің несие беру тәртібін қатайтатыны белгілі болды. Енді баяғыдай қарызды оңай ресімдеу мүмкін бола қоймайды. Сондай-ақ агенттік басшысы жалпы сектордағы ахуалды тұрақты деп мәлімдейді.
«Үздіксіз қызметті қамтамасыз ету және халық пен бизнес үшін банктік қызметтерді толықтай көрсету үшін банктердің меншікті капиталы мен өтімділігінің айтарлықтай қоры бар. Банктер капиталының жеткіліктілігі ең төмен талаптардан 3 есе көп, өтімділік те реттеу мәндерінен 4 еседен асады. Халыққа және бизнеске қолдау көрсету үшін осы жылғы 10 қаңтарда агенттік төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде зардап шеккен жеке және заңды тұлғалардың кредиттері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін беру бойынша бұйрық қабылдады. Төтенше жағдай кезеңінде кредиттер бойынша төлем мерзімі өткен жағдайда, айыппұлдар мен өсімпұл есептеуге тыйым енгізілді, сондай-ақ шағым-талап жұмысы тоқтатыла тұрады», деді М.Әбілқасымова.