Алдыңғы тәулікте Шығыс Қазақстан облысында коронавирус инфекциясының 213 жағдайы тіркеліп, «қызыл» аймаққа» енді. Өңірдегі ахуалға байланысты облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алиннің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
17 қаңтарда өңірдің бас санитарлық дәрігерінің кезекті қаулысы шықты. Облыстың «қызыл аймаққа» өтуіне байланысты осы күннен бастап, облыстың білім беру объектілері өз қызметін жаңа жұмыс режімінде жалғастыратын болады. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алиннің айтуынша, вакциналаудың толық курсын аяқтаған 9, 11-сыныптар – штаттық форматта, ал қалған оқушылар қашықтан оқытуға көшіріледі. Сыныпта коронавирустың бір жағдайы тіркелсе, сынып түгелдей 14 күн үй карантиніне оқшауланады.
– Колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін аралас оқу форматы бекітілген. Яғни дәрістер онлайн форматта, ал тәжірибелік, зертханалық, семинарлық сабақтар штаттық режімде жүргізіледі. Оқу орны әкімшілігінің шешімі бойынша вакциналаудың толық курсын аяқтаған студенттерді штаттық режімде оқытуға рұқсат беріледі, – дейді Ғ.Алин.
Енгізілген шектеулер елдегі және облыстағы эпидемиялық жағдайды тұрақтандыруға, аурулар санын азайтуға, неғұрлым қатаң шектеу шараларын енгізуге жол бермеуге бағытталғаны белгілі.
Сөйтіп, Ashyq жобасына қарамастан бірқатар нысанның қызметіне тыйым салынды. Атап айтсақ, 20 қаңтардан бастап, концерт залдарының, театрлардың, цирктердің, филармониялардың қызметі тоқтатылды. Діни нысандарда, ұжымдық іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Сонымен қатар конференция, семинар, көрме, форум өткізуге де болмайды. Түнгі клубтардың қызметі де тоқтайды. Ал жеке кездесулерге келер болсақ, вакциналанған 10 адамға дейін рұқсат берілген. Ashyq жобасында «жасыл» мәртебесі бар азаматтар спорттық-сауықтыру орталықтарына, фитнес-орталықтарға, йога-орталықтарға, моншаларға, сауналарға, бассейндерге кіре алады.
Індеттің таралуына тосқауыл болу үшін облыстағы «Ауыл», «Уба», «Бақты», «Майқапшағай» автожолдарына 4 санитарлық бекет қойылатыны хабарланды. Бұл шара облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері жариялаған қаулы бойынша іске асырылады. Қаулыда «Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінен темір жол, теңіз, өзен көлігінде және автоөтпе жолдарында келетін адамдарға қатысты шектеу шараларына сәйкес Қазақстанның мемлекеттік шекарасы арқылы автоөтпе жолдарына «Ауыл», «Уба», «Бақты», «Майқапшағай» (Бородулиха, Зайсан, Шемонаиха, Үржар аудандары бойынша 1 бірліктен) өткізу пунктерінде 4 санитарлық бекеттің жұмыс істеуін қамтамасыз етсін» деп жазылған.
Айта кетсек, қаулы 2022 жылғы 17 қаңтардан бастап күшіне енеді және оның ресми күші жойылғанға дейін қолданылады. «Қызыл аймақ» бойынша көзделген нысандардың қызметін шектеу шаралары 2022 жылғы 20 қаңтардан бастап Шығыс Қазақстан облысының барлық аумағында қолданыла бастайды.
Шығыс Қазақстан облысы