Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдай, Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспары және инфляцияның өсуіне, азық-түлік пен мұнай өнімдері бағасының көтерілуіне жол бермеу шаралары қаралды.
Санитарлық талаптар қатаң сақталуы қажет
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайдың нашарлағаны туралы баяндады. Оның айтуынша, ауру көбейсе де, соңғы айда өлім-жітім аз, 2,3 есе төмендеді. Ковидтік стационарларда ем алатын пациенттердің саны 2 есеге, амбулаториялық деңгейде сырқаттар саны 5 есеге артты. «Елімізде COVID-19-бен тәуліктік сырқаттанудың 60%-дан астамы үш аймақта тіркеліп отыр. Нұр-Сұлтан қаласында ауру 32 есе өсіп, бұл ретте тестілеу деңгейі ел бойынша ең жоғары және тәулігіне 10 мыңнан астам тесті құрап отыр» деді А.Ғиният.
Бұған дейін жасалған болжамдарға сәйкес, барлық өңірде коронавирус инфекциясымен сырқаттанудың күрт өскені байқалады. Жыл басынан бері індетті жұқтыру деңгейі 21 есеге өсті. «Сары аймақта» орналасқан Түркістан облысынан басқа өңірлер «қызыл аймақта» тұр. Тәулігіне вирустың ең көп таралу жағдайы елордада, Алматы қаласында, Қарағанды және Атырау облыстарында тіркелген. Үкімет басшысы Коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия қабылдаған қосымша шектеу шараларының мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ете отырып, барлық өңірдегі санитарлық-эпидемиялық жағдайды қатаң бақылауды тапсырды. «Негізгі алдын алу шаралары – бетперде тағу, әлеуметтік арақашықтықты ұстану бұлжытпай сақталуы керек. Адамдар санитарлық талаптарға неғұрлым салғырт қараудың соңы, аурудың соғұрлым өсуіне әкеп соғатынын түсінулері керек» деді Ә.Смайылов.
Премьер-Министр мониторингтік топтардың жұмысын жандандыруды, адамдардың көп жиналуына жол бермеуді және ауырғандарды уақтылы оқшаулауды тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге науқастардың саны ұлғайған жағдайда ауруханаларда қосымша төсектік орын қорын дайындау тапсырылды. ПТР-тестілеу деңгейі төмен өңірлерге, әсіресе Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарына оның санын арттыру тапсырылды. «Елордада, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Түркістан, Алматы, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында ревакциналау қарқыны жақсарған жоқ. Демек, әкімдер бұл мәселеге дұрыс қарамай отыр. Сондықтан аталған өңірлер бұл жұмысты жеделдетсін» деді Ә.Смайылов.
Жедел іс-қимыл жоспары қабылданды
Үкімет отырысында елдегі Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспары қаралды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров пен Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев баяндама жасады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі орталық мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, «Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. «Жоспар қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымдар, әлеуметтік мәселелер, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу, халық пен кәсіпкерлікті қолдау және ұйымдастыру қаржы мәселелері бойынша 51 іс-шарадан тұрады» деді Ә.Қуантыров.
Оның айтуынша, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті, әлеуметтік және басқа да инфрақұрылымды қалпына келтіру бағыты бойынша жоспарда 11 іс-шара көзделген. Осылайша, Мемлекет басшысының күш құрылымдары қызметкерлерінің жауынгерлік әзірлігін арттыру және моралдық рухын қолдау, зақымдалған жылжымайтын мүлік объектілерін, сондай-ақ күш құрылымдарының, денсаулық сақтау, білім беру және коммуналдық шаруашылық салаларының материалдық-техникалық базасын қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру көзделген. «Әлеуметтік мәселелер бағыты бойынша 10 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Олар жарақат алған тиісті органдардың қызметкерлеріне өтемақы төлеуді, қаза тапқан осы органдар мен бейбіт азаматтардың отбасыларына көмек көрсетуді, бизнес пен халыққа борыш жүктемесін азайту шараларын, мұқтаж азаматтарға тұрғын үй көмегін көрсетудің жаңа тәртібі мен тетігін енгізуді қамтиды» деді Ә.Қуантыров.
Бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бағытында 15 іс-шараны іске асыру, халықты және кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша 7 іс-шараны іске асыру көзделген. Ұйымдастыру-қаржылық мәселелер бағыты бойынша 8 іс-шараны іске асыру жоспарлануда. Олар теңгеге деген сенім толық қалпына келгенше валюта нарығының тұрақтылығын қамтамасыз етуді, батыс өңірлер үшін Әлеуметтік-экономикалық дамудың кешенді жоспарларын әзірлеуді немесе өзектілендіруді, жаппай тәртіпсіздіктер салдарын жою жөніндегі іс-шараларды қаржыландырумен қамтамасыз ету үшін 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауды қамтиды.
Ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаев ведомствоның 3 іс-шара бойынша негізгі орындаушы екенін баяндады. Қазіргі уақытта ішкі істер органдары ерекше режімде қызмет атқарады. Полицияның патрульдік топтарының саны мен тығыздығы артты. Аса маңызды мемлекеттік нысандардың күзеті күшейтілді. Дипломатиялық миссиялардың ғимараттарына қосымша қарулы бекеттер қойылды. Мамандандырылған күзет қызметімен 73 дипломатиялық миссия күзетіледі.
Е.Тұрғымбаев қызметтік міндетін атқару барысында қайтыс болған қызметкердің отбасына 5 жылдық қызметтік қаржысы және жерлеу үшін 3 айлық өтемақы төленетіндігін айтты.
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр елдегі Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша әзірленгенін атап өтті. Құжат азаматтар мен бизнес субъектілерінің қауіпсіздігі мен оларды жан-жақты қолдауға, сондай-ақ елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тез арада тұрақтандыруға бағытталған бірқатар шұғыл және қысқа мерзімді шараларды қамтиды. «Жоспарды іске асыру барысында, бірінші кезекте, қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Күштік құрылымдар мен азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне де тиісті мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Жоспардың ІІМ-ге қатысты барлық тармақтары өте маңызды және олар сапалы әрі жедел орындалуы тиіс» деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы жаппай тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен азаматтар мен заңды тұлғалардың банктегі қарыздары мен микрокредиттерін өтеу мерзімі төтенше жағдай режімі аяқталғанға дейін кейінге шегерілгенін атап өтті. «Атамекен» ҰКП мародерліктен зардап шеккен бизнес субъектілерінің тізілімін жасады. Жаппай тәртіпсіздіктердің салдарын жою жөніндегі үкіметтік және өңірлік комиссиялар жұмысының қорытындылары бойынша келтірілген залалдың орнын толтыру үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден тиісті қаражат бөлінеді. Бизнеске түскен ауыртпалықты азайту үшін 2022 жылғы 1 ақпанға дейін мемлекеттік кірістер органдарының салықтық және кедендік тексерулері, сондай-ақ камералдық бақылау бойынша хабарламаларды беру уақытша тоқтатылады. «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеп, қабылдау жоспарланған. «Біз үшін ең басты мақсат – ол халықтың табысын арттыру. Кез келген жоспар, кез келген бағдарлама, бірінші кезекте, халықтың табысын арттыруға бағытталуы тиіс. Басқарудың барлық деңгейінде жұмыс тиімділігі дәл осы көрсеткіш бойынша бағаланатын болады» деді Ә.Смайылов.
Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары шеңберінде жалақы мөлшері мен жобаларға қатысу мерзімі ұлғаяды. Жаңадан құрылған «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры мұқтаж балаларға заманауи және қымбат тұратын медициналық қызметтерді, дәрі-дәрмектерді алуға мүмкіндік береді. Премьер-Министр мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен өңірлердің әкімдеріне елдегі Әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-қимыл жоспарының іс-шараларын жүзеге асыруды жеке бақылауға алуды тапсырды.
Инфляцияға жол бермеу жұмысы күшейтіледі
Үкімет отырысында инфляцияның өсуіне, азық-түлік пен мұнай өнімдері бағасының көтерілуіне жол бермеу шаралары қаралды.
Ұлттық экономика министрі Ә.Қуантыров өткен жылдан бастап инфляцияның өсуі негізгі макроэкономикалық үрдістердің бірі болып табылатынын хабарлады. 2021 жылы инфляцияның жеделдеуіне азық-түлік тауарлары, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары негізгі үлес қосты. Бағаның өсуін тежеу мақсатында былтыр қыркүйекте 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шараларының кешені қабылданды. Шаралар кешенін іске асыру қорытындылары бойынша экономикаға инфляциялық қысымды төмендетуге қол жеткізілді, соның нәтижесінде 2021 жылғы желтоқсанда инфляция 0,5 п. т. баяулады. Ал басқа елдерде инфляция қарқыны өсу үрдісін жалғастырды.
2022 жылғы 11 қаңтарда Мәжіліс отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, инфляцияны бақылау бойынша шаралар кешенін әзірлеуді тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Үкімет келесі шараларды қабылдады: коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуі тоқтатылды; Қазақстан Республикасының аумағынан кейбір тауарларды әкетуге тыйым салынды; жанар-жағармай материалдарына шекті бағалар белгіленді және бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге 6 ай мерзімге тыйым салынды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын әрі қарай орындау шеңберінде тауарлардың нақты қолжетімділігін жақсарту, бағалық реттеу, мемлекеттік бақылау шараларын енгізу бойынша бірқатар шараларды, сондай-ақ инфляцияны төмендету бойынша жүйелі шараларды жүзеге асыру ұсынылады.
Бірінші бағыт шеңберіндегі шаралар көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруды ұлғайтуды, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау тетігін жетілдіруді, бірқатар салада импорт алмастыратын жобаларды іске асыруды және басқа да іс-шараларды қамтиды. Екінші бағыт шеңберіндегі шаралар көмір бағасының өсуіне жол бермеу жөніндегі шараларды қолдануды, коммуналдық қызметтер бағасын көтеруге мораторийді, шекті бағалардың болжамды дәлізін айқындауды қамтиды. Үшінші бағыт шеңберіндегі шаралар белгілі бір нарықтардағы бағалар мониторингінің нәтижелері бойынша монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдауды, мұнай және мұнай өнімдері нарығындағы делдалдық буынды қысқартуды және биржалық сауданы дамытуды қамтиды.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында министрлік азық-түлік тауарларының негізгі түрлерімен ішкі нарықты молықтыру үшін мынадай бірқатар жедел және жүйелі шаралар қабылдауда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігін қамтамасыз ету мен бағаны тұрақтандыру мақсатында ведомство тауарлар экспортын тарифтік емес реттеу шараларын қабылдауда, олар: 2022 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімге күнбағыс дәндері мен күнбағыс майы экспортына сандық шектеулер; 3 ай мерзімге картоп пен сәбіз экспортына тыйым салу; ірі қара мен ұсақ малды шығаруға 6 ай мерзімге тыйым салу; жем-шөп шығаруға тыйым салу.
Маусымаралық кезеңде импорттық жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуді ұйымдастыру мүмкіндігі пысықталып жатыр. Ішкі нарықта азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, бірінші кезекте, көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу қажет. «Облыстардың деректері бойынша 2022 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,9 млн гектар алаңға орналастыру жоспарлануда, бұл 2021 жылғы деңгейден 13,5 мың гектарға артық» деді Е.Қарашөкеев.
Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, оның ішінде ерте пісетін көкөністер мен ӘМАТ өндіру үшін «Кең дала» бағдарламасы арқылы республикалық бюджеттен фермерлерге жеңілдікті кредит беруді 140 млрд теңгеге дейін ұлғайту мәселесі пысықталуда. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге арзандатылған дизель отынымен қамтамасыз ету мәселелері шешіліп жатыр.
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде инфляция мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, бағаны тұрақтандыру міндетін қойғанын атап өтті. «Инфляция деңгейі былтыр қыркүйектегі 8,9%-дан желтоқсанда 8,4%-ға дейін төмендеді. Бірақ бұл да жоғары көрсеткіш. Бұл адамдардың сатып алу қабілетін төмендетіп, жалақыларының құнсыздануына әсер етеді. Тұтастай алғанда, мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саясатының тиімділігін төмендетеді. Сондықтан инфляция мен баға тұрақтылығына ерекше маңыз беріліп отыр» деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы азық-түлік тауарларын өндіру көлемін арттыруға, ішкі нарықта тауарлардың жеткілікті болуына, энергия көздеріне баға белгілеу тетігі мен ақылы қызметтердің тарифтерін қайта қарауға мүмкіндік беретін жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне монополияға қарсы шара қолдану және делдалдық схемаларды тексеру бойынша жұмысты күшейту тапсырылды. «Біз жауапсыз сатушылар мен алыпсатарларға бағаны негізсіз өсіру есебінен пайда табуға жол бермеуіміз қажет» деді Ә.Смайылов.
Өңірлердің әкімдіктеріне үстеме баға мен шекті бағаны бақылау жұмысын күшейту, Қаржы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, нақты тауарларды импорттау немесе өндіру кезінен бастап оларды сатуға дейін міндетті түрде электронды шот-фактураларды жазып беру бойынша қанатқақты жобаны жүргізу мәселесін пысықтау тапсырылды, бұл алып-сатудың әрбір деңгейінде үстеме бағаға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.
Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен тұтыну көлемін есептеп, қажет болған жағдайда сыртқа сату бойынша шектеулер қою тапсырылды.
Энергетика министрлігіне бір ай ішінде мұнай өнімдерін өндіру және сату құрылымын реформалау бойынша заңнамалық түзетулерді дайындау тапсырылды. «Мұнай өнімдерін жеткізу тізбегін қысқартып, баға белгілеу практикасын талдау қажет» деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, көмір бағасын өткен жылғы деңгейде сақтап қалу үшін заңға сәйкес шаралар қабылдауды тапсырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне толық жұмыс істемей тұрған немесе тоқтап тұрған тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына мониторинг пен талдау жүргізіп, олардың толықтай жұмыс істеуі үшін шараларды іске асыру тапсырылды.
Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы 1 ақпанға дейін Үкіметке Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін енгізу тапсырылды.